Бірінші байлық

Жүрегіңіз қанша жаста?

Әлемді құрсауына алып тұрған «Ковид» індетінің әсіресе жүрек-қан тамырлары дертінен зардап шегетіндерге қаупі жоғары екен. Мамандар осылай дейді.

Өйткені тәж-вирус қанның ұйығыштық қасиетін бүлдіреді, тамыр қабырғаларында қақ тұру қаупін күшейтеді. Бұл кезде тамырлардың күйі де өзгеріп, соның нәтижесінде қан қысымы жоғарылайды. Мұндайда бұрыннан жүрек дерті, қан тамырлары ауруы бар жандарға қиын. Мамандардың зерттеу нәтижелеріне қарағанда, коронавирус жұқтырған әрбір 100 адамның 20 пайызында жүрек бұлшық еттерінің бүлінуі кездеседі. Ал жансақтау бөлімдерінде жатқандардың 45 пайызға жуығынан аритмия, жүрек бұлшық етінің қабынуы анықталған. Мұндай жайлар қалыпты қан айналымына кедергі келтіреді, ағзаға оттегі жетіспейді, науқас демігіп, мазасы кетеді.

«Ковидпен» ауырған кездегі емге қолданылатын кей препараттардың да жүрекке салмағы түседі. Індет жұқтырған адамда бұрыннан келе жатқан жүрек-қан тамырлары ауруы бар болса, оның қалыпты деңгейі, реті бұзылады. Өз кезегінде ол да қатерлі жағдай туындатуы әбден мүмкін.

Сондықтан әрбір адам өзінің өмірлік «моторы» – жүрегінің жай-күйіне қамқор болғаны абзал, жүректі жүдететін жайлардан барынша қорғауға тырысуы керек. Әйтпесе ол мерзімінен бұрын «қартайып» кетеді екен. Яғни, мысалы, адам 40 жаста болғанымен оның жүрегінің «жасы» 45-те немесе тіпті 50-де болуы да мүмкін.

Ал мұндай күйге ұшырамас үшін, мәселен, семіз жандардың артық салмақтан арылуға тырысқаны жөн. Өйткені ол гипертонияға, жүректің ишемиялық дертіне, «жаман» холестерин басуына ұрындыруы әбден мүмкін. Мұндайда қан тамырлары дұрыс жұмыс істей алмайды, қанды қажетті оттегімен, азықтық заттармен қамтуы төмендейді. Әсіресе қан қысымы қалыптан жиі ауытқи берсе, ол жүректің жұмысын сан құбылтып, оның ертерек «ескіруіне» себеп болады.

Сондай-ақ жүректің жұмысын нашарлатпасы үшін адамның темекі шегу, шамадан тыс алкоголь ішу сияқты зиянды әдеттерден де аулақ болғаны жөн. Мысалы, никотин қан тамырларында қақ тұруын тездетеді екен.

Жүрек жұмысы нашарламас үшін адамда тұрақты түрде белсенді дене қозғалысы болып тұруы тиіс. Дене шынықтырумен айналыспаса да күндігіне кемінде 7 мың қадам жүріп, таза ауада серуендесе, соның өзі жүрек жұмысы үшін үлкен жәрдем.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button