Ел іші

Вакцинаны балалардың ағзасы көтере ала ма?

Вакцина тақырыбы әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Енді оны балалар мен емізулі аналарға да салатыны жайлы айтылып жатыр.

Ересек адамдардың өзі зорға көтеріп жатқан вакцинаны бұғанасы қатпаған балалардың ағзасы қалай қабылдар екен?

Қазір көпшіліктің көңілі осы жайға күпті болып тұр. Онсызда үрей үстінде отырған ата-аналардың жүйкесін өткен аптада тараған видео тағы да жұқартып кетті. Онда мектепте балаларға рұқсатсыз вакцина салып жатыр делінген. Осыған байланысты жер-жерлердегі ата-аналар чатында бұл тақырып қызу талқыға түсті.

Мұғалімдер: «Әзірге мектеп оқушыларына вакцина салынады деген ақпарат бізге келген жоқ. Тынышпыз, қорықпаңыздар. Келген күнде де вакцина мектеп қабырғасында салынбайды. Ешкім де ата-анасының рұқсатынсыз балаға вакцина еге алмайды», – деп ата-аналарды сабырға шақырса, ата-аналар: «Балаларымыз мектепте оқымаса оқымай-ақ қойсын. Салдырмаймыз», – десті бір ауыздан.

Балаларға вакцина салдыруға барлық дерлік ата-аналар қарсы. Мұны тіпті мұғалімдердің өздері де қолдап отырған жоқ. Әрине, күнкөрісіне жарап отырған жалақысынан айрылып қалмау үшін көп мұғалімдер мұны ашып айта алмайды. Дей тұрғанмен ел ішінде ойын батыл жеткізетін мұғалімдер де жоқ емес.

Солардың бірі Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Амангелді мектебінің бастауыш пән мұғалімі Ләззат Төлемісова Түркістан облысында өткен бір жиында вакцинаға қатысты өз ойын ашық білдірді. Бейнежазбасы әлеуметтік желіде жарияланған. Біз жанашыр ұстаздың көкейге қонымды ойын қағазға түсіріп, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

«Біз саяси сауатсыздығымызды мойындауымыз керек. Халықта саяси сауатсыздық бар. Үрзия Оразалиева деген әлеуметтік желі қолданушысы сұрақ қойып отыр: «Вакцинаны жұмыссыз отырғандарға да салдырып жатыр. Кім жауап береді екен, банктерге кіргізбей қойды емес пе?» – дейді. Тағы бір сұрақты Мұсырман Бамұратов деген қойыпты: «Кезінде ерікті түрде деген еді. Сосын міндетті болып қалды. Кімге сенеміз?» Мен де дәл осы сұрақты қоямын. Мен вакцинаның екі сынамасын да салдырдым. Өте ауыр өтті. Ыстығым көтерілді, кәдімгідей бас ауру, жүрек айну болып жатып қалдым. Салдырған себебім – біз індет таратушы болып есептелеміз. Жан-жағымызды сақтауымыз керек. Мен үлкен болғаннан кейін көтерем деп салдырдым. Сол кездерде менің де саяси сауатым төмен болған.

Балаларға екпе ектіруге мен тіс-тырнағыммен қарсымын. Өйткені мен вакцинаның қалай әсер ететінін көрдім. Дәл қазір дәлелді дәйектерді алға тарта отырып, салдырса мынадай болады, соңы мынаған әкеп соғады деп әрдайым әлеуметтік желілерде маман ретінде хал-қадерлеріңізше түсініктеме беріп отырсыздар. Бірақ «жоқ, ондай емес, мынадай жағдайда мынадай болады, оның нәтижесі міні» деген түсініктеме жоқ. Біз әлі ондай нәрсені көрген жоқпыз.

Тағы бір мәселе, қазір мектепте ауырмай жатқан жоқ емес, ауырып жатырмыз. Әлеуметтік желі арқылы көріп отырмын. Бір сыныпта бір бала ауырса, сол сынып қана карантинге жабылады екен. Ол бас санитардың қаулысында тұр. Неге? Оған қанша мұғалім сабақ береді. Қанша техперсоналдар ол сыныпты тазалайды. Ол сыртқа шығып, аулада қанша баламен ойнайды. Былтыр мен тұратын елдімекеннен бір адам ауырса, сол ауыл карантинге жабылып,  блокпостар қойылды. Сол кезде ауру мұншалықты өршімеп еді. Ал қазір бүгін бар адам ертең жоқ. Бірақ еш жер карантинге жабылып жатқан жоқ.

Үшінші мәселе, мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесі онлайн-форматта өтті. Педкеңестер де онлайн форматта өтеді. Ал оқушылар сабақты оффлайн өтіп жатыр. Үлкен қалаларда негізгі пәндер оффлайн форматта, эстетикалық, шығармашылық пәндер онлайн форматта өтіп жатыр. Бізде жалпы оффлайн форматта өтуде. Мұның сыры неде?

Біліктілігін арттыру үшін курстар да онлайн өтеді. Ал біздің кішкентай сәбилеріміз мынадай қауіпті кезеңде дәл оттың ортасында жүр деп айта аламын. Менің осыған жүрегім ауырады. Анамын ғой. Менің де төрт перзентім, отбасым, екі немерем, екі келінім бар. Әр бала менің балам. Ұстаз ретінде емес, ана ретінде айтар едім, баланы сақтаудың бірден-бір жолы – сабақты онлайн өту. Мен де баланың оффлайн форматта білім алғанын жақсы көремін. Біздің келешегіміз білімді ұрпақтың қолында. Оны білмейтіндей мен сауатсыз, санасыз емеспін. Ал қазіргі мынау қауіпті кезең оны көтеріп тұрған жоқ. Мен өткенде ашынған кезде сауатты мутанттар қажет емес екен деп айттым. Сынамаға балаларды бере алмайды екенмін.

Тағы бір сұрақ, әрқайсысымыздың иммунитетіміз әртүрлі. Салмағымыз да әртүрлі. Жалпы, біздің ағзамыз әртүрлі. Әркім әртүрлі қабылдайды. Мысалы, баяғы өзіміздің қарапайым тұмауымызға зар болып қалдық қазір. Біз қазір сол тұмауға зәрліміз. Сол тұмаудың өзі біреуге жұғатын, біреуге жұқпайтын. Оны біреу қабылдайтын, біреу қабылдамайтын. Қазіргі адамдардың санасында осы нәрсе тұр. Әркімге әртүрлі әсер етеді деген.

Менің анамның өкпесі 25 пайыз зақымданып, ауруханаға жатқызды. Өз аяғымен барды. Барғанға дейін кішкене ұмытшақтық болды. Барғаннан кейін ол кісі менен басқаны мүлдем танымайтын дәрежеге жетті. Дәрігерлерді кінәламаймын. Жақсы қарады. Аппаратпен демалдырды. Мен ауруханаға барып терезеден қараймын. «Мама, қалайсыз? Жақсысыз ба?» –деймін. «Мені әкетші», – дейді. Осы сөзді естігенде ана жерден кете алмаймын, жүрегім ауырады. «Әкетем қазір. Жыным келсе терезеден жұлып алып, арқама саламын да әкетемін», – деймін.

Мен кете салысымен мейірбике қарап жүрді обалына не керек. Алла разы болсын оларға. Менің шешем оларға «қазір қызым келеді де мені арқасына салып әкетеді» дейді екен. Ауырғанға дейін шешем жасы жетпіс бесте болса да елулердегідей тың еді. Есінен айрылды. Есінен айрылғаннан кейін бір апта бойы ауруханада жатырмын деген ой санасында тұрды. Кәдімгі есалаң адамдай есі ауысып кетті. Бір аптадан кейін есін жиды да менің таңқалғаным, мен сенен басқа адамды танымай қалдым деді. Екі апта больницада жатты, біреуі есінде жоқ.

Енді қараңыздар, менің күлкімнің келген жағдайы. Ковид-19 дегенді кәдімгі туберкулездің туысқаны деп түсініп жатырмыз ғой қазақша айтқанда. Өкпе ғой өйткені, өте жұқпалы, өте қауіпті, сақтаныңдар деп жатыр. Бірақ менің анам жатқан аурухананың бірінші қабаты кәдімгі осындай жұқпалы аурулар, екінші қабаты терапия, үшінші қабатта  перзентхана, төртінші қабаты хирургия. Бәрі бір ауруханада. Күлесің ба, жылайсың ба, өзің біл. Хирургия, жұқпалы аурулар, терапия, роддом бәрі бір жерде. Кезінде біз туберкулезге арналған ауруханаларды елдімекеннен жыраққа салған жоқпыз ба? Бұл ауыл ортасында тұр. Палаталардан бір-біріне ауру жұқпай ма?»

Жетісайлық мұғалім осылайша көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарды қойды. Сөзінің жаны бар. Шынында да өкпесі пәлен пайыз зақымданды деген адамдардың жалпы ауруханада емделіп жатқаны ақылға қонымсыз. Сосын бас санитар қазан айында індеттің күшейетінін екі-үш ай бұрын айтып, енді неге ірі қалаларды қызыл аймақтан шығарып жатыр. Оқушылар неге оффлайн оқуын жалғастыруда? Вакцинаны балалар мен бала емізетін әйелдерге егу тым қауіпті емес пе? Балаларды қынадай қырып алмаймыз ба? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Г. ТҰРАРБЕК.  

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button