Ел ішіЖаңғырық

Мал арзан, ет неге қымбат?

Еліміздің батыс өңіріндегі қуаңшылықтың салдары ет бағасына да әсер етпей қоймапты.

Жаз басында ел ішінде «шөп қымбат, енді еттің де бағасы көтеріледі, қойдың еті үш мың теңгеге дейін барады» деген әңгіме тарағанда сенгіміз келмеген. Алайда дәл қазіргі уақытта базардағы ет бағасы әжептеуір көтеріліп қалыпты. Шымкентте жылқы еті 2 800, сиыр еті 2400, қой еті 2 500 теңге болса, облыс орталығы Түркістанда қой еті 2 300, сиыр еті 2 400, жылқы еті 2 500, қазының бағасы 2 900–3 000 теңге төңірегінде сатылып жатыр. Ал мал базарда мал арзан екені  айтылып жүр. Сонда бұл қалай болғаны? Түркістан қаласының тұрғыны Сәкен Әбсеметовпен (суретте) әңгімеміз осы төңіректе өрбіді.

«Басқа қалаларды білмеймін, бірақ Түркістанда мал өте арзан болып тұр, –дейді С. Әбсеметов. – Бірақ бәрі бірдей емес. Арық малдар өте арзан. Семіз малдар қымбат. Мысалы, кешегі аптада Қызылорда, Арал, Атыраудан құлындар әкеліп 60-80 мың теңгеден сатты. Мұндай баға бұрын мүлдем болған емес. Сосын төрт түліктің ішінде ең арзаны буаз және бұзаулы сиырлар болып тұр. Себебі оны асырап-бағу қиын. Бұзауы болғасын семіртіп сойып, сата алмайды. Бұрынғыдай бағып отыра беруге жем-шөптің бағасы да аспандап тұр. Дәл қазіргі уақытта Түркістанда бір пресс жоңышқа 1 500 теңге. Күз түсті. Енді ора беретін шөп те жоқ. Алдағы уақытта шөп бағасы қымбаттай түспесе, арзандай қоймас. Бұл дегеніңіз еттің бағасы бұдан да көтерілуі мүмкін деген сөз. Базарда өз бағасын ұстап тұрған қысыр сиырлар. Оларды семіртіп сойып жіберуге болады.

Енді өткен базарда өзім көрген төрт түліктің бағасына тоқталар болсам былай: Қой бағасы 25 000 теңгеден басталады. Ал семіз қошқарлар салмағына қарай 60000 – 90000 теңге аралығында сатылып жатыр. Он литр сүт беретін, бұзаулы сиырды егесі  430 000 теңге деп тұрды. Бірақ алушы келсе, саудаласып, өзара келісетінін айтты. Бір қашарды иесі 140 000 теңге деп тұрған, саудаласа келе 105 000 теңгеге сатылғанын көрдік. Бұзаулардың да бағасы әртүрлі. Арық-семізіне қарай ғой. 53 000-70 000 теңге аралығында сатылып жатыр. Бойы 1, 60 метр болатын австралиялық голштейн деп аталатын асыл тұқымды бұқалардың бағасы 700 000 теңге екен.

Жылқылар әртүрлі. Жасына қарай 240000 – 400000 теңге аралығында алуға болады. Бұлар етті, союға жарайтындары. Ал көкпар шабатын, бәйге аттары 7-8-9 жасарлары бар екен. 7 жасар айғыр 1 200 000 теңге, 8 жасары 650 000, 9 жасарына 600 000 теңге сұрап тұр. Сауылатын құлынды биелер 650 000 теңге. Бір сауғанда бір литр сүт береді дейді иесі.

Базар бағасы осындай болып тұр. Семіз мал қашанда қымбат, өз бағасын жоймайды. Ал арзан малға ешкім де қызықпайды. Себебі оны семіртіп алуға екінің бірінің шамасы келе бермейтіні анық».

Біз ет бағасының көтерілуіне төрт түліктің шетел асып кетіп жатқаны себеп емес пе деп сұрағанымызда Сәкен Әбсеметов: «Дәл қазіргі уақытта шетелге мал сатылып жатқан жоқ, –деп жауап берді. –  Рас, бес-алты ай бұрын Өзбекстанға мал әкетіп жатқандар болған. Өйткені ол жақта мал бағатындарға берілетін субсидияның бағасы біздегіге қарағанда жоғары екен дейді. Алайда дәл қазіргі уақытта шекара жабық, шетелге мал жіберу тоқтап тұр. Заң бойынша шетелге тек асыл тұқымды еркек малдар ғана сатылады. Ұрғашы малды өткізуге болмайды. Бірақ қазіргі ет бағасының көтерілуіне малдың шетелге тасымалдануы емес, қуаңшылық, шөптің қымбаттауы себеп болып тұрғаны анық».

«Жесең тісіңе, жемесең түсіңе» кіретіннің көкесі енді болайын деп тұрған сияқты. Орташа жалақыға күні қараған қарапайым адамдар енді етті шынында да түсінде көрмесе деңіз…

Г. СҰЛТАН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button