Ел ішіҚұмсағат

Кентаудың әкімі 98.500 доллар пара алды деген күдікке ілінді

Түркістан облысына қарасты Кентау қаласының әкімі Дәурен Мақажанов ірі көлемде пара алды деген әңгіме тарауда.

Әлеуметтік желілерде жарияланған деректерге сүйенсек, Кентаудың әкімі 23-ақпан күні Алматы қаласында «Integra construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры Л.Бобрышев және «Еуразиялық банк» акционерлік қоғамы Түркістан қалалық филиалының басшысы Б.Түймебаев арқылы «VIP Stroi Company» серіктестігінің басшысынан 98 мың 500 АҚШ доллары көлемінде пара алған дейді.  Бұл ақшаны «VIP Stroi Company» басшысына «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Кентау қаласының жолдарын жөндеуден өткізу үшін бөлінген 1 миллиард 700 миллион теңгенің тендерін алып беру үшін ұсынған көрінеді.

Айта кетейік, Дәурен Мақажанов Кентауға 2019-жылы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен тағайындалған. Ол бұған дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып істеген.

Ел ішінде, әлеуметтік желілерде Кентау әкімінің парамен ұсталуына байланысты әңгіме желдей есіп тұр. Көпшілік Кентауда парақорлық жайлап кеткенін айтуда.

Халима Тәжіқұл: «Бұл әкім әкімдікте өткен «Жемқорлыққа қарсы күрес» деп аталатын жиындарда талай рет төраға болған шығар, иә?»

Дәурен Айманбет: «Как раз доллар өсіп еді, жолы болмапты ғой».

Сәуле Сейдахметова: «Дәурен Мақажановты әкімдікке тағайындаған кім? Барлығы да қылмыстары үшін жауап берсін!»

Бауыржан Сегізбаев: «Жасай берсін Джана Қазақстан»

Гүлайым Жұпанбек: «Кентау қаласының білім бөлімін де жақсылап тексерсе, әрбір мұғалімнен жұмысқа тұру үшін 1 миллион пара алып жатып ұсталатын еді. Не только Кентау, бүкіл Түркістан облысы…»

Берік Манасбаев: «Әке-шешесі ұяттан жарылайын деп отырған шығар, мына нақұрыстың кесірінен».

Абат Есімханов: «Жасай берсін Дәурен! Солай жеу керек. Аз жесе сотталады», – деп пікір айтыпты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік тарапынан әзірге бұған байланысты ресми ақпарат шыққан жоқ. Біз аталмыш жағдайдың анық-қанығын білмек болып, Кентау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Әлімбаеваға хабарласқан едік. «Қала әкімі 22-ақпаннан бастап еңбек демалысына кеткен. Қазір ол кісінің орнында орынбасары Ғалымжан Үсенбаев отыр. Сондықтан сіз сұраған мәселе бойынша әзірге ештеңе айта алмаймыз. Біраз уақытта өзіміз арнайы ақпарат таратамыз», – деп қысқа қайырды.

А.ҚАСЫМБЕК.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button