Бірінші байлық

Алтайдың ар жағынан келген дәру

Алматыда адамдарды марал мүйізінен алынған пантамен емдейтін «Аламан» атты сауықтыру орталығы жұмыс істейді екен. Бүгінде оның көрсететін қызметін мақтап жарнама жасаушылар баршылық.

Шипасы тиіп жатқан мұндай орталықтар жөнінде жұрттың біле жүргені ләзім. Осы орайда біз жарнамалардың бірінде көрсетілген телефон нөміріне хабарластық. Телефон тұтқасын көтерген Құралай есімді қыз бізге аталған орталықтың жұмысы, оның көрсететін қызметтері жөнінде айтып берді.

Құралайдың өзі өнім сатумен айналысады екен. Сөздерінен түсінгеніміз – «Аламан» атты пантогематоген Ресейдің Барнаул қаласынан шығарылады. Өнім Алтайдың алтынтамыр, марал тамыры, қызылтамыр, долана, итмұрын, шетен, мойыл, итбүлдірген секілді шипалы өсімдіктері мен олардың тамыры және жемістерінің сығындысына бұғы мүйізінен алынған панта, тазартылған су, қант, калий сорбенті қосылып, қою тұнба күйінде жасалады. Ол сыйымдылығы 250 миллилитрлік шыны ыдыстарда шығарылады. Алматыдағы сатылу бағасы – 9 мың теңге.

Бұл пантогематогеннің құрамындағы заттардың адам ағзасына пайдалы әсерлері көп. Мысалы, панта адамды сергітіп, қуатын арттырады. Оның әйелдің, еркектің жыныстық қуатын, қызығушылығын арттыратын, тестостеронды көбейтетін де ерекшелігі бар. Жыныстық жүйедегі кейбір кінәраттарды жояды. Сондай-ақ панта түрлі жарақаттардан тез айығып кетуге де оңды әсерін тигізеді. Ол адамды стрестен, шаршап-шалдығудан қорғайды, қартаюды тежейді.

Пантогематогеннің құрамындағы алтынтамыр адамды жақсы сергітеді, ағзаны нығайтады, оның бейімделгіштік қасиетін арттырады. Ал қызылтамырдың еркектердегі жыныстық жүйе ауруларына шипалық әсері бар.

Бұл бальзамды ересек адамдар күніне үш шай қасықтан қабылдап тұрса болады. Таза өзін ішуге немесе оны 200 миллилитр суға, минералды суға, шайға, кофеге қосып ішуге де болады. Тек қан қысымы жоғары, жүйкесі қозғыш адамдар мен жүкті әйелдерге және 12 жасқа дейінгі балаларға оны ішуге болмайды. Құрамындағы қандай да бір затқа аллергиясы барлар да одан абайлағаны жөн.

Бальзамның жарамдылық мерзімі – 1 жылға дейін. Оны 25 градусқа дейінгі бөлме температурасында, құрғақ жерде сақтаған дұрыс. Ыдысы ашылғаннан кейін тоңазытқышқа қойған, қолданар алдында шайқап жіберген жөн.

«Аламан» пантогематогенінің құрамы, оның пайдаланылу, сақталыну тәртіптері осындай екен. «Бүгінде бұған сұраныс жақсы, адамдар тапсырыс беріп, сатып алып жатыр», – дейді Құралай.

Жалпы, бұл өнімнің Қазақстанға әкелінуіне әріптесіміз, журналист  Нұрсейіт Жылқышыбай еңбек сіңірген көрінеді. Сондай-ақ олар пантаның шипалық қасиетін сіңірген арнайы көрпеше де (көпшік) жасап шығаруда екен. Оның біреуінің бағасы 10 мың теңге тұрады. Мұндай көрпеше автокөлік жүргізушілеріне арнап жасалған. Яғни оны көлік орындығының үстіне қойып пайдалануға болады. Мұндай көрпешелердің еркектің бел қуатын қалпында сақтауға, оны түрлі жайсыздықтар мен аурулардан сақтауға пайдасы тиеді екен. Оның шығарыла бастағанына 1 жыл болған. Бүгінде мұндай көрпешелерге сұраныс баршылық көрінеді.

«Аламан» сауықтыру орталығында сондай-ақ панта ваннасы да бар. Оған арасына үзіліс жасап, 10-15 минуттан түсуге болады. 2 сағатқа ақысы – 12 мың теңге. Панта ваннасы адамды сергітеді, оған қосымша қуат береді, теріні жасартады.

…Қысқасы, жұрт мақтап жүрген «Аламан» сауықтыру орталығында осындай қызметтер көрсетіледі екен. Ол жерге тапсырыс беріп, «Аламан» бальзамын және көлік жүргізушілеріне арналған көрпеше сатып алуға болады.

Р. ҚЫДЫР.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button