Білгенге-маржанБірінші байлық

Қарағайдың сағызы

Бала кезімізде өзен аңғарынан тастақ сағыз теріп шайнаушы едік.

Алғашында ол удай ащы болады, бірақ біраз шайнап, уытынан айырған соң дәмі жағымды болып кететін. Қазіргі ауыл балалары ондай сағыздың болатынын білмейді.

Бүгінде жұрт «тамақты қорытуға жақсы», «ауыздың жағымсыз иісін кетіреді» деп «Орбит», «Дирол» секілді жасанды сағыздарды шайнайды. Бірақ белгілі бір дәрежеде олардың тіске, асқазанға, ішек жолдарына зияны тиюі әбден мүмкін. Өйткені олар химиялық тәсілмен жасалады ғой.

Ал табиғи сағыздар табиғатта бар. Мысалы, қарағай сағызы. Оны Алтай таулары жақтағы орман-тоғайлардан теріп алуға болады екен. Бұл жөнінде біз алматылық Көкбөрі Қизатұлы есімді азаматтан естідік. Бала кездегі тастақ сағыздың еске түсуіне сол себеп болып еді.

«Біз Алматыға Алтай жақтан осыдан жеті-сегіз жыл бұрын көшіп келгенбіз, – дейді Көкбөрі. – Маған қарағай сағызын сол жақта тұратын адамдар беріп жібереді. Өзім мұндай сағызды бала кезден шайнап өскендіктен мұның пайдасын бір кісідей білемін десем болады. Қазір ағаларым беріп жіберген қарағай сағызын кішкене полиэтилен қапшықтарға салып сатудамын».

Біз Көкбөріден қарағай сағызының қандай болатынын, оны жұрттың қайдан, қалай алатынын сұрадық.

«Бұл – Алтай өңірінде өсетін қылқанжапырақты қарағайдың шайыры. Алатауда да осыған ұқсас қарағайлар өседі, бірақ олардың шайыры алтайлық қарағайдікіндей болмайды. Ондай қарағайлар Шығыс Қазақстанның Қатонқарағай, Зайсан, Күршім өңірлерінде өседі. Жаздың аптап ыстық күндерінде олардың қабығы астынан шайыр ағып шығады. Бәрінен бірдей емес, әрқайсысынан әртүрлі мөлшерде ғана шығуы мүмкін. Шайыр мөлдір сарғыш-қоңыр түсті болады. Ол кәдімгі желім сияқты ағып жеткен жеріне жиналып, кешкі, түнгі салқынның әсерінен түйме сияқты болып қатады. Пайдасын білетін адамдар ағашқа өрмелеп шығып, сол шайырларды пышақпен қырнап жинап алады», – дейді Көкбөрі.

Яғни ағаштың бұл түрі биік болып өседі, бұтақтары да жерден бірнеше метр биікте болады екен. Адамдар оған біршама күш жұмсап, өрмелеп шығады.

Мұндай шайыр ағаш діңі бойымен төмен қарай аға келе бір тұсқа жиналып, кәдімгі кәріптасқа (янтарь) ұқсап қатып қалады екен. Оны өткір затпен қырнап алады. Аса қаттылары морт сынғыш болады.  Адамдар оны жинап, арнайы қалтаға салып алады. Олардың көлемдері шынашақ ұшындайдан бастап, бас бармақтайға дейін жетеді. Міне, осындай жиған-тергендерін Алтайдағы ағалары Көкбөріге қапқа салып беріп жіберген екен.

«Негізі бұларды жібітіп, кәмпит, сағыз сияқты формаға келтіруге де болады. Әлгі «Орбит» сияқты дизайнын жасап, табиғи сағыз ретінде саудаға шығаруды ойлағанмын. Бірақ оған уақыт жоқ. Естіген жұрт менен оны грамдап, килолап алып жатыр. Өзімде сағыз аса көп болмағандықтан сұраныс көбейіп кетсе, оны тауып бере алмай қаламын ба деп ойлаймын. Сондықтан әзірге оны полиэтилен қапшықтарда сатып жатырмын. 500 грамм, 1 кило, 2, тіпті 5 килолап алатындар бар. Тек салқын жерде сақтаса болды, ұзақ уақыт бүлінбей тұра береді. Ал тым ыстық жерде ұстаса, жібіп кетеді», – дейді Көкбөрі.

Бұл ерекше табиғи сағыздың 1 килосы 20 мың теңге тұрады екен. 1 кило сағыз шамалап алғанда бір үлкен кесенің көлеміндей болады.

Ал бір үзік сағызды бірнеше күн бойы шайнап жүре беруге болады. Қандай да бір себеппен іріп кетпесе немесе оны жұтып қоймасаңыз болды. Жұтып қойғанның өзінде оны аса уайымдаудың жөні жоқ. Өйткені дайындау тәсілін білетін кей адамдар ішкі ағзаға шипасы тиюі үшін оны белгілі бір әдіспен жібітіп, сығындысын да ішеді екен. Демек, оның ішкі ағзаға пайдасы болмаса, зияны тие қоймайды деген сөз.

Қарағай сағызы хош иісті, оның дәмі, иісі әдемі болады. Ол ауыз қуысын түрлі жұқпалардан, жарақаттардан қорғайды, тыныс жолдарына шипалы. Өйткені шайырдың бактерияларға, қабынуға, қышқылдануға қарсы әсерлері бар. Оның құрамында эфир майлары, аскорбин сияқты пайдалы қышқылдар, витаминдер, микроэлементтер мол.

«Дімкәс жанға, жүкті, емізулі баласы бар әйелге, кішкентай балаларға қандай да бір зияны жоқ па екен?» – деген сауалымызға Көкбөрі: «Мұныңыз енді сүттің зияны бар ма деген сияқты болды. Зияны тиді дегенді естіген емеспін. Өзіміз оны кішкентай кезімізден шайнап өскенбіз. Ол химиялық жолмен жасалған дәрі емес, табиғи сағыз ғана ғой», – деп күле жауап берді.

Жалпы, түсінгеніміз, қарағай сағызы дегеніміз кәдімгі ағаш шайыры екен. Ол – Алтай өңірінде өсетін қарағай шайыры. Шайыр ағашты түрлі жарақаттардан, аурулардан қорғайды. Сондықтан сырын білетін, табиғатқа жаны ашитын адамдар шайырды ағаштан белгілі бір көлем шеңберінен асырмай ғана алады екен. Өйткені жөнсіз көп алып қойса, қарағай зиянды микроағзалардан қорғана алмай әлсірейді, құрт түсіп, қурайды. Ал шайыры өзіне жеткілікті болса, ол сымдай тартылып, ешбір ауру-сырқаусыз өседі екен. Шайыры шамадан тыс болса, ағаш қабығынан ағып шығып тұрады. Бұл негізінен жаздың аптап ыстық күндерінде орын алады. Міне, осылай ағып шығып, түнгі салқынмен қатып қалған шайырды пышақпен мұқият қырнап алуға болады.

…Қысқасы, қарағай сағызы деген осындай табиғи сағыз болып шықты. Бірақ адам ағзасына да шипасы молынан тиіп жататын мұндай сағыз табиғатта сирек кездеседі екен.

Р. ҚАЛТАЙ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button