Білгенге-маржанБірінші байлық

Бауырдың бүлінгені қалай білінеді?

Адам ағзасындағы маңызды органдардың бірі – бауыр 75 пайызы бүлінгенше ешқандай да ауырсынуы сездірмейді екен. Өйткені онда ауырсынуды сезінетін жүйке талшықтары жоқ.

Бауыр ас қорытуға, глюкоза мен темір алмасуына, ақуыздардың, қанның ұйығыштық қасиетін қамтамасыз ететін заттардың түзілуіне, қанды зиянды заттардан тазартуға жауапты. Ал егер ол ауруға ұшыраса, қан тамырларының, бүйректің жұмысы бұзылады, ми уланады, бұдан басқа да толып жатқан жайсыздықтар туындайды. Сондықтан бауырда қандай да бір қолайсыздық сезіле салысымен дәрігерге көрініп, тиісті тексеруден өткен дұрыс.

Ал бауыр ауруының негізгі белгілері мынадай: Адам өзін үнемі шаршап жүргендей сезінеді. Бауыр қабынса, ұлғайса, онда оң жақ қабырға астына қандай да бір салмақ түскендей сезіледі, аздап ауырсыну білінуі мүмкін. Кейде адам бірден ауырсыну сезінуі мүмкін, мұндайда ауырсыну оң жақ иыққа, арқаға қарай беріледі.

Сондай-ақ көз, тері сарғаюы мүмкін, өйткені бұл кезде эритроциттер ыдырауынан қандағы билирубин мөлшері артады. (Бауыр сау болса, ол билирубинді ас қорытуға аса қажетті өтке айналдырады).

Бауырда түзілетін альбуминнің мөлшері азайса да ағзаға жайсыз тиеді. Өйткені ол қан құрамындағы суды ұстап тұру үшін қажет, егер альбумин азайса су тамырдың төңірегіндегі ұлпаларға жайылады да, өз кезегінде ол қарынның қампаюына себеп болады. Сол себепті бауырға қанның баруы тежеледі, оның соңы ауыр жағдайға ұрындырады.

Бауырда билирубин түзілуі артса да жақсы емес, ол теріге жиналады да, қышыну тудырады. Сондай-ақ бауыр бүлінгенде билирубиннің көбі зәр арқылы сыртқа шығады да, ішек жолдарына аз мөлшері өтеді. Бұл зәрдің қою түстеніп, үлкен дәреттің түссізденуінен білінеді. (Мұндай жағдай негізінен өт пен өт жолдарының бүлінуіне де тән).

Бауыр өт түзбей қалса, адамның тәбеті бұзылады, оның жүрегі жиі лоблитын болады. Ал ол қанның ұйығыштық қасиетін қалыпта ұстай алмаса, онда теріде қанталау, уақ тамырлардың жарылып, жұлдызша, өрмек сияқты көрініп тұруы орын алады, иек қанталап, мұрыннан қан кетуі мүмкін.

Бауырды сау сақтағысы келген адам тұзды көп тұтынбағаны дұрыс. Шамадан тыс алкоголь болса да бауырды бүлдіреді. Ол бауырды уландырады, цирроздың туындауына себеп болады. Сондай-ақ бургер, фри сияқты майлы азықтар да бауырдың жауы, олар бауырды қабындырып, беріштендіреді. Тәтті азықтардан да абайлау керек, бауыр глюкозаны майға айналдыратындықтан ол бауырға май басу қаупін туғызады.

Ал бауырдың саулығын қамтамасыз ететін азықтарға мамандар мына азықтарды жатқызады: Сұлы, өйткені онда жасұнық көп. Кофе бауырдың жұмысын ынталандырады. Көк шай, асжидек (шпинат) бауырды қатерлі ісіктен сақтайды. Қаражидек (черника), құрамында бауырды май басуынан сақтайтын полифенолдар бар. Бадамда (миндаль) да бауырды май басуынан қорғайтын «Е» витамині бар.

…Жалпы, бауырдың ауыратыны немесе онда қандай да бір қалыпсыздық бары сезілсе, онда уақыт өткізбей дәрігерге қаралған абзал. Өз бетімен емделгеннен білікті маманның қадағалауымен емделген әлдеқайда дұрыс болмақ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button