Ел іші

Тергеушілер не үшін төбелесті?

Шымкентте экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері мейрамхана алдында бір-бірімен төбелескен. Басшысын ұрып құлатқан тергеуші қамауға алынды. Ал қол астындағы қызметкерден таяқ жеген Бақтияр Ахметжанов ес-түссіз ауруханада жатыр, деп хабарлайды «Zamana.kz» ақпараттық порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

Оқиға 8-мамыр күні болыпты. Думандатып жүрген тергеушілер есік алдында сөйлесіп тұрған. Осы кезде 2-ші жедел басқарманың бастығы Бақтияр Ахметжанов Мырзабек Тойлыбаевқа жұдырық ала жүгіреді. Соққыдан қашып үлгерген тергеуші Ахметжановтың өзін ұрып жығып, баспалдаққа баспен құлатқан. Ауыр жарақат алған бастық ауруханада жатыр. Ал жұдырығы жуан тергеуші қамауға алынды.

Тергеушілерге қатысты Қаржы мониторингі агенттігінің өзіндік қауіпсіздік қызметі тергеу жүргізіп жатыр. Тәртіп сақшылары да істің ақ-қарасын анықтау үстінде.

«Бұл іс 8 мамырда Шымкент қаласы әл-Фараби АПБ-да ҚР ҚК-ның 106-бабы 1-бөлігімен тіркеуге алынды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында. Соталды тергеу амалдары жалғасып жатыр», – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкеріне қатысты соталды тергеу басталғаны хабарланған болатын.

«Замана»-ақпарат.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button