Ел іші

Ауырмашы, жақсы адам!

Қоғамда жақсы істерге бастамашы болып, мұқтаж жандардың жоғын жеткізіп, қиналғанға қол ұшын беріп жүретін қалталы азаматтар жетерлік.

Сондай жандардың бірі – Түркістан қаласындағы «Алтын бұлақ» автовокзалының директоры Таубай Егембердиев есімді азамат. Түркістанда бұл кісіні танымайтын адам жоқ деуге де болады. Себебі ол кісі кішіпейілділігімен, жомарттығымен, қарапайымдылығымен танылған азамат.

Ол кісі туралы Әділ Әбішев есімді шымкенттік жас ақын әңгімелеп берген еді. Айтуынша, осыдан үш жыл бұрын Әділ туып-өскен ауылы Құмтүйінге бара жатқанда көлігімен жол апатына түсіпті. Қатты жарақат алған ол көп қан жоғалтып, комаға түседі. Әкесі осыдан екі жыл бұрын дүние салған. Анасы мен қарындасы ауылда тұрады. Өзі мынадай қиын жағдайға ұшырап, өмір мен өлімнің арасында жанталасып жатқанда көмекке ауылдас ағасы Таубай Егембердиев жетіпті. Ол кісі Әділдің жағдайын ести сала, ауылдағы жігіттердің бәрін жинап, қан орталығына апарып, қан тапсыртыпты.

«Таубай ағаның қайырымды азамат екенін бұрыннан білетінмін. Ол кісі Арыс жарылғанда автовокзалынан автобустар жіберіп, адамдарды тегін тасығанын естігенмін. Сосын Мақтаралды су басқанда да аянып қалған жоқ. Әрине, мұндайда бар көмекті бір өзі бере алмайды ғой. Қалың жұртшылық  қолында барын жинады. Соны бір жерге жиып-теріп, керек адамдарға жеткізу де үлкен іс. Ол үшін де адамның бойында ұйымдастырушылық қабілеті болуы керек деп ойлаймын. Таубай ағаның бойынан сол қасиетті көрем. Мықты ұйымдастырушы. Ол кісіні көпшілікке пайдасы тиіп жүрген азамат ретінде жақсы білем. Өзім де жол апатына ұшырап, ауруханада жатқанымда жігіттерді ұйымдастырып апарып, қан тапсыртыпты. Одан кейін де қара үзіп кетпей, хабар алып тұрды. Бір маған ғана емес, ол кісінің көмегі көп адамдарға тиген. Ауылдағы жоқ-жітік отбасыларды жылына бір рет  азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрады.

Тағы бір білетінім, ол кісі спорттың жанашыры. Бірер жыл бұрын ауылымыздағы Құмтүйін орта мектебінде жоғары деңгейде бокстан жарыс өткізгені бар. Оған тек ауыл жастары ғана емес, Түркістан мен Кентаудан да спортшылар барып қатысты.

Қалаға кеткеніммен ауылдың жаңалықтарын күнделікті естіп отырамын ғой. Таубай аға мешіт салуға да, қараусыз жатқан әулиелердің басын қоршап, аяқасты болып кетпеуіне де қолынан келгенінше жәрдем беріп жүреді.

Бір өкініштісі, жақында ол кісінің анасы дүниеден өтті. Оның артынан көп ұзамай ағасы да қайтыс болды. Екі бірдей жақынынан айырылу ауыр ғой. Осы жағын ойлана келе, ағама кішкене жігер беріп, көңілін көтерейін деген оймен мына бір өлеңімді арнап едім.

Құмтүйіндей кішкентай ауылданбыз,

Қазаны қайнап тұрған қауымнанбыз.

Бір-біріне ала көз танытпайтын,

Бірлігі бекем тұрған бауырлармыз.

 

Ауылға аты мәлім ағамыз бар,

Ініге бола білген жағамыз бар.

Ауыл атын көтеріп жүретұғын,

Таубай аға ауылда бағаңыз бар.

 

Жарыстарды өткізіп ауылға сіз,

Қонақ келіп жатыр ғой ауылға жүз.

Кіп-кішкентай ауылды алыс білген,

Куәгер боп жүрміз ғой осыған біз.

 

Жақсы іске жаршы болып тұрасыз,

Мешіттерге көңілді көп бұрасыз.

Аға, сізге сенемін мен әлі де,

Ауыл үшін жұмысты көп қыласыз.

 

Қолдан келсе көмекке дайынсыз сіз,

Жағдайы жоқ жандарға бауырмалсыз.

Ауыл аймақ сіз үшін дұға етеді,

Таубай аға, ешқашан ауырмаңыз!»

Г. БАЛТАБАЙҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button