Ел іші

Той істеуге бола ма?

27-қыркүйектен бастап елімізде осыған дейін тыйым салынып келген бірқатар шаралардың өткізілуіне рұқсат берілді.

Атап айтқанда, енді той жасай беруге болады. Бұл елімізде «Ковид-19» індетіне байланысты ахуалдың біршама оңалуына байланысты мүмкін болып отыр. Дегенмен  той-томалаққа баратындардың «Ashyq» қосымшасы бойынша «Қауіпсіз» деген дәрежесі болуы тиіс. Сондай-ақ адам санына да тиісті шектеу қойылған: «қызыл» аймақтағылар тойға 50 адамға дейін, «сарыдағылар» – 70, «жасыл» аймақтағылар 100 адамға дейін шақыра алады. Осындай шектеу адам көп жиналатын концерт, форум, конференция сияқты іс-шараларға да қатысты.

Енді мешіттегі  діни шараларға, жұма намазына да бара беруге болады. Бірақ «қызыл» аймақтағыларға нысанның 20 пайыздан артық аумағын толтыруға болмайды. «Сары» аймақтағыларға іс-шара өтетін орынды 30 пайызға, «жасыл» аймақтағыларға 50 пайызға толтыруға рұқсат.

Мұражайларда көрме ұйымдастыруға да болады. Бірақ жиналатын адам саны «қызыл», «сары» және «жасыл» аймақтарда тиісінше – 200, 300 және 500 адамнан аспауы тиіс. Яғни олар көлеміне қарай ғимараттың 70 пайыздан асқан аумағын қамтымауы керек.

Спортпен айналысатындар үшін де бірқатар жеңілдіктер жасалған. «Жасыл» статусы барлар ашық аумақтағы жүгіру жарыстарына 1 мың адамға дейін қатыса алады. «Сары» және «қызыл» аумақтағылар үшін қатысатындар саны 800 және 500 адамнан аспауы тиіс деп бекітілген. Көрермен ретінде спорттық шараларды тамашалауға, оған жанкүйер болуға баратындар үшін де белгіленген тәртіп бар. Нысан орналасқан аумақтың «түсіне» қарай олар да тиісінше 50, 70 және 80 пайыздан артық толмауы тиіс. Ал спорт кешендері мен спорттық-сауықтыру орталықтарының толу көлемі тиісінше ғимараттың 20, 30 және 50 пайызынан аспауы керек.

…Міне, осындай кеңшіліктер жасалып отыр. Сондай-ақ еліміз 16 мемлекетпен арадағы әуе қатынасын жандандыратын болды. Яғни Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия, Ресей, Қытай, Корея, Германия, Италия, Венгрия, Польша, Чехия, Кувейт, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Шри-Ланка және Мальдив аралдарымен әуе қатынасы ұлғая түсетін болмақ. Елімізге эпидемиялық жағдайы оңалған 30 мемлекеттен адамдар келе алатын болады.

Н. ЖҮНІС.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button