Ел ішіТосын жай

Күйеу баласы күйдірді…

Түлкібас  АПБ-ға  жергілікті тұрғын әйел  арызданды. Ол өз арызында үйінің ішінде, үстел  үстінде тұрған ұялы телефонын белгісіз азаматтың  жасырын ұрлап кеткенін айтып, көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 80 мың теңге.  Аталған жайтты полиция қызметкерлері   ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді. 

Жоғарыда көрсетілген ұрлық қылмысын  ізін суытпай ашу мақсатында Түлкібас  АПБ-нің қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Жақын аймақтарды аралап,  бейнебақылау  жазбалары  тексерілді,  нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар күдікті ер азамат анықталып полиция бөліміне жеткізілді.

Сонымен, ұры кім дейсіз ғой? Белгілі болғандай  күдікті  ер азамат жәбірленушінің  күйеу баласы болып шықты. Ол үстел үстінде тұрған телефонды көргенде ешкім байқап тұрмағанына көзі жетіп, «ұрымтал сәтті» ұтымды пайдаланбақ болғанға ұқсайды. Ұсталмайтынына сенімді болды ма, әйтеуір енесінің  телефонын  жымқырған. Қазіргі таңда күдіктіге, яғни орта жастағы азаматқа  қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және жеке мүліктерін қараусыз қалдырмауды ескертеді. Қазіргі таңда ұрылардың көзі соңғы үлгідегі қымбат, бағалы,  бөлшектеп сатуға  оңай ұялы телефондарға түсуде. Ал  полицейлер тарапынан  телефон ұрлығын болдырмау  мақсатында түрлі рейдтік іс-шаралар және түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

«Замана»-ақпарат.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button