Ел іші

Кореяда қара жұмыс істепті

Таяуда бізге Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істеп келген әйелмен әңгімелесудің сәті түскен еді. Бұл да бір өмірдің шындығы болғасын ол әйелдің айқан әңгімесін қаз-қалпында қағазға түсіруді жөн көрдік.

Шетелге шығу оңай емес екен

«Осыдан үш-төрт жылдай бұрын елдің бәрі Кореяға ағылып, жап-жақсы қаражат тауып келіп, материалдық жағдайларын түзеп жатты. Содан елдің істегенін біз неге істемейміз? Бір жағы табыс тауып, бір жағы ел көріп, жер көріп, қыдырып қайтпаймыз ба деп ойландық. Сол жақта жұмыс істеп жүрген танысымыз бар еді. Сонымен сөйлесіп, ақыры баратын болып шештік. Кореяға кірудің де өз заңдылықтары бар екен. Ұшаққа билетті барып қайтуға алуың, қалтаңда бес жүз доллар ақшаң болуы және отельге алдын-ала бронь жасап қоюың керек екен. Екі қызымды ертіп авиакомпанияға барып кассадағы қыздардан: «Кореяға барып келуге ең арзан билеттер қай уақытта болады? Бізге уақыты маңызды емес», – деп сұрадым.

Мамыр айы болатын. 17-мамыр күні барып-қайтуға үш билетті 490 000 теңгеге алуға болатынын айтты. Отель де соның ішінде. Қуанып кеттік. Сөйтіп ағайын-туған, дос-жаранның ешқайсысына айтпастан жолға шығып кеттік. Себебі ол жаққа еңбек визасы жоқ. Біз қыдырамыз деп өтірік айтып бара жатырмыз. Егер сезіктенсе, таможнядан өткізбей қайтарып жіберуі де мүмкін еді. Барып шекарадан өте алмай, қайтып келіп жатсақ, бекерге күлкі болмайық деген ой ғой.

Сонымен, 17-мамыр күні таңертең ертемен жолдасым бізді «Колос» аялдамасына апарып тастады. Сол жерден таможняға баратын таксиге отырып, Ташкентке бардық. Ұшақ кешкі онда ұшады. Оған дейін Ташкентті әбден аралап, бастан-аяқ киіндік. Салонға барып шашымызды қырықтырып, боятып, жеңіл-желпі макияж жасатып алдық. Себебі қыдыруға бара жатқан бай туристер секілді көрінуіміз керек қой. Қызықтың көкесі ұшаққа отырар кезде болды. Регистрация жасап жатқан кезде мені жібермей ұстап қалды. Себебін сұрасам: «Анкетада ақшаңыз барын көрсетпепсіз», – дейді.  «Енді не істеймін?» – десем, бір қағазды беріп: «Мынаны толтырыңыз да, ақшаңызды осында қалдырып кетіңіз. Қайтарда аласыз», – деді. Мен жолға ақша керек екенін айтып едім, тыңдамады. Ақыры олардың айтқанын істеуге тура келді. Сөйтіп әупірімдеп жүріп, ұшаққа отырып, жеті сағат дегенде Кореяға жеттік.

Үлкен қызымды өткізбей ұстап қалды

Ұшақтан түскесін адамдарды бөліп-бөліп әр кассаның алдына тұрғызып қояды екен. Мен қолымдағы құжаттарым мен ұшақтың билетін бердім де, шынымен қыдыруға барған адам секілді түр танытып тұра бердім. Бірақ өткізбей қойса не істеймін деп ішім қылпылдап тұр. Кассадағылар менің бетіме ұзақ қарап, қағазыма мөрін басып берді. Артынша екінші қызым келді: «Мама, қорқып кеттім ғой», – деп. Сонымен екеуміз бір шетке барып, үлкен қызымды күтіп тұмыз. Келмейді. Бір қарасақ, қызымды алып өтіп бара жатыр. «Подвалға» әкетіп бара жатыр ғой дедік. Онда барған адамдарды қайтадан ұшаққа отырғызып, кері қайтарып жіберетінін естігем.

Бір жақсысы, ол жақта барлық жерде тегін вайфай бар. Соны пайдаланып қызым «уатсапқа» жазды. Шынында біз ойлағандай «подвалға» кіргізіп жіберіпті. «Енді не болады?» – десем, қызым: «Білмеймін», – дейді. «Қасыңда адамдар көп пе?» – деп сұрап едім, «Иә», – деді. «Онда қорықпа, қызым. Қазір бәріңді ұшаққа отырғызып, кері қайтарады. Тек қалтаңдағы ақшаңа ие бол», – дедім. Ол «мақұл» деп қалды. Сосын қасымдағы қызымды ертіп алып, аэровокзалдың сыртына шықтық. Біз «Масанчи» деген ауылды жеріне баруымыз керек болатын. Сеулден тоғыз сағаттық жер екен. Соған автобусқа билет алайық деп кассаны іздеп бара жатсақ, бір қазақ жігіт қасымызға жүгіріп келіп, қазақшалап амандасты. Таң қалып, әрі қуанып кеттік. «Мұнда неғып жүрсіздер?» – дейді. «Қыдырып келдік», – дедім. Жөн сұрасып, біздің қайда баратынымызды білген соң жүгіріп кетті де екі билет әкеліп беріп: «Анау тұрған сағатқа қарап отырыңыздар. Билеттегі сағатты көрсеткенде осы жерге мынадай номерлі автобус келеді, соған мініп кетесіздер», – деді. Қанша төлеуім керектігін сұрап едім, «сіздерге сыйлығым болсын», – деп ақша алмады. Сөйтіп біраздан соң үлкен бір автобус келіп, қызым екеуміз соған отырдық.

Қайта табыстық

Автобуста вайфай тегін, теледидар қосулы. Бір жағы аман-есен өткенімізге қуансам, екінші жағынан үлкен қызымды уайымдап қоямын. Арада екі сағаттай уақыт өткенде қызым қоңырау шалып: «Қайда жүрсіздер?» – деп сұрады. Біз Масанчиге кетіп бара жатқанымызды айтып едім, ол «подвалдан» шығарғанын айтты. Аэровокзалда тұр екен. «Қалайша? Ол жерге кірген адамды Кореяға кіргізбейді деп еді ғой», – десем: «Менің аты-жөнімді айтып шақырды. Барсам психолог па білмеймін, бір еркек пен бір әйел мені жеке бір бөлмеге апарып, мұнда неғып келгенімді сұрады. Мен экскурсия жасауға келгенімді айтып едім, «сен әлі кішкентайсың, жалғыз қалай жіберді?» – деп сенбеді. Мен жалғыз емесімді, жанымда сіздер бар екенін айтып едім, бетіме ұзақ қарап, қағазыма мөр басып жіберді», – деді.

Біз екі сағаттық жол жүріп қойғанбыз. Соған қарамастан қызыма: «Сол тұрған жеріңде тұра бер. Қазір екі сағатта барамыз», – дедім. Сөйтіп автобустан түсіп қалып, кері қарай таксиге отырдық. Такси бір миллион вон сұрады. Мейлі деп сұрағанын беріп, аэровокзалға келсек, қызым жоқ. Қоңырау шалсам, телефоны сөндірулі тұр. Зәре-құтым қалмады. Жағдайды айтып, күйеуіме қоңырау шалсам, ол өзіме ұрыссын. Не істерімізді білмей тұрғанда қызымның телефоны қосылды. Қайда жүргенін сұрасам, бронь жасаған отельге барып ұйықтапты. Бізді күтіп шаршап кеткен ғой. «Дереу жет, біз аэровокзалда тұрмыз», – дедім. Қызым таксиге отырып демде келіп қалды. Сағат түнгі он екіден асып кеткен-тұғын. Түн ішінде ешқайда бара алмайтыныз белгілі. Отельге барып демалайық деп едім, қызым: «Жан-жағында мастар көп жүретін, нашар жер екен. Басқа жерге барайық», – деді. Сосын такси шақырып, бізді жақын жердегі арзандау отельге апаруын өтіндік. Сол жерде қонып, азанғы тоғызда Масанчиге кеттік. Ол жақта таныстарымыз күтіп алды. Пәтер жалдап қойған екен. Сонда барып, бір күн демалдық та, ертесіне жұмысқа шығып кеттік. Жұмысымыз – сарымсақ қырқу.

Ол жақта жерлестеріміз көп екен

Жұмысқа барсақ, бір ауыл кәдімгі өзіміздің Ақсукенттің адамдары. Қазақ-өзбек аралас. Ішінде жиырма жылдан астам сол жерде тұрып, жұмыс істеп жатқандары да бар екен. Ең аз дегендерінің өзіне алты-жеті жыл болып қалыпты.

«Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген бар емес пе? Сол айтқандай қай бір шекесі шылқып барғандар дейсіз. Неше түрлі тағдыр барын сол жерде жүргенде білдім. «Адам ит жанды» деген рас екен ғой. Басына түссе бәріне көнеді екен. Көнбегенде не істейді? Сол бастарындағы қиындықтарынан құтыламыз деп шетел ауып, үй бетін, тіпті біреулері бала-шағасы мен дүниеге келген немерелерін көруге зар болып, бас көтермей  жұмыс істеп жатыр.

Бір кісі түрмеге түсіп қалған баласын шығарып алу үшін жұмыс істеп жатыр екен. Енді бірі осында жұмыс істеп, жиған ақшасына елге барып үй сатып алғысы келетінін айтты. Үйсіз-күйсіз, пәтер жағалап, әркімнен ұрыс естіп шаршағанын да жасырмады. Көлік алмақ боп жұмыс істеп жүргендер де көп. Бизнес ашпақ болып, банктен көп мөлшерде несие алып, бастаған ісі жүрмей банкротқа ұшырап қалғанын айтып бір адам шағынды. Несиесін жабу үшін шетел асуына тура келген.

Айта берсем, осындай әңгімелер өте көп. Көбіне әйелдер, он сегіз, он тоғыз жастағы қыздар жүр. Әйелдер отбасының бір жыртығын жамасам деп тыраштанса, қыздар көлік мінсем дейді. Әке-шешесіне көмектескісі келетінін айтады. Әйтеуір ешкім еріккеннен шетел асып жұмыс істемейтініне көзім жетті. Алматы мен Шымкенттің, Ақсукент пен Сайрамның адамдары көп. Өзбекстандықтар да бар. Ташкенттен барып, сол елде тұруға рұқсат алып алған адамдарды да көрдік. Біз жұмыс істеп жүргенімізді біліп қоймасын деп тығылып жүрсек, олар жасырынбай-ақ, емін-еркін жүрді. Виза алып алғандар екен.

Күніне жүз мың теңге таптық

Жұмысымыз анау айтқандай қиын болған жоқ. Таңертеңгі алтыда бір жерге жиналамыз, сол жерден әкетеді. Сағат онда «полдник», сағат бірде түскі ас, үште тағы «полдник» беріп, кешкі бесте азанда жиылған жерімізге апарып тастайды. Бір минут уақытымызды жемейді. Масанчиде сарымсақ қырқып, Тянжу деген ауылға барып қауын тердік.

Бір күндік еңбек ақымыз 100 000 вон, ол теңгеге шаққанда 33 мың теңге болды. Үшеуміз күніне 100 000 теңге тауып отырдық. Пәтер ақысы айына 200 000 вон болды. Бұл үшеуміздің екі күндік еңбек ақымыз. Сөйтіп үш айда 3 000 000 теңге тауып қайттық.

Бір жақсысы, Корея қауіпсіз ел екен. Онда әйел адамдарды зорлау-қорлау деген мүлдем жоқ. Олай етсе заң қатал. Ұрлық деген атымен жоқ. Қойған затымыз қойған орнында тұратын. Ешкім тиіспейді. Адамдары да кішіпейіл, ақыңды жемейтін әділ, өте тәрбиелі.

Қайтар кезде де қызық болды. Аэровокзалға келсек, билетті біздегідей аэровокзалдың өзінде сатпайды екен. Билет алу үшін екі сағаттық бір жерге бару керек екен. «Қой, онда барып келгенше түнгі сағат он болып кетеді. Мен осы жерден аламын», – деп сол жерде тұрып алдым. «Бұл жерде ала алмайсың», – десе тыңдамаймын. Бір кезде бір кісі келіп, билет әперетінін, бірақ құны бір миллион вон болатынын айтты. Мен келісіп, ақшамды, құжаттарды беріп жібердім. Әлгі кісі жоқ болып кетті.

Арада қырық минуттай уақыт өткенде мен қорқа бастадым. Ақша да, құжат та жоқ болып кетсе ше? Танымайтын адамға құжаттарымды сеніп қалай бердім деп енді уайымдай бастағанда әлгі кісі бізді ұшаққа отыруға тіркетіп қойғанын айтты. «Билет әкеліп берген жоқсыз, ұшаққа қалай отырамыз?» – деп едім, ол: «Телефоныңызға қараңыз. Хабарлама келіп тұр», – деді. Қарасам, шынында хабарлама келіп тұр екен. Ол елдің адамдары алдамайтынына осылай тағы бір көзім жетті.

Аман-есен елге жеттік

Сонымен жеті сағат ұшып, таңға таяу Ташкентке келіп түстік. Сол жерде қонақ үйге жатып демалып, Шымкентке түске таяу жеттік. Кеткенімізге небәрі үш ай болса да елді қатты сағынып қалыппыз. Ол кездегі сезімімізді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Тіпті иттердің үрген даусына дейін құлағымызға сондай ыстық естілді. Қыздарым тіпті жылап қалды. «Айналайын-ай, елім-ай, аман-есен жеттік пе саған» деп сөйлеп жүр. Өзім бір күліп, бір жыладым. Қазір ойласам, сол кезде тәуекелшіл болған екенмін деймін».

«Заңсыз жүргендеріңізді біліп қойды ма? Неге елге ерте қайтып кеттіңіздер?» деген сұрағымызға ол әйел былайша жауап берді: «Жоқ, біліп қойған жоқ. Қайнағамның қызы күйеуге шығатын болып, қыздарым әпкелерінің тойына қатысқысы келді. Күйеуіме айтып едім, ол да қайтқанымызды дұрыс көрді. Осылай отбасымызбен ақылдаса келе қайтамыз деп шештік. Сөйтіп Сеулге қайта келіп, әуежайдағы депортация бөліміне бардық. Егер өз еркіңізбен барып, сіздің елдің заңын бұздым деп арыз жазсаңыз, арызыңызға және төлқұжатыңызға мөр басып, бір жылға депорт ұрып береді. Егер олар ұстап алса, бес жылға депортация жасайды екен.

Қайту тарихымыз осындай. Бір жағы ол елдің тәртібіне, еңбегіңе сай ақы төлейтініне, адамға деген құрметіне ме екен, бір қимастық сезім биледі бойымды. Жалдаған пәтеріміз де жайлы еді. Бір бөлмелі болғанымен барлық жағдайы жасалған. Асүйі, жуынатын бөлмесі, дәретханасы, төсек-орын, ыдыс-аяғы бәрі бар. Ұядай бөлме, тап-таза, жанға жайлы. Өмір сүруге өте қолайлы. Адамдары да сондай кішіпейіл, қонақжай екен. Оған қоса сол жақта жүрген жерлестеріміз өте көп. Жүрген жерімізде сол елдің тілінде емін-еркін сөйлейтін, қол ұшын берген қазақтар өте көп болды. Бұл да бір Құдайдың бізге қарасқаны шығар деп ойлаймын. Дегенмен өз елімізге, туып-өскен жерімізге ештеңе де жетпейді ғой.

Шіркін, сол жақтағы жағдай, тәртіп, заң, еңбек адамына деген құрмет біздің елде де болса ғой деп армандағанымызды несіне жасырайық? Ол үшін алдымен адамдардың санасы өсуі керек пе? Әлде жүйе ауысуы керек пе? Мүмкін шетелде оқып, білім алып, жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап қайтып жатқан жастар елге келіп қызмет ете бастағанда сол жағдайға біз де жетеміз бе, кім білсін? Әйтеуір мен Кореяның адамдарына  қызыға да, қызғанып та қарағанымды жасыра алмаймын».

Кейіпкеріміз әңгімесін осылай аяқтады. «Пәлен жерде пайда бар, өз еліңдей қайда бар?» деген рас қой. Туып-өскен жеріңе ештеңе де жетпейді. Дегенмен қымбатшылық күннен-күнге қысып, қарапайым халықтың күнкөрісі қиындап бара жатқаны да шындық. Елдегі жағдай оңалмаса, күнкөріс үшін шетел асатындар бұдан былай да көбеймесе азая қоймайтын шығар. Кім біледі?

Г. ҚАРАТАЙ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button