Ел ішіМаңызды мәселе

Студенттер арзан пәтер іздеп жүр

Биылғы оқу жылының офлайн-режимде басталуы қалаларда жалға берілетін пәтер бағасының қымбаттауына да жол ашты десек болады. Қалайда қосымша кіріс көруді көздеген жұрт іздегендерге пәтерін қымбат ақыға беріп жатыр.

Кешегі күні Шымкенттің «Самал» шағын ауданында пәтер іздеп жүрген бірнеше жас қыздарға ұшырасып қалып едік. Жоғарғы оқу орнында оқитын студент қыздар екен. «Пәтерлер қымбаттап кетіпті. 30-40 мың теңгенің төңірегінде тапсақ деп іздеп жүр едік. Қаланың ішінде сұмдық қымбат, бір айға 100 мың теңгеден кемі жоқ. Сосын шет жақтардан 20 мың теңгеге «времянкалар» табуға болады дегенді естіп, іздеп жүрміз. Ана бір үйде 25 мың теңгеден тұрып жатқандар бар екен. Сондай бір үй іздеп аяғымыздан тоздық», – дейді олардың пысықтау біреуі.

Өзі шаршап келе жатқан жастар бұдан әрі әңгімелесуге құлқы болмай, жан-жақтарына мойын соза қарайлаумен ұзай берді. Олардың осы түріне қарап көңіліміз құлазып кеткендей болды. «Іздегендерің тезірек табылсын!» – деген тілек білдірдік.

Сосын әлгі қыздар нұсқаған үйге барған едік. Ол бір аулаға қарама-қарсы етіп салынған екі «времянка» екен.  Сыртқы есіктерінің бірнешеу болуы онда бөлек пәтер жалдаушылар тұратынын аңғартады. Аула шетіндегі тартылған сымға жаялық жайып жатқан жас келіншек көзге шалынды.

«Бұл жерде сегіз «квартирант» тұрамыз. Сентябрь айына дейін 20 мың теңгеден төлеп келген едік, бұдан былай 25 мың теңгеден төлейтін болдық», – деді ол сөзге тартқанымызда.

Бұл үйдің иесі басқа жақта тұрады екен. Пәтер жалдаушылардың арасында жас отбасылар көбірек, олардан басқа бірер студент, жұмысшылар бар. Яғни мұнда жалға деп сегіз пәтер беріліп тұр. Кейбірі екі бөлмелі. Пәтердің коммуналдық қызмет ақысын бөлек төлейді екен. «Жарық, су, газ – бәрі бар. Эконом жасағаныңа қарай «комуслуга» әрқалай шығады. Бұрын 5 мың теңгенің төңірегінде еді, өткен қыста айына 10 мыңдай төлеп тұрдық. Биыл бәрі қымбаттап жатыр ғой, тағы да қосылатын шығар», – дейді ол.

Содан пәтер ақысы қандай болып жатыр екен деп бірқатар жарнамаларға көз жүгіртіп көрдік. Байқауымызша, 25 мың теңгеге жалға пәтер берушілер жоқтың қасы сияқты. Соған қарағанда бұрыннан тұрып, орнығып қалғандар болмаса, таяу арада мұндай арзан пәтер тапқандар аз-ау деп қалдық.

50 мың, 60 мың теңгеге пәтер берушілер аз, ал одан сәл-пәл арзан, 30 мың, 35 мың, 40 мың теңгеліктері сирек те болса қаланың шеткі аумақтарынан, сондай-ақ қаланың орталық аумағындағы ескі көпқабатты үйлерден табылады. Ал басқалары кемі 70-80 мың сұрайды.

Мысалы, біз Шымкенттің «Тұран» шағын ауданындағы бір бөлмелі пәтер иесімен хабарласқанымызда ол пәтеріне 70 мың теңгеге адам алып қойғанын айтты. 21-ші шағын аудандағы бір үй иесі екі бөлмелі пәтерін 80 мың теңгеге жалға беретінін білдірді. Ал осы төңіректегі бір бөлмелі пәтер иесі оны айына 85 мың теңгеге жалға бермек. «Аялдамаға жақын, төңіректе балабақша, мектептер бар, пәтерге «ремонт» жасалған», – дейді ол.

Қаланың Гагарин көшесінде тұратын бір азамат үш бөлмелі пәтерін ұзақ уақытқа жалға бермек ниетте. Пәтер жалдаушы айына 100 мың теңге төлеп тұруы тиіс. Ал «Қайтпас» жақтағы екі бөлмелі пәтер иесі оны айына 120 мың теңгеге жалға бермек екен.

Кей азаматтар 1, 2, 3 бөлмелі пәтерлерін 120 мың, 130 мың, 140 мың теңгеге жалға беретінін айтып жарнама берген. Ал қаланың жаңа іскерлік-әкімшілік аумағындағы 9 қабатты үйдегі екі бөлмелі пәтердің иесі оған «квартирантты» айына 200 мың теңге төлейтін етіп кіргізбек ниетте екен. Қонаев – Төреқұлов көшелері қиылысындағы көпқабатты үйдің екі бөлмелі пәтер иесі оны айына 350 мың теңгеге жалға беретіні жөнінде жариялапты.

…Қысқасы, бүгінде Шымкентте жалдап тұруға пәтер іздеп жүргендер аз емес. Осыған орай үй иелері пәтер бағасын қымбаттатып отыр. Бұл түрімен пәтер ақысы алдағы уақытта да қымбаттай түсетін сияқты. Өйткені күнделікті тұтыныстағы азық-түлік бағасының күннен-күнге артып отырғаны мәлім.

Б. РЫСҚҰЛ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button