Бизнес және құқықЕл іші

Банк мені қалай ақымақ қылды?

Кешегі аптада Алматыда болған қанды оқиға қалың жұртты дүр сілкіндірді.

Әлеуметтік желі беттерінде осы тақырып жайлы жазылған жазбалардың бәрінің астында адамдар шынында сот тек банктің сойылын соғып, қарапайым халықтың пайдасына ешуақытта шешім шығармайтынын ашына жазып жатты.

Ал адамдар несиені еріккеннен емес, мәжбүрліктен алатынын, үкімет соған жеткізгенін, банктер үстеме пайызын көп қойып, халықты теспей сорып жатқанын айтып шырылдап жатқандар қаншама?! Осыларды оқып отырып, несиеге байланысты өз басымнан өткізген оқиғаны айтуды жөн көрдім.

2007 жылы Шымкенттің Бостандық көшесінде екі қызыммен пәтер жалдап тұрып жатқанбыз. Қасымда сіңлім мен әріптес қыз бірге тұратын. Үш-төрт қыз бізбен бірге көрші тұратын. Олар да пәтершілер. Танымайтын адаммен сөйлесе бермеймін. Жұмысыма барып келіп, томаға-тұйық жүргем.

Сіңлім мен әріптес қыз әлгі қыздармен танысып, сөйлесіп жүреді екен. Содан әлгі қыздардың біреуі «Альянс банкте» істейтінін, қаласақ біздің бәрімізге несие әпере алатынын айтыпты. Бұл ақымақтық дегенді қойсаңызшы. Әкеміз осы кредит деген нәрсе шыққаннан «кредит деген пәлекетті атамаңдар да, жоламаңдар да» деп үйге барған сайын ескерткеніне қарамастан ертеңімізді ойламай, үшеуміз де несие рәсімдеттік. Сіңлім 150 000, әріптесім де сондай, мен 300 000 теңге алдық.

Жас қой, екеуі алған ақшаларына дұрыстау киім алып, қалғанын тағы бір көптен қолы жетпей жүрген мұқтаждықтарына жаратты. Егер қарапайым адамдардың айлығы шайлығына жетсе, иықтары жылтырап киіне алса, ел қатарлы өмір сүрсе, банктен несие алып несі бар? Бұл мұқтаждық емей немене? Несие алып киінгені несі деп күлетіндер, ақымақтығын айтып табалайтындар көп. Білемін. Бірақ жасы жиырмадан енді асқан қыздар өз қатарларының жарқырап жүргендерін көргенде ескі-құсқы киіммен қалай шыдап жүре береді? Ата-аналарының оған шамасы келмесе не істейді?

Әріптесімнің анасы бала күнінде қайтыс болған, әкесі ракпен ауыратын. Біздің ата-анамыз түгел болғанымен, әкеміз зейнет жасына әлі жетпеген, істейін десе жұмыс таба алмай жүретін. Ал шешеміздің жұмыс істеуге шамасы жоқ аурушаң кісі еді. Біздің жұмыс істедік деген атымыз ғана. Тапқан табысымыз бар шығынымызды жаппайды. Әшейін өлместің күні. Бұл бір біздің басымыздағы жағдай емес. Көпшілік осы жағдайда.

…Менің жаныма баспанасыз жүргенім бататын. Күн санап өсіп келе жатқан қыздарымды аяйтынмын. Біздің ғой балалық шағымызды еске алатын ескі болса да әке-шешеміздің үйі бар. Бұлар өскенде қай пәтердегі күндерін еске алады деп қынжылушы едім.

Сөйтіп несиеге алған ақшама үйлі болудың әрекетіне кірісемін деп ойлағам. Қайдағы? Шымкенттен үй түгілі, жер де сатып ала алмайтынымды біліп, ақшамды тығып біраз жүрдім. Сол кезде ақыры ештеңеге пайдалана алмайды екем деп қайта өткізу де ойға келмепті. Шынын айтсақ, айлығымыз ай сайын несие төлемек тұрмақ, пәтерақы мен ішіп-жемімізге зорға жететін.

Не керек, ойланып-толғанып жүріп, Түркістанның ең арзан жерінен жер телімін сатып алдық. Сол кездің өзінде Түркістанда жақсы аудандардағы жерлер 500-700 мың теңгеге бағаланып жатқан. Жер сатып алғанымызға қуанып, кредитті қысылып-қымтырылсақ та айма-ай уақытылы төлеп тұрдым.

Он шақты ай төлегеннен кейін қатты ауырып, сегіз айдай аурухана төсегіне таңылып, тағы жарты жылдай үйде емделдім. Сөйтіп несие төлеу былай тұрсын, күнкөрістің өзі кәдімгідей уайым болды. Асырайтын күйеу жоқ, «шыққан қыз шиден тысқары» деп төркінге де сыйысып отыра алмайсың.

Не керек, бір күндік тамағымызды тауып жеп, айма-ай келіп тұратын пәтерақыны табудың өзі мұң болғанда несие төлеу жайына қалды. Оның пайызы өсіп жатыр, ертеңгі күні алдымнан шығады деп уайымға батқанмен төлеуге шамамыз жоқ еді. Қатты қысылғанда әлгі алған жерімізді сата салайықшы десек, біздің алған бағамыздан екі есеге арзандап кеткен. «Қырсыққанда қымыран іридінің» кері ғой сол.

Зымырап жылдар өтіп жатты. Бұл арада өмірімізде де өзгерістер болып, ажырасып кеткен күйеумен қайта татуласып, қала шетінен болса да, «времянка» тұрғызып, өміріміз жайланғандай көңілді демдеп жүргенбіз.

2015 жылы қара күзде аяғым ауыр болатын. Декреттік демалысқа кететін уақытым болса да жұмыс істеп жүргенмін. Сол жетіспеушілік қой баяғы. Бір күні жұмысқа сот орындаушысынан хат келіпті. Онда баяғы банктен алған қарызым үшін сыртымнан соттап, алған 300 000 теңгемді 690 000 теңге етіп өсіріп, оған сот орындаушысының еңбегі үшін тағы да пайыз қосып, бәрін 722 000 теңге төлейтін етіп қойыпты.

Үкімді оқып отырып мені соттың приставтары үйіме бірнеше рет іздеп келіп таппағаны жайлы жазылған жерін оқығанда соттың өзі мұндай өтірікті беттері шімірікпей қалай айтатынына таң қалдым. Рас, өзім күні бойы жұмыстамын. Бірақ үйден адам үзілмейтін. Мені анық іздеп келгендері рас болса, үйдегі адамдарға айтып, «повесткаларын» беріп кетпей ме? Не болмаса көршілерімнен неге сұрастырмайды? Олар маған міндетті түрде айтар еді ғой. Іздеп келгендері өтірік.

Мейлі, оны қоя беріңізші. Сот орындаушы жұмыс орнымды тауып отыр ғой, сот болар кезде неге осылай іздеп таппаған? Оларға адамның құны көк тиын болып тұрғаны ғой сонда? «Алдың ба төле!» «Төлей алмасаң неге аласың?» Бәрі осылай дейді. Сенің лажсыздығың, сол ақшаға мұқтаждығың оларға көк тиын. Сенің жұмыс істеп, мемлекетке салық төлеп, пайда келтіріп жатқаның да есептелмейді. Тек банктері бар байшыкештердің қалталары ортаймаса болғаны.

Не керек, сол күннен бастап маза кетті. Сотқа барып, шешімінің бір данасы менде болуы  керектігін айтып, жүгіріп жүріп ксерокстен өзім өткізіп алдым. Сосын таныс адвокатқа барып, соттың сыртымнан шешім шығарғанымен келіспейтінімді айтып, арыз жаздырдым. Айтпақшы, сот шешімі бір жыл бұрын шыққан екен. Сонда мен бір жыл бойы өзімнің «сотталып» жатқанымды да білмегем. Он жыл бойы пәтерде жүріп, итшілеп зорға салып алған құрқылтайдың ұясындай кішкентай үйімізді «арестке» қойып қойған. Оны да білмегенбіз.

Адвокат жағдайымның қиын екенін, арызданғанмен пайда жоғын түсіндіріп бақты. Сонда да сыртымнан шешім шығарғаны дұрыс еместігін айтам деп, арызды сотқа өткіздім.  Оның өзі оңай емес екен. Алдымен уақытын қалпына келтіру керек пе сондай (біраз жылдар өткесін ұмытыппын).  Сондай арыз жазып апарғанымда оны орысша аударып келуге жұмсады. Орысша аударып, қайта өткізіп, сот болатын күнді күттім. Коллекторлық компанияның сотқа арыздану мерзімі өтіп кеткеннен кейін арызданып отырғанын дәлелдегім келген. Алайда ештеңе дәлелдей алмадым.

Сот орыс тілінде өтті. Түсінбейтінімді айтып, аудармашы шақырып едім, ол ештеңе деместен түсініп отырсыз ғой иә деумен болды. Түсінуін түсініп отырмын, дегенмен өз құқығымды қорғағым келген. Бірінші сот отырысында талапкер жағы келмеді. Менің уәжімді естіген судья сотты түстен кейінге қалдырды.

Айтқан уақытында барсақ, талапкер жағы келіпті. Оның қолындағы құжатта арыз уақтылы өткізілген. Бірақ мен көргенімде уақыты өтіп тұрған секілді еді. Бірақ мен дәл сол беттің көшірмесін алмаған екенмін. Соған өкіндім.

Не керек, сол жерде мен өзімнің дәрменсіздігімді, қолымнан ештеңе келмейтінін түсіндім. Соттың бүйрегі коллекторға бұрып тұрғаны анық көрініп тұр. Менімен барынша мәдениетті, жылы сөйлесті. Бірақ сол жылы сөздерімен менікі дұрыс емес екенін, алған ақшамды уақтылы қайтаруым керек екендігін, уақтылы қайтармағаным үшін сот осындай әділ шешім шығарғанын түсіндірді. Іштей ашуға булығып, қорлығым келіп тұрса да құрсақтағы  сәбиге зақымы келмесін деп сабырлы болуға тырыстым.

Сөйтіп еш қарсы келместен қос қолымды көтеріп, жеңіле салдым. Өйтпеске амалым да жоқ еді. Коллекторлар менің бір жылға жуық уақыт несиемді уақытылы төлеп, алған ақшамның жүз мың теңгедейін төлеп қойғанымды тіпті есепке де алмаған. Оны да қойшы дедім. Басымыз аман болса құтылармыз деп…

Сонымен жеңілгенімді мойындағаныммен несиемді төлей алмадым. Өйткені қыс келіп қалған, қысқа әзірлік жасау керек. Күйеуім ол кезде жұмыссыз болатын. Үйдің жалғыз асыраушысы өзім де декретке шыққалы отырмын. Қайтіп төлеймін? Көктемге салым жалғыз күнкөріс көзі болып отырған жәрдемақы алатын карточкамды сот орындаушысы бұғаттап тастапты. Құндақтаулы сәбиімді көтеріп алдына барып, оны аштырдым. Мұның бәрі жүйкеге қаншама салмақ салатынын тек басынан өткергендер ғана түсінетін шығар.

Не керек, олар төлемесіңе қоймайды, іштей қанша қарсы болсам да, несиемді төлеп бастадым. Жылдан астам уақыт шама-шарқымызша төлеп жүріп, банкке барсақ, коллекторлық компанияның БИН нөмірі ауысып кеткенін айтты. Егер бәрі заңды болса, оны неге ауыстырады? Осы жағы күмәнді.

Тағы біраз уақыт өткенде 2007-2014 жылдары несие алғандарды қорғаймыз деген заңгерлер жарнама бере бастады. Соны оқып, оларға жүгінгенімде төлеп бастап қойғасын, ақырына дейін төлеп құтылуым керектігін айтты. Енді не де болса қиналсам да бәрін төлеп құтылмақ ойым бар. Содан кейін балаларымның балаларына несие алдырмасын деп тілеймін Жаратқаннан!

Айтқымның келгені, сот орындаушылар мен коллекторлық компаниялар «несиені алдың ба, төле!» деп қоқан-лоққы көрсетуді қойып, халықтың жағдайымен санасулары керек. Ал банк несие пайыздарын төмендетіп беріп, бұрынғы несиелерді кешірудің қамына кіріскендері дұрыс. Немесе үкімет жалпы халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, жалақыны көтеріп, несиесін жабатындай жағдайға жеткізулері керек. Әйтпесе қарапайым халық әбден ашынып, ашулары кемеріне жетті. Енді осындай оқиғалар көбеймесе азаймайтыны анық.

Г. ТҰРАРБЕК.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button