Ел ішіТосын жай

Екі әріптің басын қосып оқи алмайтын оқушылар бар

Оқу жылының алғашқы тоқсаны аяқталды, екінші тоқсан да ортасына таяды. Былтырғы, алдыңғы жылдардағы карантин шаралары, сабақтардың онлайн өтуі оқушылардың сабақ үлгеріміне әсер етпей қоймаған секілді.

Олай дейтініміз, қазір көпшілік ата-аналардың ең басты уайымы, балаларының сабақ үлгерімі болып тұр. Сөзіміз дәлелді болу үшін екі әйелден естіген әңгімемізді жазуды жөн көрдік. Олар оқушылардың сауатсыздығына тек онлайн-сабақ қана емес, мұғалімдердің біліксіздігі мен оқу бағдарламаларының ауырлығы да әсер етуде дейді.

Жақында туысымның үйіне қонаққа барғанмын. Келіні балаларының үй тапсырмасын қадағалап отыр екен. Қадағалап отыр деген аты ғана, бәрінің сабағын өзі орындап беріп отыр десек те болады. Айтуынша, оның төрт баласы да мектеп жасындағы балалар. Ең кішкентай қызы дайындық сыныбына барса, одан үлкендері үшінші, бесінші, алтыншы сыныптарда оқиды.

Бесінші сыныпта оқитын баласын екі әріптің басын қосып оқи алмайды дегенде «шок» болдым. Оқи алмайтын бала қалайша сыныптан сыныпқа көшіп келген десем, анасы «таң қалатын түгі жоқ, мұндай оқушылар әр сыныптарда кездеседі» деді. Сонымен тексеріп көру үшін қолыма түскен кітапты баланың қолына ұстатып, ірі әріптермен жазылған сабақтың тақырыбын оқып беруін сұрап едім, расымен де бала екі әріптің басын қоса алмады.

Әрине, бұл жерде тек мектепті, мұғалімдерді кінәлау орынсыз. Белгілі бір дәрежеде ата-ананың да кінәсі бар ғой. Үйде қадағаламайтын болар дейін десем, анасының әр баласының әр сабағын балаларымен бірге оқып отырғанын көріп отырмын. Сонда бала не үшін оқи алмайды?

Осы ойымды айтқанымды туысымның келіні: «Осы балалардың сабақ үлгерімі нашар болып қалмасын, тәрбиесінде бір қателік жібермейік деп жұмыс істемей, үйде отырмын. «Нулевой» оқитын қызымды таңертең сегіз жарымда

мектепке апарып тастап, келгесін осы үшеуінің сабағын қадағалаймын. Кешке осылар мектептен келгесін шай-тамағын беріп, ұйқыға жатқанға дейін екі-үш сабағын орындап жатамыз. Ертеңгісін түске дейін қалғанын оқимыз. Бірақ сонда да балаларымның ешқайсысы үздік оқымайды.

Ең нашары – осы бесінші сыныпта оқитын ұлым. Әріптердің басын қосып оқи алмағанымен, тақырыпты оқып берсем, түсінігін айтып береді. Өлеңдерін жаттатсам жаттайды. Бірінші сыныптан бері көрген күніміз осы. Әріптерді танығанымен басын қосып оқи алмай келеді. Ал кіші балам сөздің басын әріптеп айтады да, арт жағына өтірік қосып жібереді. Қанша айтсам да сол әдетін қойдыра алмадым.

Менің балаларым ғана осындай шығар деп ойлайтынмын. Қабілетсіз балалар болады ғой. Мүмкін бұлар сондай ма екен деп. Сөйтсем мұндай балалар әр сыныптарда кездеседі екен. Оны жақында ата-аналар жиналысына барғанда естідім. Соған қарағанда біздің мектепке кіл сауатсыз, қабілетсіз мұғалімдер жиналған ба деп ойлаймын. Себебі баланың оқуға деген ынтасын оятатын мұғалімдер емес пе? Егер бәрі ата-ананың қолында болса, неге балаларымызды үйде отырып-ақ оқыта бермейміз?

Өзім университет бітірген жоғары білімді маманмын. Мектепте жақсы оқыдым. Есіме өзімді оқытқан мұғалімдерді түсірсем, ол кісілердің еңбегі адал болған екен деп ойлаймын. Себебі тарих-география сабағынан беретін апайымыз сабақты беріліп түсіндіргенде екі езуі көпіріп кететін. Апайымыздың соны сүртуге шамасы келмей, жан-тәнімен беріліп айтып, түсінген-түсінбегенімізді жеке-жеке сұраушы еді. Сол апайдың сабағын оқымай баруға ұятымыз жібермейтін. Басқа пән мұғалімдеріміз де осал емес еді.

Меніңше, қазіргі мұғалімдер осылай жан-тәнімен түсіндірмейтін сияқты. Сол үшін де балалардың сабаққа қызығушылығы жоқ па деймін. Содан кейін, қазіргі оқу бағдарламалары өте ауыр. Алтыншы сыныпта оқитын қызымның кей есептерін өзім де шығара алмай қиналамын. Балаларға жүктеме тым көп. Біздің мектепте дайындық тобында оқитын балаларға әлі кітап берілген жоқ. Ал Алматыда тұратын қайынсіңлім менімен жасты қызының он алты кітабы бар дейді. Дайындық тобындағы балаларға соншама кітаптың не керегі бар? Балаларға жасына лайықты емес жүктемелер артып, олардың білімге деген құштарлығын қолдан құртып жатқан жоқ па екенбіз деп ойлаймын кейде».

…Ал екінші әйел інісінің үшінші сынып оқитын қызының әріптерді танығанымен әлі жүргізіп оқи алмайтынын уайымдаған. Өзі жақында мектепке кіші қызметкер болып жұмысқа кіріпті. «Қазіргі мұғалімдердің тәжірибесі жоқ па? Әлде оларға солай үйрет деп үйрете ме екен, баланың оқуын қадағалап отырып, әр әріпті айтқан сайын дауысты ма, дауыссыз ба деп сұрай береді екен. Құдай-ау, әріпті енді танып жатқан баладан әр әріпті айтқан сайын «дауысты ма?» «дауыссыз ба?» деп миын ашытып сұрай бергенше, «а-т-а, ата» деп оқытып үйрете бермей ме? Бала әуелі әріптердің басын қосып оқуды үйреніп алсын да, сосын-ақ ажырата береді ғой, дауысты мен дауыссыз дыбысты», – деп күйініп еді.

Шынында, оқушылардың сауаты төмендеп кетуінің бір кілтипаны мұғалімдерде жатқан жоқ па екен? Қалай ойлайсыздар?

Г. ТҰРАРБЕК.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button