Біздің сұхбатЕл іші

Малға күріштің кебегі де жем болуда

Бүгінде мал азығының құны «аспандап» тұрғаны мәлім. Мысалы, бүгінде Шымкенттің өзінде бидай кебегінің килосы 100 теңгенің, жоңышқаның пресі 1000 теңгенің айналасында. Ауылды жерлерде одан да қымбат.

Ал сіз малға күріштің кебегін беріп көрген бе едіңіз? Қызылорда, Алматы жақтарда, Шымкенттің төңірегінде оны кейінгі екі жылдан бері мал азығына қолданып келеді екен. Мұны бізге шымкенттік Әсет Иманқұлов есімді азамат айтты. Бұрын-соңды мұндай мал азығы туралы естімегендіктен біз Әсетке біраз сұрақтар қойдық.

– Күріштің кебегі дегенді бұрын естімеген екенбіз. Ол қандай болады? Оның мал жемі ретінде азықтық қуаты қандай?

– Күріш кебегін орысша «лузга», «шелуха» деп те атайды. Ол – күріш дәнінің қауызын ұсақтап, ұн тәрізді уатқан кебегі. Азықтық қуаты бидайдың кебегінікіндей емес, әрине, сондықтан күріштікінің бағасы біршама арзан. Бидайдың кебегінде ұн болады ғой, ал бұл тек күріш қауызының ұнтағы. Күріш кебегін бүгінде жұрт жем-шөпке бірге – бір қосып, яғни берілетін жем-шөптің жартысын құрайтындай мөлшерде қосып малға беріп жүр. Жем-шөбі аздар азықты үнемдеу үшін оны малға сол күйінде суға шылап, сабанға араластырып та береді.

Бұрын күріш кебегін негізгі өнімді өңдеп, тазалағаннан кейін қажетсіз қалдық ретінде қаладан сыртқа шығарып, өртеп тастап отырған. Сұраныс туындауына байланысты кейінгі екі-үш жылдан бері ол мал азығына пайдаланылып келеді.

– Алатындар көп пе?

– Бізден оны екі-үш жылдан бері Қарабұлақтың мал бордақылаумен айналысатын тұрғындары көптеп алуда. Басқа жақтан келіп алушылар да бар. Өзімнің де Алматыда тұратын жездем былтыр алып көрген. Екі жүк көлігімен жеткізіп берген едім. Ол кісі Ангус тұқымды ірі қара өсіреді. Күріш кебегін жем-шөпке араластырып пайдаланып жақсы нәтиже көрген соң оны биыл тағы да алмақ болып шешіпті.

– Күріш кебегінің килосы қанша тұрады? Оны қайдан алуға болады?

– Қызылордада арнайы цехымыз жұмыс істейді. Қазір біз осындай мал азығын күндігіне 15-20 тоннадан шығарып жатырмыз. Күріш зауытымен келісімге тұрғанбыз, шикізатты содан алып, өзіміз өңдейміз. Килосы 50 теңгеден. 1 тоннасы 50 мың теңге болады. Білетіндер бізден тонналап алып жатыр.

– Көбірек алса, арзандатыңқырап беретін шығарсыздар? Жеткізіп беру жағы қалай? Мысалы, Шымкентке 15-20 тонна әкету керек болса?

– 20 тоннасын 45 мың теңгеге алуға болады. Біз басқа жақтан келетіндерге жеткізіп беру жағын да ұйымдастыра аламыз. Шымкентке жеткізу үшін әр килосына 10 теңгеден қосылады. Мәселен, 50 мың тонна күріш кебегін Шымкентке 60 мың теңгеге жеткізуге болады дегендей, жолдың қашықтығына қарап есептеп, келісіледі.

– Зауытта күріш көп пе екен қазір? Оны негізі қай кезде жинайды? Биылғы өнім қандай екен?

– Биыл күріш түсімі орташа деңгейде деп естідік. Бұрынғы жылдардағыдан біршама аз сияқты. Қазір қамбалардан әкеп төгіп, өңдеп жатыр. Күріштен өнім жинау осыдан бір айдан аса уақыт бұрын аяқталған болатын.

– Күріш кебегіне сұраныс қандай енді?

– Сұраныс бар. Қазір бізге Шымкенттен келіп күріш кебегін тонналап алып жатқандар да жоқ емес.

…Міне, күріш кебегін сатумен айналысатын азамат осылай дейді. Мал ұстаған шаруаның біле жүргені артық болмас деп жұртты бұдан да құлағдар етуді ұйғардық. Өйткені мал азығының құны алдағы уақытта қазіргіден де қымбаттай түспесе, арзандайтынға ұқсамайды.

Н. ӘБДІ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button