Ел іші

Қазақтың саны қанша болды?

Биыл елімізде кезекті халық санағы өткізілгені мәлім. Әзірге оның нәтижелері туралы жариялана қойған жоқ.

Ал бүгінде қазақтардың саны қанша? Біз осы тұрғыда қазақ халқының әр кезеңдердегі өсімі туралы деректер қарастырып көрген едік. Кей деректерге қарағанда, қазіргі күндері ұлтымыздың жалпы Қазақстан тұрғындарына шаққандағы үлесі 70 пайызға жетіп тұр екен. Мүмкін одан да асқан шығар, ол енді биылғы халық санағының нәтижелері жарияланған кезде белгілі болмақ.

Ал қазақ халқының өз жерінде отырып азшылыққа айналған кезеңдері де болған. Біз қазақтардың Ресей империясы құрамында болған кезіндегіден бастап тәуелсіздік алған

бүгінгі күндерге дейінгі халық санақтарындағы демографиялық көрсеткіштерін шолып көрген едік. Сонда біраз жайларға көз жеткіздік.

Мысалы, осыдан 1 ғасырдан астам уақыт бұрын, 1897-жылы өткізілген халық санағында Қазақстанда тұрып жатқан 4 миллион 200 мыңдай адамның 81,7 пайызын қазақтардың құрайтыны көрсетіліпті. Ал 1914-жылы ұлтымыз өкілдерінің саны Қазақстанды мекендейтін халықтың жалпы санының 63,1 пайызын құрапты. Бұл кезде Ресей империясының батыс өңірлерінен келіп қоныстанған славяндардың үлесі 30 пайыздан асыпты. Осы аралықтағы отарлаушыларға қарсы көтерілістер кезінде қазақтар саны азая түскен, өзге елдерге көшіп кетудің алды сол кездері басталған сияқты. Қазақтардың өз жерінде отырып азшылыққа айналу процесі қарқын ала бастаған десек болады. Мысалы, 1916-жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің аяусыз басып-жаншылғаны, көтеріліс қамтыған аумақтағы халықтың қырғыннан аман қалғандары Қытайға ауып кеткені тарихтан белгілі.

Одан кейін Ұлы Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, елді ұжымдастырып, отырықшылыққа айналдыру, байлардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аудару, саяси қуғын-сүргін, Екінші Дүниежүзілік соғыс сияқты алапаттардың орын алғаны мәлім. Қазақ халқы осының бәрін басынан өткерді, миллиондаған адамынан айырылып, өз жерінде азшылыққа айналды.

Мысалы, ресми деректерде 1925 – 1934-жылдар аралығында Қазақстандағы қазақтардың 1 миллион 610 мың адамынан өлідей айырылғаны туралы мәліметтер бар. Бұл сан азайтылып көрсетілген болуы да мүмкін. Өйткені 1932 – 1933-жылдары бүкіл қазақ даласын қамтыған, қолдан жасалған сұмдық ашаршылық кезінде ғана 2 миллоннан аса қазақтың аштан қырылғаны туралы тарихшыларымыз айтып жүр. Тіпті бұдан да көп сандар келтіріледі.

Міне, осындай сұмдықтарды бастан өткерген қазақтың саны 1939-жылы Қазақстандағы жалпы халықтың 38 пайызын құрапты, ал 1959-жылы 30 пайызға дейін түскен. Яғни сол кездері елімізде тұрып жатқан әр он адамның үшеуі ғана қазақ болған деген сөз. 1897-жылғы 81,7 пайыздан 1959-жылғы 30 пайызға дейінгі аралықта қазақтың саны өз жерінде отырып ойсырап азайған. Әрине, бұл көрсеткіште осы аралықта Қазақстанға жоспарлы түрде көшірілген, өздері көшіп келген, зорлап қоныс аударылған ұлттардың да өзіндік үлесі бар. Дегенмен Қазақстандағы тұрғын халықтың басым бөлігін Ресейден, батыс өңірлерден келгендер құраған, соның ішінде орыс ұлтының өкілдері саны жағынан бірінші орында тұрған. Қазақтардың тұрғын халықтың тең жартысын құрауына 1970-жылдары ғана қол жеткен екен.

Жалпы, Қазақстандағы қазақтар санының артуы 1960-жылдардан басталған десек, қате болмайтын шығар. Себебі қазақ әйелдерінің 8 – 12 баладан өмірге келтіруі осы кезеңдерге сәйкес келеді. Осындай өсіп-өнудің арқасында, мысалы, 1987-жылы рекордтық көрсеткіш орын алыпты. Сол жылы елімізде 417 мыңнан астам сәби дүние есігін ашқан екен. Дегенмен кейін, 1990-жылдары елімізде бала туу көрсеткіштері біршама азайған. 2000-жылдардан ол қайта қарқын ала бастапты. Соның арқасында былтырғы жылы Қазақстанда өмірге 425 мың 600-ден астам сәби келіп, 1987-жылғы көрсеткіштен асып отыр. Биыл да одан асып түспесе, кем соқпайды деген болжамдар айтылуда. Бұл, әрине, жағымды,

қуанышты жағдай. Өйткені біздің жеріміз үлкен, әлемде 9-шы орында тұрмыз, ал халық саны жөнінен 64-ші орындамыз.

1999-жылы Қазақстандағы 16 миллионнан астам тұрғынның қазақтар 53,4 пайызын құраған. 2009-жылғы санақта қандастарымыздың тұрғын халықтың 63,1 пайызын құрайтыны белгілі болыпты.

Бүгінде Қазақстан халқының 19 миллион адамнан асқаны, соның ішінде қазақтардың саны 13 миллионнан асқаны туралы айтылып жүр. Әлемде 16 миллионнан астам қазақ бар деп айтылады.

Осы орайда біз Біріккен Ұлттар Ұйымының әлем елдеріне жүргізіп отырған санағына да көз жіберіп көріп едік. Онда бүгінгі күндері Қазақстанда 19 миллион 216 мыңдай адамның тұрып жатқаны жөнінде дерек келтіріліпті.

Т. ТҰРАН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button