Ел ішіЖаңғырықМаңызды мәселе

Ардагерлер үйінде олқылық көп

Осыдан тура он жыл бұрын, анығырақ айтқанда, зейнеткерлікке шыққан жылы бұл «Мейір» ардагерлер үйіне барған едім, енді міне, араға он жыл салып барып, үстіміздегі қырқүйек айының соңғы жартысында демалудың сәтті түсті.

Бұл ардагерлер үйінің қызметкерлері сол жылдары да жайдары  әрі кішіпейіл болатын. Әліде сол ізеттілік келбетінен таймапты. Үлкені болсын, кішісі болсын, «аталап» құрақ ұшып, ардагерлерге ерекше құрмет көрсете айтарлықтай қызмет етіп жүр. Емдеу ісінде де  бір-екі қызметтің түрі қосылып қапты. Мысалы, тұз шақтасы және аяқты электр шамымен емдеу ісі. Тағы да айта кету керек, бұл жердегі жалпы физиотерапевттік қызметтің қай-қайсында болмасын жұмыс істейтін мамандардың кішіпейілділігінде шек жоқ. Қай есікті ашсаң да жақсы сөз, жылы шырай таныта қарсы алатын орта буын медицина қызметкерлерінің әдептілігіне тәнті қаласың. Рахмет! Айта берсек бұл жердегі игілікті істердің қатары көп ақ.

Бірақ сонымен бірге көңіл қобалжытатын олқылықтар да жоқ емес екен. Негізі екі жүзге жуық адам демалып, ем қабылдайтын бұл ардагерлер үйінде біз осы жолы жүзге жуық қана ардагерлер жатып, ем алдық, демалдық. Енді  осы кезде біз не көріп, не байқадық?

Қысқа айтқанда, оқта-текте қатқан нан таратылып, ал кейбір кезеңдері  сол нандардың  арасындағы былжыраған көрініс  көңілімізді қобалжытып та жіберіп жатты.

– Бұдан басқа қаншама демалыс орындары мен шипажайларға барып жүріп дәл осындай  ас-ауқатқа байланысты келеңсіз жағдайларды кездестіріп көрмеппіз, – деп налыған ардагерлердің жүзіне қарауға ұялдық.

Жаңадан қосылған үш қабатты жатын жайдың еден  тақтайларының арасы ашылып, басқан сайын сықырлап, жүйкеңді жұқарта түседі. Соған қарағанда тұрғызылғанына он жылдан аса уақыт өткен бұл үйге күрделі тұрмақ, қарапайым ағымдағы жөндеу жұмыстарының өзі де жүргізілмеген-ау шамасы. Тым болмаса кірген адамның көңіліне қонымды, көзіне көрікті көрінетін  линолиум төсеп қойса да  болар еді ғой. Жығылған үстіне жұдырық демекші, тіптен жатын диванның бел ағашына  тіреу орнатып,оның сынған жерін шөп тайлайтын жіппен он орап тастағанын қайтерсің. Әттеген-ай! Көзге тіптен оғаш көрінеді.

Демалыс үйінің алдында екі күннің бірінде би өтеді. Шамасы келгендер биге шықса  ал, қалғандары солардың өнерін қызықтап, көңіл көтереді. Сол сияқты  демалушылардың арасынан да ән айтып, домбыра тартып, Абайдың өлеңдерін жатқа сырғытатын ардагерлер де кештің көңілді өтуіне өз үлесін қосып жатты.

Осы орайда көкейге оралған: «Аудан орталығы, не болмаса басқа жақтан болсын дәстүрлі әншілерді шақырып, солардың өнерін тамашаласақ болмас па еді?» – деген сауалымызға мекеменің мәдени іс-шараларды үйымдастырушы  қызымыздан: «Мынадай індет кезінде сырттан ешкімді шақыруға болмайды!»-деген жауапты естідік. Дұрыс-ақ. Ал сонда біз, соншама демалушы сырттан келмегенде қайдан келдік? Жоқ әлде сол үйде өсіп, өніппіз бе? Біз бәріміз де сырттан келген адам емес пе едік? Әңгіме мынада, біз сонда қалай келдік? Әрине, жасыл жол, ашық есікпен келдік. Олай болса екі-үш өнерпазды мына тұрған жерден жасыл белгі, ашық жолмен  әкелуге неге болмайды? Бәрібір мұндағы шоғыр, сол шоғыр. Би билеп, бір-біріне етене араласып жүргендер тобы да сол топ. Оның үстіне қазіргі кезде кез келген мекеме қызметкерлері індетке байланысты тиісті сынақтан өткізілген, тіптен олардың баршасы вакцина салдырып үлгерген жандар. Біз де өткізілгенбіз, өткізілмесек  қалай қабылданар едік бұл ардагерлер үйіне?

Бірақ бұл мәселелерді кейінгі жағдайлармен зерделеп, дұрыс сараптай алмаған мәдени үйымдастырушының  бұл түсінігіне не айтуға болады? Сосын тағы бір кемшілік, біздің келгенімізге он күннен асып кеткеніне қарамастан әлгі қызымыздың: «Ертең жарыс өткіземіз, бір-бірімізбен танысамыз!» – деген сөзі де бізді ерекше таңғалдырды. Он күн өткен соң  бұл неғылған таныстық? Біз барып жүрген басқа демалыс орындары мен кейбір шипажайларда таныстыру кеші бас құралғаннан соң екі-үш күннен  қалдырылмай өткізілетін де, ал мекеме басшысы болса осы аралықта жиналған жұртшылықтың басын қосып, жан-жақты пікірлесіп те үлгеретін.

Ардақ тұтар ардагерлер үйіндегі тағы бір олқылықтың бірі ол – есік алдына су шашылып, таңғы ауаның жаңартылғанын көре алмадық. Пандемия кезінде өз жұмысын тоқтатып алған әп-әжептеуір-ақ сахнаның айналасын еш болмаса аптасына бір рет болса да, тынығып демалушылардың көңіл-күйі үшін тазалап қоюға болар еді ғой. Ал бұл жердегі орындықтардың арасын арам шөп басып кеткен.

Тағы бір бұл үйдің көркін бұзып тұрғаны – ол ана күн сәулесімен емдейтін аппараттың қаңқиып босқа тұрған кейпі боды. Көзге оғаш, көңілге қонымсыз ақ. Сұрастырсақ бұл аппараттың жұмыс істеуіне күн сәулесінің қуаты жетпей қалыпты-мыс. О, тоба! Биыл күннің ыстығы қырық градустан асып, аспанға шөкімдей бір бұлттың шыққанын көрген жоқ едік. Сонда бұл жауаптың сырын қалай түсінуге болады? Бәлкім бұл оғаштық ықылас пен жауапкершіліктің жетіспеушілігінен болар?

Айта берсек, олқылықтың қатары көбейе түсер түрі бар. Бәлкім, біздің осы сөзімізден соң ендігі жерде ардагерлер үйінің директоры осы айтылған жайлардан қорытынды шығарып, тәртіп пен талаптың орнығуын қалыптастыратын болар.

Серікбай ТҰРЖА, Қазақстанның құрметті журналисі.

Түркістан облысы.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button