Ел іші

Иесіз қалған үй сияқты

Қазіргі қоғамда кәсіпкерлер өздерінің кәсіптерінің нәсібін көру үшін неше түрлі жарнамалар беріп, тауарларының, көрсететін қызметтерінің сапасы жайлы баспасөз, теледидар, әлеуметтік желілер арқылы хабар  беріп, жариялап жатады.

Бұл жарнама, хабарламалар кәсіптерінің алға жылжуына ықпал етеді. Ал кейбір кәсіп иелері күнделікті табысына малданып, кәсібін дөңгелетіп отырған мекен-жайына, яғни ғимараттарына онша мән бере бермейді.

Менің бұл мақалама арқау болған, жазуыма түрткі болған мәселе Созақ ауданы, Шолаққорған ауылындағы кіре берісте орналасқан «Қазақстан» автобекеті және ескі автобекеттер жайында болмақ. Кез-келген мемлекеттің мәдениетінің қандай екенін келген қонақтар ең алдымен (театр киім ілгіштен басталады дегендей) сол мемлекеттің, облыстың, ауданның, қаланың айнасы кіреберіс қақпаларынан, аэропортынан, вокзалынан, автовокзалынан және де автобекеттерінің сыртқы көріністерімен бағалайды емес пе?

Ал мына Шолаққорған ауылындағы автобекеттің сыртқы көрінісі құдды бір иесіз қалған үй секілді. Сыртқы келбетіне қарауға ұяласың. Ғимарат орта ғасырдағы мешіт, медреселердің нобайымен  салынған сияқты. Қазіргі заманауи ғимаратқа мүлдем келмейді. Әлде басында медресе салсақ деп ойлады ма екен?

Бірнеше жылдың жүзі болды, сырланған бояулары әбден тозып, көмескіленіп кеткен, оның үстіне сылақтары әр жерден ойылып-ойылып түсіп қалған.

Автобекет атауын «Қазақстан» деп қойыпты, басқа атау таппағандай. Оның өзін  әншейін бояумен жазған. Әбден тозып кеткен, көзілдірікпен оқымасаң, былайша әзер оқисың.

«Қазақстан» мемлекетінің атауын иемденген екенсің, ең болмаса жоғарыға неге жарқыратып үлкен әріптермен әсемдеп жазбасқа? Мемлекетіміз үшін ұят нәрсе ғой.

Келген қонақтардан ұяласың. Әншейінде күйшілер, әншілер, ақын-жазушылар, тіпті қоғам қайраткерлері шыққан сырлы Созақ еліненбіз деп мақтанамыз. Ауылға келген үш-төрт жолдасым:

– Әй, құр босқа мақтана береді екенсіңдер ғой,

қонақ келіп түсетін автобекеттерінің сиқы осы ма? – дегендер де болды. Не дерімізді білмей, талай рет сасқанымыз бар. Бірнеше жылдың жүзі болды, сол баяғы жартас, сол жартас, еш өзгеріс жоқ.

Сонда деймін-ау, аудан әкімі, идеология жөніндегі орынбасары, ішкі саясат бөлімі қайда қарап отыр? Әлде олар автобекеттің сыртқы көрінісіне қарауға дәттері шыдамай жүр ме екен?

Тағы да бір жабайы көрініс, бұрынғы автобекет (автовокзал) ғимаратының да тоз-тозы шыққан, тағы өзі  тоғыз жолдың торабында орналасқан.

Бірнеше әкім ауысты, ешбір әкім көңіл бөлер емес, қалқайып әлі тұр. Не сүрілмейді, не қажетке жарамайды. Жетімсіреп, өгей баланың күйін кешіп тұр. Осы автобекеттердің не құдыреті бар екенін қайдам, келіп-кеткен әкімдердің көздеріне бір түспей-ақ қойды.

Мысалы, осы өңірдің тумалары Созақбай Әбдіқұлов  (екі рет әкім болды), Берік Мейірбеков, Мақсат Исаевтар да көрмей кетті, яғни ешқандай көңіл бөлмей  кетті. Енді қазіргі әкім Салыхан Полатов та көрмей ме кете ме деп күдіктенемін.

Айтпақшы, автобекеттердің  көрінісін айтамын деп, ұмытып барады екенмін ғой, аудан әкімі отырған ғимараттың  сыртқы бояулары да көмескіленіп кетіпті, тіпті  «Созақ ауданы әкімінің аппараты» деген жазуда әкімінің деген сөздегі «М» әріпінің  мүжіліп қалғанын қарасайшы, бұл жаман ырым емес пе? Сонда деймін-ау, автобекеттерге өкпелеп жүргенде  аудан әкімі  ғимараты да қараусыз қалғаны ма дерсің. Сырттан талай қонақтар, жұмыс барысымен лауазымды кісілер де келіп-кетіп жүр, солардан да ыңғайсыз емес пе?

Әлде әкімшілік  қызметкерлері күнделікті жұмысқа келгенде  көздерін  жұмып, аспанға қарап, немесе басқа жасырын есіктерден кіріп-шығып жүрме екен деп ойлайсың. Аудан әкімі С.Полатов зейнет жасына келіп қалдым, басқа шаруаларым да жетеді, келесі әкімге аманат деп жүр ме екен?

«Көрмес түйені де көрмес» деген мақал осындайда айтылса керек. Иә, бұл ащы болса да шындыққа ешкім өкпелей қоймас деп ойлаймын.

Есенғазы ЖҮСІПОВ, қаржыгер.

Автордың байланыс телефоны: 8-775-628-97-35.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button