Ел іші

Сіздің атыңызды жамылып ақша сұрайды

Күн сайын алаяқтықтың түр-түрі шығып жатыр. Тіпті алаяқтық жоқ саланың өзі жоқ секілді көрінеді. Енді олар адамдарды әлеуметтік желі арқылы алдауға көшіпті.

Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, жыршы Ләйлі Құндақбайдың атын жамылып, белгісіз біреу оның таныстарынан 150 000 теңге сұраған. Абырой болғанда таныстары ақша салмастан бұрын, өзіне хабарласып, анығын сұрап, алаяқтың жолын кескен.

Оқиғаның мән-жайын сұрағанымызда Ләйлі Шегебайқызы былай деп жауап берді: «Кеше кешкісін Жансая, Венера, Майра есімді бір чатта отыратын таныс қыздарға менің суретімді авасына қойған біреу ақша сұрап жазыпты. Жансая деген танысымды «Жансаяш» деп еркелетіп, 150 000 теңге салып жберші депті. Жансая одан: «Мынау сіздің нөмір ме?» деп сұраса, «Иә, жаңа нөмірім» деп жауап беріпті. Суретімді әлеуметтік желіден алып қойған-ау шамасы. Қыздар ол адамның мен емесімді біліп қойып, өзіме хабарласты. «Орысша әріптермен, қате-қате жазып, мына бір нөмір бізден ақша сұрап жатыр» деп жазғандарын скриндеп жіберді.

Оның нөмірін алған бойда өзіне аудиомен де, видеомен де қоңырау шалдым. Тұтқаны көтермеді. Сосын бұл әрекеті үшін заң алдында жауап беретінін «уатсап» арқылы жазып жібердім. Өзге таныстарымды да алдамас үшін фейсбук әлеуметтік желісіне ескертіп жаздым. Полицияда істейтін таныстарымнан мұндайда не істеуге болатынын сұрап едім, олар тіркелмеген нөмірді табу қиын екенін айтты. Негізі сәл асығыстық жасаппыз. Ақша салатын нөмірді сұрап алып, сол арқылы іздеу керек пе еді?

Бұдан бұрын өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, алаяқтар менің атымнан несие рәсімдемекші болған. «Банк қосымшасына біреулер шабуыл жасамақшы болыпты, соны түзету үшін былай істеңіз» деп жөн көрсетпекші болды. Мен оның алдап тұрғанын бірден сездім. Өйткені банк қызметкерлерінің клиентпен қалай сөйлесетінін жақсы білем. Халық банкінің қосымшасын өзгертіңіз деп хабарласқан адам авасына Халық банкінің «значогын» қойып, статусына «Консультация 21\1» деп жазып қойыпты өтіріктен. Адамдарды алдау үшін тапқан амалы ғой.

Каспий банктегі шотымнан ақша алғысы келіп хабарласқан алаяқты да бірден біліп, банк карточкам мен нөмірімді бұғаттап құтылған едім. Банк қызметкерлері өзіміз туралы ақпаратты көп жерлерге жаза бермей, құпия сақтау керектігімізді айтады.

Негізі алаяқтар мәліметтерді әлеуметтік желілерден, интернет-дүкенде сауда істегенде, смартфонға қосымшалар тартқан кезде жинап алады екен. Мұндайды студенттер немесе түрмеде отырған хакерлер істеуі мүмкін дейді білетіндер. Сенің суретің тұрған нөмірмен хабарласып, ойда-жоқта ақша сұраса жанашыр адам білмей қалып, салып жіберуі де мүмкін ғой. Сондықтан мұндайда өте мұқият болу керек».

Ләйлі Шегебайқызымен әңгімелесіп болғасын оның таныс құрбысы Жансая Аманбекқызымен де сөйлестік.

«Алаяқтар адамды алдау үшін әдейі беймезгіл уақытты пайдаланады-ау деймін. Бұдан бұрын да тура осындай оқиға болған. Ол кезде Райхан есімді танысымыз болып, 50 000 теңге сұраған еді. Чатта отыратын бірталай қыз-келіншектерден сұраған. Түн болып қалған уақытта. Ақшасы болмай тұрғанын айтса, барын бере берші, қысылып тұрмын деп ақша аударатын нөмірді жіберген. Кейбір қыздар байқамай, он, он бес мың теңгеден аударып жіберген еді. Ол кезде алаяқтықтың мұндай түрі барынан әлі хабарымыз жоқ еді. Бастан бір рет өткесін осы күні пысыдық. Күлкім келетіні, бізді байып кетті деп ойлады ма екен, бағаны 50 000 теңгеден бірден 150 000 теңгеге көтеріп жібергені болып тұр».

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, алаяқтар енді әлеуметтік желіні де жақсы пайдаланып жатыр екен. Ақшаларыңызға абай болыңыздар!

Г. СҰЛТАН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button