Ел іші

Әкімдер қанша жалақы алады?

Бүгінде мемлекеттік қызметте жүрген басшы азаматтардың қандай жалақы алатыны бір кездердегідей құпия болудан қалған.

Таяуда бірқатар ақпарат құралдарында еліміздегі облыс, қала әкімдерінің айлық жалақы мөлшері туралы деректер жарияланды.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғани Исқалиев 903 мың теңге айлық жалақы алады екен. Павлодар және Қарағанды облыстарының басшылары Әбілқайыр Сқақов пен Жеңіс Қасымбектің еңбекақыларында бар-жоғы 2 теңге ғана айырма бар, олар тиісінше 967 мың 672 және 967 мың 674 теңге айлық алады. Ә.Сқақовтың айтуынша, айлық жалақының толық сомасы жыл соңындағы арнайы жүйе негізінде есептелген көрсеткішке байланысты анық болмақ. Ал Ж.Қасымбек өзіне қойылған сұрақтарға орай өзі айтқан жалақы сомасынан қазір қолына таза 786 мың 642 теңгесі тиетінін айтқан. Яғни ол кісінің еңбекақысынан 181 мың 30 теңге міндетті аударымдар мен төлемдерге ұсталып қалады деген сөз. Ж.Қасымбек сондай-ақ өзінің 2016-жылы шығарылған «Мерседес» қызметтік көлігімен жүретінін, «Айфон-11» қалта телефонын тұтынатынын да бүкпесіз айтып беріпті.

Ал Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың айлық жалақы мөлшері туралы білгісі келген журналистерге әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер «ол жөнінде жариялауға болмайды» дегендей тұрғыда жауап берген көрінеді. Дегенмен олар облыс әкімінің «Мерседес S-500» қызметтік көлігімен жүретінін, «Самсунг» қалта телефонын ұстайтынын жасырмай айтыпты.

Жалпы, жарияланған деректерден өңір басшыларының айлық жалақы көлемінде елеулі айырмалар бар екені аңғарылады. Оның түрлі деңгейде болуы

«факторлық-балдық жүйе» деп аталатын есептеу тәртібіне байланысты сияқты. Яғни өңір әкімдерінің айлық жалақы мөлшері сол өңірдің ерекшеліктеріне, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне шағып есептелетінге ұқсайды.

Мысалы, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің осыған қатысты өзіне қойылған сұраққа орай: «Айлық жалақы нақты жеке тұлғаның жалпы нәтижеге қосқан үлесіне байланысты есептелуі тиіс. Ол факторлық-балдық жүйе арқылы есептеледі. Оны кезінде «Самұрықта» ендірген, қазір мемлекеттік қызметте айлық жалақы осылай есептеледі», – деп айтқан сөзі жарияланды. Ал облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың журналистерге берген мәліметінде Ө.Шөкеевтің айлық жалақысы 1 миллион 900 мың теңге екені айтылыпты.

Аталған есептеу жүйесіне орай, мысалы, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың еңбек ақысы биыл екі есеге дерлік өскен сияқты. «Менің жалақым 986 мың теңге деп бекітілген. Биыл факторлық-балдық жүйе бойынша 1,9-ға арттырылды. Қазір шамамен 1 миллион 800 мың теңге», – депті Г.Әбдіхалықова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде өзіне журналистердің қойған сұрағына орай.

Ал ақтөбелік «Диапазон» газеті осы облысты басқарып отырған Оңдасын Оразалиннің айлық жалақысы 1 миллион 856 мың 170 теңге екенін жазған. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өзінің 1 миллион 954 мың теңге айлық алатынын айтқан.

Жалпы, облыс басшыларының ішінде ең көп жалақыны әзірге Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев алып тұрған сияқты. Ол кісінің айлық жалақысы – 1 миллион 977 мың 890 теңге. Бұл жөнінде «AIBAT» ақпараттық қызметі жариялаған екен.

Сондай-ақ еліміздегі бірқатар қала әкімдері де өздерінің айлық жалақылары жөнінде жария еткен. Мысалы, Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өзінің айлығы 783 мың 503 теңге екенін айтқан. Павлодар қаласының әкімі Асайын Байхановтың да алатын еңбек ақысы осы шамалас – 780 мың теңге.

…Міне, облыс, қала әкімдерінің айлық жалақылары осындай екен. Әзірге өз айлық табысы туралы жариялай қоймаған облыс, қала басшыларының да айлық жалақы мөлшері осыған шамалас болса керек. Енді аудан, ауыл әкімдері де өз айлық жалақысы туралы осылай мәлімет беріп тұрса да болады-ау. Бұл жастардың мемлекеттік қызметке, елге қызмет етуге деген талпынысын арттырар ма еді, кім білген… Адал қызмет атқарсаң, мемлекеттің сені аш қалдырмайтыны көрініп тұр ғой.

Н. ЖҮНІС.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button