Ел іші

Ауыл тұрғынын гипноз арқылы тонап кеткен

Оқиға Түркістан облысының Қазығұрт ауданында болған. Зейнеткердің үйіне өзге ұлтты екі әйел келіп, «үйіңде дуа бар, тазалап береміз» деп арбауына түсіріпті, деп хабарлайды «Zamana.kz» «Экспресс К» газетіне сілтеме жасап.

Гипноз арқылы ауыл тұрғынын алдап соққан олар үйді тазалаймыз деген желеумен зейнеткердің мойнындағы алтын алқасы мен сақинасын, үйіндегі 100 мың теңгеден астам ақшасын алып кеткен. Олар кеткен бойда есін жинаған әйел бірден полицияға хабарласып, алаяқтарды ұстауға көмектесуін сұраған.

Полицейлер «дуа тазалағыштар» мініп келген көлік туралы ақпаратты үлкен трасса бойындағы патрульдік полиция қызметкерлеріне хабарлаған. Жолдарды патрульдеп жүрген тәртіп сақшылары күдіктілер мінген «Лада Приора» көлігінің ізіне түсіп, қуып жеткен. Көлік ішінде бес әйел болған.

«Көлік ішіндегі әйелдер полицейлерді көрген бетте иен далаға қарай қашқан. Әрқайсысы әр жаққа қашқан әйелдер түгелімен ұсталды. Күдікті екі әйелден алаяқтық жолмен алынған алтындар мен ақша айғақты зат ретінде тәркіленді. Ұсталған 5 әйел полицияға жеткізілді. Олардың жеке-басын тексеру кезінде барлығы Өзбекстан азаматшалары екендігі анықталды. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», — деді Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер.

Қазіргі таңда зейнеткерді алдап кеткен күдікті 2 әйел қамауда. Полицейлер олардың өзге де алаяқтық істерге қатысы бар-жоқтығын тексеріп жатыр.

«Замана»-ақпарат.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button