Бірінші байлық

Тұмаудан тез айықтыратын тәсілдер

Тұмау мен түрлі маусымдық вирустар өршіп тұр. Әсіресе балалар арасында күрк-күрк жөтеліп, қызуы түспейтіндер көбейген. Биылғы жұқпалы респираторлы вирус жылдағыдан өзгеше: жұғуы жылдам, қайтуы қиын. Ауа арқылы тарайтындықтан оған шалдығу қаупі де жоғары. Сондықтан тұмауға қарсы амалдарды әркімнің де біле жүргені жақсы.

Егер тұмау жұқтырғаныңызды сезсеңіз, мейлінше дәрігермен кеңесе отырып емделген дұрыс. Ал төмендегі амалдар аурудан тез айығуға көмектесетіні анық:

Тұмауратқан адам тәулігіне 2 литр сұйықтық ішкені дұрыс. Ол ағзадан вирустың тез шығып кетуіне көмектеседі.

Тұмау індеті басталған кезде қолды күніне 5-6 рет сабындап жуған дұрыс. Бұл тұмау жұғуды 2 есеге төмендетеді.

Тұмаудың тағы бір емі – бал қосылған сүт. Ауырған кезде сүті бар шайға бал қосып, және сүтке сары май қосып ыстықтай ішіңіз. 1 стакан ыстық сүтке 1 шай қасық бал, ұсақталған немесе үккіштен өткізілген сарымсақтың бір бөлігін араластырыңыз. Дәмді болмаса да бұл тәсіл тұмауды тез жояды.

Тұмау тисе ыстық шай немесе кез-келген басқа да сусын ішіңіз. Ең бастысы, ол ыстық болуы керек, бірақ күйдіретіндей емес. Тұмау тигенде ыстық сусын мен оның буы жұтқыншақтың қан айналымын арттырады. Нәтижесінде бітелген мұрын ашылып, дем алу оңайырақ болады.

Тұмауға қарсы үй өсімдіктерін де пайдалануға болады. Мысалы, алоэ жапырағының сөліне бірнеше тамшы өсімдік майын қосып, мұрынға тамызған жөн. Егер алоэ табылмаса, оның орнына сәбіз шырынын пайдалануға болады. Оған бірнеше тамшы сарымсақ сөлін қосыңыз.

Мұрныңыз бітіп қалса, пияздың суы да жақсы көмектеседі. Ол үшін таза мақтаны пияздың суына шылап, бірнеше минут мұрын қуысына салып қойыңыз. Мұны күніне 4-5 рет қайталау қажет.

Тазартылған 50 грамдай өсімдік майына сарымсақ (2-3 бөлігін) пен орташа көлемдегі пияздың төрттен бірін майдалап турап, араластырып, қоспаны бір түнге қалдырыңыз. Ертесіне оны сүзіп, сөлін мұрын қуысына тамызыңыз.

Егер ангинаның басталайын деп тұрғанын сезсеңіз, әр 3 сағат сайын лимонды қабығын аршымай шайнауға тырысыңыз немесе жаңа сығылған лимон суымен тамағыңызды шайыңыз. Шайған соң 1 сағаттай ештеңе жемей және ішпей тұра тұрыңыз.

Үй ішінде вирустық инфекциялар таралса да, таралмаса да, бөлмедегі ауаны күніне бір рет алмастырып отырған жөн. Бұл қарапайым терезені ашу арқылы жүзеге асады.

Егер температура болмаса, тыныс алу жолдарын емдеу үшін үйде ингаляция (тамақты булау) жасауға болады. Ингаляция 15 минуттан артыққа созылмау керек. Егер үйде ингалятор болмаса, қайнаған суы бар шәйнекке 10 тамшы йод немесе 1 шай қасық пияз суын (немесе 5 тамшы самырсын майын) құйып, ингаляция жасауға болады. Сонымен қатар, сарымсақ ингаляциясы жақсы көмектеседі. Бірнеше сарымсақты езіп бинтке салыңыз. Сол бинтті қыздырылған бос шәйнекке салып, қақпағын жауып қойыңыз. Шәйнектің шүмегін аузыңызға салып, аузыңызбен баяу тыныс алып, мұрныңызбен дем шығарыңыз. Аузыңызбен тыныс алғанда мұрныңызды қолыңызбен қысып тұрыңыз. Бұл процедура шыдамдылықты қажет еткенмен, жақсы нәтиже береді. Оны күніне 6 рет жасасаңыз, тұмауды, жөтелді және ангинаны кетіреді.

…Тұмаумен жыл сайын жер шары тұрғындарының 35%-ы – 500 миллионнан астам адам ауырады. Олардың 12%-ы асқындырып алу салдарынан басқа ауыр науқастарға ұшырайды. Оған тұмауды ауру деп санамау, оны толық емдемеу, елемеу себеп. Аса жұқпалы бұл кеселмен ауырғандардың дәл есебін анықтау да қиын, себебі көп адам үй жағдайында емделуді дұрыс көреді. Содан бронх демікпесі, созылмалы бронхит, жүрек-қан тамыр аурулары, зат алмасуының бұзылуына шалдығып, созылмалы ауруларын асқындырып алатындар да жеткілікті.

Мамандар мынадай кеңес береді: аурудың  алғашқы күндерінде жатып емделу қажет. Тұмау вирусының уытын (токсиндер) шығару үшін жылы витаминдік сусындарды: итмұрынның, қарақаттың тұндырмаларын, таңқурай, шырғанақ, басқа да жидектерден   дайындалған сусындарды жиі-жиі ішу қажет. Иммундық қорғаныс күшті көтеретін витаминдер мен минералдарды осы бастан қабылдау артық болмайды.

Жарас ҚАСЫМ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button