Ел ішіЖағымды жаңалықтар

Құлпынайға қарық боламыз ба?

Шымкентте құлпынайды пластик пакеттерде өсіретін ерекше жоба қолға алынды.

Шымкент қаласында тұрғындарды жидек өнімдерімен қамтамасыз ету үшін  биыл алғаш рет 0,5 га жерге жаңа әдіспен құлпынай өсіріле бастады. Онда ғылым мен техникалық жетістіктерді қолдану арқылы «Альба» және «Клири» сұрыптары егілген.

Инновациялық жоба шаруаларға қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мен кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен семинарда практикалық негізде көрсетілді.

Бұл жоба – үй іргелік жерлерді игеріп, қала халқының табысын арттыру және тұрғындарды құлпынай өнімімен қамту мақсатында қолға алынды. Мамандар құлпынайды жылыжайда пластик пакеттерге отырғызу арқылы көп өнім алуға болатынын айтады. Құны бойынша да бұл технология әлдеқайда арзан екен. Құлпынайды өсіру үшін тамшылатып суару әдісі қолданылады.

Қазіргі уақытта құлпынай өнімдерінің 70-90% жеке қосалқы шаруашылықтарда егіледі. Алайда олар заманауи технологияларды қолданбауынан өнімділік төмен және тек маусым аралық мерзімде ғана өсіреді. Негізінен Қазақстан бойынша құлпынай бизнесі дамымаған, нарықта көбінесе импорттық құлпынайлар сауда сөрелерінен табылады.

Мамандар бүгінде жидек дақылдарының, оның ішінде бақша құлпынайының ассортиментін кеңейту және өнімділігін арттыру проблемасы өте өткір екенін айтады. Сондықтан осы жобаны жүзеге асыру арқылы қала халқын отандық өніммен қамту мүмкіндігі артатынын жеткізді.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба сәтті жүзеге асатын болса, осы технология қаланың басқа да фермерлік шаруашылықтарында енгізілетін болады.

«Замана»-ақпарат.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button