Білгенге-маржан

Жаңғақ жайлы не білесіз?

Бүгінде табиғаттың өзгеше бір сыйы – жаңғақ жемісінің де саудаға шығарылып жатқан шағы. Шымкент базарларында оның килосы қазір 900 – 1200 теңге аралығында сатылуда.

Күніне 5 данадан артық жеуге болмайды

Жаңғақтың адам ағзасы үшін пайдасы көп. Оның құрамында 70-75 пайыз аралығында май, 20 пайыз ақуыз, В, Д, Е, РР дәрумендері, каротин, аскорбин қышқылы, темір, фосфор, мыс, цинк, селен, тағы басқа да минералдар мен пайдалы заттар бар. Мамандардың дәлелдеуінше, бұл қуатты азықтың 1 килосының калориясы 15 кило сүттің немесе 4 кило нанның калориясымен тең түседі.

Жаңғақ балаларға, жүкті әйелдерге, әлсіз, жүйкесі жұқарған, иммунитеті төмен, эндокриндік бездері бүлінген адамдарға, тамыр тарылуынан, жүрек ауруынан зардап шегетін жандарға аса пайдалы. Оны ішек құрттарын жоюда да қолдануға болады. Әйелдер мен ерлердің жыныстық жүйесі жұмысын реттеуде де жаңғақтың пайдасы зор. Жапырағы мен жаңғақтың толық піспей тұрғандағы сыртқы жасыл қабығынан, сондай-ақ ағаштың өз қабығы мен тамырынан алынған тұнба, сығындылар көптеген дерт түрлерінен емделуде қолданылады.

Бұл жемістің майы асқа пайдалануға жарайды, сондай-ақ ол дәрі-препараттар, биологиялық белсенді қоспалар жасауда, косметика саласында да қолданылады. Жапырақтары да косметологияда көп пайдаланылады, оның құрамындағы заттар тері бояуда таптырмайтын аса сапалы бояу ретінде танылған. Жапырақтары мен дәні арасындағы пердесінен тұнба, сығынды арқылы алынған заттар түрлі жұқпалы аурулардан, асқазан, тері ауруларынан, түрлі жарақаттардан емдеуде қолданылады. Тіпті жемістің қатты қабығының өзі белсендірілген көмір түйірлерін шығаруда, сондай-ақ кейбір құрылыс материалдарын безендіруде қолданылады.

Жаңғақ адамды суықтан болатын сырқаттан да қорғайды. Оның құрамындағы антиоксиданттар қатерлі ісік пайда болуының алдын алады. Ол миға пайдалы, сүйектің тығыздығын арттырады. Бала емізетін әйел жаңғақты жеткілікті тұтынса, оның сүті құнарлы болады.

Дегенмен жаңғақты шамадан тыс жеудің ағзаға тигізетін кері әсерлері де жоқ емес. Өйткені онда биологиялық белсенді заттар көп. Сондықтан оның бірден 5 данадан артығын жеуге болмайды. Себебі ондағы магнезия тамырды тез тарылтады, одан қатты бас ауыруы, бас айналуы туындайды. Ол кей тері ауруларын да ушықтырып жіберуі мүмкін. Оны қан ұю ерекшелігі жоғары, ішек жұмысы нашар, семіздіктен, созылмалы панкреатиттен, гастриттен, асқазан жарасынан зардап шегетіндер де абайлап жегені жөн. Жалпы, бұған қатысты дәрігермен кеңесіп жүрген артықтық етпейді.

Жылына 1500 тонна өнім алады

Міне, өзімізге етене таныс жаңғақтың осындай ерекшеліктері бар екен. Ал бұл жемісті беретін жаңғақ ағашы 150 – 200 жыл, кейбірі 300 – 400 жыл өмір сүреді, тіпті 10 ғасыр, яғни 1000 жыл өмір сүргендері де болады екен. Ұзақ жасағандарының биіктігі 25-30  метрге дейін, діңінің диаметрі 7 метрге дейін жетеді. Мысалы, Оңтүстік Осетияда ХХ ғасырдың басына дейін өнім беріп тұрған бір жаңғақ ағашының диаметрі 7 метрге дейін жеткені туралы деректер сақталған. Ол жылына 1500 килодан өнім беріп тұрыпты. Сондай-ақ бүгінде Испанияда жаңғақ ағашының «520 жастан» асқан біреуі бар деп айтылады. Ал Грузияда қазір биіктігі 29 метр, 20 сантиметрден асқан бір жаңғақ ағашы бар екен. Жалпы, жаңғақ ағашы 60 жылға дейін белсенді түрде өседі, кейін оның өсуі баяулайды, беретін өнімі де азая түседі.

Жаңғақ ағашы өніп шыққаннан 7 – 9 жылдан кейін ғана өнім бере бастайды. «20 жасына» қарай ол толыққанды өнім беретін ағашқа айналады. Жемістерінің орташа салмағы 10-15 грамм аралығында болады, ең ірілерінікі 30-35 грамға дейін жетеді. 15-20  жыл және одан көп өмір сүрген жаңғақ ағаштарынан 150 – 200 килоға, кейбірінен тіпті 400 килоға дейін өнім алуға болады.

Бүгінде Қырғызстанның Жалалабад облысында ежелден сақталып келе жатқан жаңғақ орманы бар. Ол әлемде сақталған жаңғақ орман-тоғайларының ішіндегі ең ірісі саналады. Кей ғалымдардың зерттеу нәтижелеріне қарағанда Жалалабад жақтағы жаңғақ орманының өмір жасы 47 миллион жылдан асатын көрінеді.

Ал бұл жаңғақ орманы туралы ел арасында мынадай аңыз айтылады екен: «Мұхаммед пайғамбар дін жолына берілген бір аса тақуа адамды жер бетіндегі адам өмір сүруге аса қолайлы аумақты іздеуге жіберіпті. Сонда ол жапан даланы, орман-тоғай, тау-тасты кезіп жүріп Ферғана алқабындағы табиғаты өте әдемі, бірақ ағашы жоқ осы жерді тауып, Пайғамбарға айтып барыпты. Пайғамбар оған ішінде жаңғақтың да дәні бар бірнеше жеміс тұқымдарын беріп жіберіпті. Әлгі адам сол тұқымдарды тау басында тұрып етектегі тау өзенінің төңірегіне шашып жіберіпті. Содан осы жаңғақ орманы, онымен қоса алма, алмұрт, алша сияқты жеміс ағаштары қаулап өсіп шығыпты».

Арыстанбаб өзені алқабындағы бұл алып орман бүгінде 600 гектардан аса жерді алып жатыр. Оның 40  гектарында жаңғақ ағаштары өседі. Олардың ішінде бірнеше ғасыр өмір сүргендері де бар. Жыл сайын осы жаңғақ орманынан 1500 тонна өнім алынады екен. Сол төңіректегі Жалалабад, Ош өңірінен жаңғақты тонналап сататындардың шығуы осы себептен болса керек. Мысалы, бүгінде интернетте осы өңірлерден хабарлама бергендердің «20 тоннасы сатылады», «30 тоннасын көтерме бағасына беремін» деген сияқты жарнамалары шығып жүр. Ал әлгі орманнан жыл сайын жиналып алынатын басқа жемістердің өнімі 5 мың тоннадан асып жығылады екен.

Ғалымдар арасында жаңғақтың бұл түрінің түпкі отаны қай аумақ екені туралы түбегейлі тұжырым жоқ. «Ұлы Жібек жолы» арқылы қатынаған керуендермен келген болуы мүмкін деп айтылады. Біреулер оның отаны ретінде Иранды, енді біреулер Малайзияны, Грекияны атайды. Грекияны атайтын себебі – кезінде ол бірқатар елдерге сол жақтан апарылған. Сол себепті қазір бұл жеміс «грек жаңғағы» деп аталады.

Біздің жыл санауымызға дейінгі 329-жылы әйгілі қолбасшы Александр Македонский Орта Азия жерінен әскерімен өз еліне қайтып бара жатқанда Ферғана алқабындағы осы жерге біраз аялдаған көрінеді. Сонда грек сарбаздары осы жаңғақтан елдеріне ала кетіпті, Грекияға жаңғақ солай барған деген де сөз бар.

Қалай болғанда да қырғыз ағайын жаңғақ әлемге біздің елден таралған деп мақтанса, онысын қисынсыз деп айту қиын сияқты. Өйткені Қырғызстандағыдай ежелден келе жатқан алып жаңғақ орманы қазіргі күндері бүкіл әлемде жоқ.

Түбінде ұйықтағанның есі ауысады…

Жоғарыда Қырғызстандағы жаңғақ орманына қатысты аңызды айттық. Сондай-ақ ол орманды кезінде елді жаудан қорғаған бір батырдың өсіргені туралы да аңыз айтылады екен. Ешкімге дес бермеген сол батырды жауға әйелі сатып, соның опасыздығы кесірінен қаза тауыпты дейді. Содан бері ол орман «Арыстанбаб орманы» деп аталады екен деседі.

Ол жерде қаптаған жеміс ағаштарынан басқа табиғат таңғажайыптары да көп. Онда әулие атаның атындағы мешіт, таудан құлап ағатын екі үлкен сарқырама, жұрт әулие деп кие тұтатын көл, «Қырық періште» деп аталатын үңгір, тағы басқа жерлер бар. Сондықтан ол аумақ ұлттық қорыққа айналдырылған. Онда жыл сайын мыңдаған туристер барып, жаяу және атпен серуен құрып, табиғат аясында тынығып қайтады.

Жаңғақ ағашы туралы бұдан басқа да аңыздар аз емес. Мысалы, оны тек кәрі адамдар егуі керек, ол өзін еккен адам қайтыс болғасын ғана өнім бере бастайды деп те айтылады. Сондықтан қазақ арасында жаңғақ ағашын жастарға еккізбеуге тырысатын әдет бар. Жалпы алғанда бұл кезінде кей саудагерлердің жаңғақтың кеңінен таралмай, өз саудасының тұрақты жүріп тұруы үшін ойлап тапқан қулығы болса керек. Қалай дегенде де ел арасында бұл тыйымды ұстанатындар көп.

Сондай-ақ жеміс салмай тұрған жаңғақ ағашына балтамен барып, «шауып тастаймын» деп қорқытса, ол көп ұзамай жеміс сала бастайды деген де наным бар.

Жаңғақ ағашының астында ұйықтап қалған адамды жын ұрып, аузы қисайып, есінен адасады деген де сөз кеңінен таралған. Сондықтан жұрт балаларына түнге қарай ағаш түбіне бармауды, жалпы, оның түбіне жатпауды ескертіп отырады. Өйткені расында да жаңғақ ағашының астында жатып қалып жүйке жүйесі зақымданған адамдар бұрын-соңды талай мәрте ұшырасқан екен.

Ал жаңғақ ағашы құны жағынан аса бағалы саналады. Өйткені ол өте сапалы. Одан әсіресе қымбат тұрмыстық жиһаздар көптеп жасалады. Әйгілі «БМВ», «Мерседес», «Бентли» автокөліктерінің кейбір бөліктеріне де ол өзгеше сән беретін зат ретінде қолданылады. Жаңғақ ағашынан одан басқа да көптеген заттар жасалады. Дегенмен бұл ағаш жиі қырқылмайды, өйткені оның жемістерінен келер пайда әлдеқайда көп.

Еккен кезде астына неге тас салу керек?

Жалпы, жаңғақ ағашын егудің өзіндік ерекшеліктері баршылық екен. Мамандардың айтуынша, оны көктемде еккен дұрыс, сонда ол ауа райы мен топыраққа тез бейімделеді. Егудің екі түрлі тәсілі бар: оны дәнінен және көшетінен отырғызуға болады.

Дәнінен отырғызудың тәсілі күрделірек. Ол үшін мықты дәнді дұрыс таңдап, дұрыс сақтап, дұрыс еге білу керек. Жұртшылық арасында оны егудің қалыптасқан тәсілі мынадай: Дәнді әбден дайындап алады да, алдын-ала, негізінен күзде қазылып, топырағы органикалық тыңайтылған шұңқырға көмеді. Астына тас қойып, соған төрт-бес жаңғақ орналастырады. Осылардың бәрі немесе бір-екеуі өніп шығады. Осының ішіндегі ең мықтысын қалдыру керек. Сосын оған басқаша күтімдер жасалады. Ал астына тас салатын себебі – жаңғақ ағашы тамырын тереңге жіберіп өседі, сондықтан тас ағаш тамыры тікелей төменге емес, жан-жаққа жайылып қалыптасуы үшін керек.

Жаңғақ ағашына жақын жерге көкөніс, гүл екпеген дұрыс. Себебі бұл ағаш кейін өзімен азықтық заттарға таласатын өсімдік шықпасы үшін топыраққа, жан-жағына зиянды химиялық заттар бөледі. (Мұны бұл ағаштың айналасы тақырланып жататынынан да аңғаруға болады). Оған көптеген жәндіктердің жолай бермейтіні де сондықтан. Дегенмен аса жел қақпайтын, пана жерде тұрған ағаштан бөлінген мұндай заттар көп әсер етсе, оның адамға да зияны тиеді.

Ал қысқа қарай жаңғақ ағашына біршама қамқорлық қажет болады. Алғашқы суық түспей тұрып оның жан-жағын жапырақтардан тазартып, тамырына 25 литрдей су құйып, діңінің төменгі жағын жылы ұстайтын заттармен орап қойған дұрыс.

…Бүгінгі күндері Түркістан облысында жаңғақ өсіруге көп көңіл бөлініп жатыр. Ғалымдардың пайымынша, оған негізінен Түлкібас ауданының жері тиімдірек. Сондықтан бұл ауданда кейінгі кездері бірнеше аумақта жаңғақ бақтары отырғызылған. Бүгінде олардан жүздеген тонна өнім алынып та жатыр. Жаңғақты сондай-ақ Төлеби, Сайрам аудандарында, облыстың басқа бірқатар аудандарында да егеді.

Р. ҚАЛТАЙ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button