Білгенге-маржан

Жылан жайлы не білесіз?

Бүгінде еліміздің бірқатар өңірлерінде жыландардың белсенділігі артқаны туралы айтылып жатыр. Жыланның адамды шаққан, үйге кіріп кеткен оқиғалары бар.

Усызынан да төнетін қауіп бар

Таяуда Шымкенттің шет жағындағы бір үйге жылан кіріп кеткен жағдай орын алды. Оқиға орнына арнайы құтқарушылар шақырылып, олар жыланды залалсыздандырды. Жалпы, осы уақытқа дейін қалада және Түркістан облысының аудандарында мұндай бірнеше жағдай болыпты.

Еліміздің басқа аумақтарында да осыған ұқсас оқиғалар орын алуда. Мысалы, әлеуметтік желінің бір қолданушысы Ақтау қаласынан үй ауласында топырлап жатқан жыландарды видеоға түсіріп, жариялады. Жұрт оны ордалы жылан болар деп үй иесін сақтандырып жатты. Көпшіліктің түсінігінше, ордалы жыланға тиюге болмайды, өйткені ол кекшіл, қырып тастасаңыз, егер біреуі тірі қалып кетер болса, қайда тығылсаңыз да іздеп тауып, кек алады. Әлгі видеоны жүктеген жігітке де жұрт жамырай осылай деп кеңес беріп жатты. Енді біреулердің айтуынша, ондай топырлаған жылан алтыны бар жерде болады, оларды үй ауласынан басына ақ құйып шығару керек.

Мұның бәрі ел арасында ежелден таралған ұғымдар ғой, негізінен. Жыландар – салқынқанды тіршілік иелері. Олар осындай кездері күн астында жатып, денесін қыздырады, қуат алады. Жыландар ұрпақ өрбіту үшін жұптасу кезінде де солай топтасып жатуы мүмкін. Адам өзі тимесе олар өздігінен шабуыл жасамайды, тиіскен жағдайда ғана шағып алады.

Жалпы, жыландардан табиғат аясында қауіп көп. Қазір жаз маусымы, адамдардың өзен-көл, орман-тоғайлы жерлерде демалуға асығатын кезі. Сондықтан әсіресе осындай кездері сақ болу керек. Мысалы, таяуда ғана Батыс Қазақстан облысында 3 және 13 жастағы балаларды жылан шаққан оқиға орын алды. Құдай сақтағанда олар табиғат аясына ата-аналарымен бірге шыққан екен. Өздерінің көліктері болып, зардап шеккендерді тез арада ауруханаға жеткізіп, дер кезінде тиісті көмек көрсетілген.

Жыландар қаланың көпқабатты үйлерінен табылған оқиғалар да болған. Жертөледен, бірінші қабаттан ғана емес, одан жоғары қабаттан да табылған. Себебі олар өрмелегіш болып келеді. Мысалы, 2018 жылы жазда Қарағанды қаласындағы көпқабатты үйдің 6-шы қабатындағы пәтерден жылан табылған болатын. Кейін анықталғаны – ол усыз жылан болып шықты. Бірақ ол жыланның 6-қабатқа қалай шыққаны сол күйі белгісіз болып қалды. Тек төменгі немесе жоғарғы қабатта тұратын біреулер үйінде жылан асырап, одан кездейсоқ айырылып қалған болуы мүмкін деген болжам ғана айтылды.

Жаздың кезінде жылан дүние жүзінің барлық аумақтарында кездеседі. Сондықтан елді мекенге, үйге жылан кіргені туралы хабарлар қазір қай елден болса да естіліп қалып жатады. Мысалы, өткен мамыр айында Украинаның Харьков облысында бірқатар елді мекендерде жылан көбейгені туралы айтылды. Біраз үйлердің тауықтары белгісіз себеппен ісініп өлген екен. Алғашында жұрт мұның сырын түсінбей, кейін өлген тауықтарды сойып көрсе, іштерінен жылан шығыпты. Яғни кей тауықтардың улы жылан балаларын құрт екен деп жеп қойып, уланып өлгені туралы айтылады.

Жаздың аптап ыстық күндерінде жылан уының уыты артады. Сондай-ақ бұл кезде адамның да біршама самарқаулау болып, көлеңкелі жерлерді іздеп жүретіні белгілі. Сондықтан абайлау керек, улы жәндіктерден қауіп барын ұмытпаған абзал.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда жыландардың 20 түрі мекендейді, солардың 4-еуі ғана улы болып саналады. Бірақ бұл усыз жылан қауіпсіз дегенді білдірмейді. Өйткені олардың барлығының да тістері бар. Барлығы да етқоректі, денесі шағын өзі тектестермен, кесіртке, көлбақа, құрбақа, құстармен азықтанады. Сондықтан тісінде жемтігінің қандай да бір бөлігі қалып, шіритіні болады, егер адамды тістеп алған жағдайда да усыз жыланның тісінен қауіп жоқ емес. Яғни жарақаттанған жерге улы зат бәрібір де түсуі мүмкін.

Жалпы, жылан адамға өздігінен шабуыл жасамайды, оған тиіссең ғана, қорғану үшін шағып алады. Сол себепті абайлап жүру керек, жыланды көргенде оған тиіспеген дұрыс, ол өзіне қауіп төнерін сезсе, өзі-ақ басқа жаққа жылыстап кетеді. Ал жылан шаққан жағдайда оның тісі тиген жерден жоғары тұстан қатты қысып байлап, зардап шегушіні тез арада дәрігерге жеткізген жөн.

Бүтіндей бір қаланы басып өткен

Жыланды қаншалықты қауіпсіз десеңіз де түсі суық бұл мақұлықтан қорықпайтын адам кемде-кем. Қазақтың ілгеріде «Жыланды», «Жылансай», «Жыланбұзған» деп атап кеткен жерлерінің өзімен жүргенде де аяқ астынан жылан шыға келмес пе екен деп сескенесіз.

Ал жыландардың елді мекендерге кіріп кеткен оқиғалары тарихта аз болмаған. Соның бірі осыдан тура 119 жыл бұрын, 1902 жылы жазда Мартиника аралында орын алған екен. Осындағы Сен-Пьер атты қалашыққа жақын жердегі Мон-Пеле деген жанартау төңірегін мекендейтін жыландар топтап кіре бастапты. Ұзындығы 2 метрді шамалайтын жыландар жұрттың зәре-құтын алып біткен. Олар аз уақыттың ішінде ғана 50 адам мен 200 үй жануарын шаққан. Сосын үкімет оларға қарсы күреске солдаттарды жұмылдырған, бірақ олар жыландарды атып тауыса алмапты. Қалашықтың 36 мың тұрғыны күндіз-түні ұйқыдан қалған, көбі далаға қашқан. Ал жыландар төрт күн бойы көшумен болыпты, олар жанартау аумағынан қарсы бетке үдере көшіп, жолындағы қаланы басып өткен.

Алайда жыланнан құтылдық деп қуанған адамдарға одан да зор қауіп төніпті, көп ұзамай  жанартау атқылап, теңізде биіктігі 3 метрге дейін жететін толқындар пайда болған. Қаланың айлақта тұрған жалғыз кемеге мініп үлгерген тұрғындары ғана қашып құтылып, басқалары жанартау оты мен күлінің астында қалыпты. Бұл сұмдық апаттың арасынан Сен-Пьер қалашығының екі адамы ғана аман шыққан екен. Жыландардың неліктен жаппай көшкен себебін адамдар содан кейін ғана түсінген.

Жыландар бұдан басқа себеппен де қоныс аударуы мүмкін. Мысалы, 1982 жылы өзіміздің елде де бұған қатысты бір тылсым оқиға болған. Сол жылы Оңтүстік Қазақстаннан мыңдаған жыланның жер ауғаны туралы сөз бар. Оны өз көзіммен көрдім дегендердің де әңгімесін естігенбіз. Аңызға бергісіздей қызықтырып айтушы еді. Дегенмен сол оқиғаның себебін ешкім де зерттеп-біле алмаған сияқты, оның сыры тылсым жұмбақ күйінде қалды.

Жылына 100 мың адамның ажалына себепкер

Жалпы, әлемде жыланның ғылымға белгілі 3631 түрі бар екен. Олар Жер жүзінің Антарктидадан басқа барлық құрлықтары мен суларында мекендейді. 4 жылдан 30 жылға дейін өмір сүреді. Көбею жолы әрқалай, бірі жұмыртқа басып көбейсе, енді бірі баласын тірідей туады. Соның ішінде король кобрасы кәдімгідей ұя салып, оны қорып, қорғайды екен.

Табиғатта өздігінен көбейетін қосжынысты жыландар да болады, сондай-ақ еркек жыныстысы болмайтын, бірақ өздігінен көбейетін ұрғашы жыланның бір түрі бар екен.

Жыланның дене тұрқы ең кішкентай түрінің ұзындығы 10 сантиметрді құрайды, ал ең ірілерінің ұзындығы 10-15 метрге дейін, салмағы 200 килоға дейін жетеді. Осы алып жыландардың адамды жұтып қойған оқиғалары да болған. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын Үндістанның Керала штатында питон табиғат аясында мас күйінде ұйықтап қалған адамды жұтып қойған. Сосын жылжи алмай, қозғалыссыз жатқан алып жыланды адамдар өлтіріп, ішін жарған, бірақ адамды құтқару мүмкін болмаған. Ол әлдеқашан тұншығып өліп қалған екен.

Индонезияның Сулавеси аралында айдаһар жылан шаруашылық жұмыстарымен жүрген әйелді жұтып қойған. 54 жастағы бұл әйелді де құтқарып қалу мүмкін болмаған. Ол да тұншығып жан тапсырған екен.

Ал Малайзияда осындай питон жұтып қойған бір әйел тірі қалған. Өйткені іздеген адамдар не болғанын тез арада түсініп, «тойып» жатқан питонды ағаштар арасынан тауып алыпты, сосын жабыла әрекет етіп, оны өлтірген, сөйтіп қарнын жарып, әйелді құтқарып қалған. Әйел бірден есін жиып, болған оқиғаны айтып берген екен.

Жыланның да іш құрылыстары тірі жан атаулынікіне ұқсас. Оның да ішек-қарны, өкпесі, бүйрегі, жүрегі болады. Олар бірінің артынан бірі орналасқан, кей жағдайда жылжып, ауысып отырады. Мысалы, жылан ірі жемтікті жұтқанда қысылып қалмас үшін жүрек өзінің қалыптағы орнын ауыстырады екен. Ал жыланның асқазан ферменттері өте күшті, сондықтан да ол шайнамай, бүтін күйінде жұтқан жемтігін аз уақыттың ішінде қорытып жібереді. Ол тек жүн, қанат, тырнақ, тіс сиқты нәрселерді ғана қорыта алмайды, оларды кері шығарып тастайды.

Жыландардың өз жемтігін аулау, қоректену тәсілдері әрқалай. Бірі оны иісінен, дене қызуынан сезіп, ізінен тауып алса, енді бірі қозғалыссыз жатып аңдып ұстайды. Улылары жемтігін шағып өлтіріп барып жұтса, усыздары оның денесін орап, сығымдап қысып, буындырып, тұншықтырып өлтіріп барып, ал енді бірі тірідей жұтады. Олар иісті, қауіпті  айыр тілі мен басындағы және бауырындағы жер тербелісін аңғаратын бөлігі арқылы сезеді.

Азияда 100 метр қашыққа дейін ұша алатын жыландар да болады. Жалпы, жылан атаулыда 200-ге, тіпті 450-ге дейін омыртқа болады екен. Онда сондай-ақ омыртқаға бекіген қабырғалар да болады. Ұшатын жылан әуеде қалықтағанда осы қабырғаларын қанат есебінде жаяды дейді ғалымдар.

Әрине, адам мен жан-жануарлар үшін ең қауіптісі – улы жыландар. Бір шаққанда сеспей қатыратын, уын 3 метрге дейін атып жеткізетін жыландар болады. Мысалы, Филиппин кобрасының осындай ерекшелігі бар. Оның мергендігі сонша, уын осыншалық қашықтағы жемтігінің тура көзіне тигізе алады екен.

Жылан уы тірі ағзаға әрқалай әсер етеді. Бірі жаралаған жерін ашытып, қатты ауыртса, бірі зақымдаған жерін ісіндіреді, бірі жүрекке, бірі миға тікелей әсер етіп, салдандырады, енді бірі түгелдей ДНК жүйесін бұзады. Әлемдегі жыландардың 725-і аса улы саналады, осылардың ішінде 250-і тірі жанды бір шаққанда өлтіре алады.

Ал уының уыты жөнінен жыландар арасында бірінші орында тайпан деп аталатын жылан тұр. Оның тек біреуінен ғана алынған у 100 адамды сеспей қатыруға жетеді екен. Яғни оның уы ең ірі әрі улы саналатын король кобрасының уынан 180 есе күшті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, жыландар жылына 100 мың адамның өліміне себепкер болатын көрінеді. Осынша жанның тең жартысы үндістандықтар болып келеді екен.

…Жалпы, жылан тақырыбында айтылатын әңгіме көп. Оның уы медицинада да қолданылады. Айта берсек, тіпті оның етін азыққа тұтынатын елдер де бар. Біз тек бүгінгідей ыстық күндерде жылан шағып алуынан сақтанып жүру керегін естеріңізге салып қоюды мақсат тұттық.

Н. ӘБДІ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button