Бірінші байлық

Витаминге бай шай

Жай ғана шай ішу арқылы ағзаны қажетті витаминдермен байытып, иммунитетті көтеруге болатынын білесіз бе? Бірнеше тәсілді ұсынайық.

 Шырғанақ шайы

Әзірлеу жолы: 150 грамм шырғанақты (облепиха) жақсылап жуып,  2\3 бөлшегін аздап ұнтақтаңыз. Оған қалған бүтін шырғанақтарды қосып, үстіне 2 шай қасық жапырақты шай қосыңыз. Үстіне 500 мл. қайнаған су құйып, 7-10 минут жылы орап, тұндырып қояды. Бұл шайға бал қосып ішкен дұрыс, пайдалы әсері мол болады. Бірақ бал емдік қасиетін жоғалтау үшін оны шай аздап салқындай бастағанда қосқан абзал. Осы жжарты литр шайға 2 ас қасық таза бал қосса жеткілікті.

Пайдасы: Шырғанақ А, В, С, Р, РР, Е, К витаминдеріне бай. Ол ең алдымен адамға сергектік береді, көңіл-күйді көтереді, қуаныш гормонын көбейтеді. Сонымен бірге жүйкені жайландырып, ашулану, күйгелектену, күзелістен қорғайды. Жаңа басталып келе жатқан суықтау, жөтелді кетіреді. Күш-қуат береді, аурудан кейінгі кезеңде тез әл жинап, ағзаның қалпына келуіне елеулі әсері бар. Күніне кемінде 1 стакан бал қосылған шырғанақ шайын ішіп жүру көру қабілетін жақсартады. Рас, бұл процесс өте баяу жүреді, дегенмен кәдімгідей көмектеседі. Тек ол үшін шырғанақ шайын 4-6 ай ішу керек.

Апельсин шайы

Әзірлеу жолы: Апельсиннің қабығын аршып, жұмсағын қалаған уақытыңызда жей беріңіз. Ал шай әзірлеу үшін керегі – қабығы. Жуылған, таза 1 апельсин қабығын ыңғайлы етіп төртбұрыштап турап, оған 500 мл. қайнап тұрған ыстық су қосады. Бетін жауып, сыртынан жылы орап, 10 минутқа қалдырыңыз. Сосын баяу отта бұрқ етіп бір қайнағанға дейін жеткізу керек. Үстіне 2 шай қасық жапырақты шай қосып, шамамен 4 минут күтсеңіз, шай дайын. Қалауыңызға қарай қант пен бал қосып іше беруге болады.

Пайдасы: Апельсин шайы иммунитетті көтеретін ең мықты сусын. Ол ағзаның вирусқа қарсы күресу қабілетін арттырады. Токсиндерден тазару, қалдықтардан құтылуда апельсин шайына жетері жоқ. Аспен бірге ағзаға түсетін зиянды қоспаларды қууда өте керемет көмекші. Микроэлементтерге және витаминдерге бай. Ағзада ерімейтін майды ыдыратып, ас қорытуды жақсартады. Тамыр қабырғаларының берік болуына әсері бар.

Зімбір-лимон шайы

Әзірлеу жолы: Сізге керегі 1 дана лимон мен көлемі онымен шамалас зімбір тамырының бөлшегі. Кешке қарай екеуін де жақсылап жуып алған соң жіңішке дөңгелекше етіп турап, шыны ыдысқа салыңыз. Оған 1 стакан бал қосып, бетін жауып, таңға дейін қалдырады. Ертеңінен бастап шайға 1 ас қасықтан қосып іше бересіз. Ал бал аралас сусынды тоңазытқышқа қою керек. Оны 2 аптадан артық сақтауға болмайды.

Пайдасы: Бұл шай жүрек-қан тамыр жұмысына оңды әсер етеді. Ағзадағы зат алмасу пройесін жақсартады. Ми қызметін, ойлау қабілетін жақсартады, сол үшін оны үнемі шаршап жүретін адамдар, миға салмақ түсіретін жұмыс атқаратындар үнемі ішіп жүрсе ұтылмайды. Қоспа әсіресе суықтау, жұқпалы вирустар мен тұмауға ұрынбауға, оның бастапқы сатысында тез жазылуға өте жақсы көмектеседі. Жөтел, тамақтың жыбырлауы, мұрыннан су аққан жағдайда күніне 3-4 рет іш керек. Бұл қоспаның витаминдік құрамы өте бай.

Анар шайы

Әзірлеу жолы: Анарды 2 немесе 3 бөлікке бөліп, ішіндегі дәндерін алыңыз. Оны бөлек ыдысқа салып, үстіне шамалап қант қосу керек. Араластырып, езіп, сөлін шығару қажет. Тағы да жақсылап араластырып, тоңазытқышқа қояды. Оны 1 ай  сақтауға болады. Күніне 2 рет 1 стакан қайнаған шайға 1 ас қасық  қосып ішеді.

Пайдасы: Ағзны пайдалы да күнделікті қажетті микроэлементтер мен витаминдермен қамтамасыз етеді. Денсаулықты нығайтады. Бауыр, бүйрек, тамақ, көз, құлақ, буындардағы суықтау салдарынан болатын асқынуға қарсы күреседі. Қалдықтар, оксиндерден тазару процесін тездетеді. Жүрек-қан тамыр жұмысы үшін де елеулі көмегі бар. Суықтауға қарсы сусын ретінде ішуге болады.

Р. ОРДАБЕК.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button