Білгенге-маржан

Жүрекке «жау» қайдан келеді?

Соңғы жылдары инфаркт пен инсульттен болатын өлім тым жиілеп барады. Оның негізінде атеросклероздан басқа, адамдардың жүйке жүйесінің шаршауы, олардың дәрменсіздікке ұшырап, депрессияға түсуі жатыр.

Жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің көптеген дамыған елдерінде денсаулық сақтау саласының басты проблемаларының біріне айналып отыр. Ол көбіне ересек адамдарды мүгедектікке шалдықтырады немесе өлімге әкеліп соқтырады. Әлемдегі өлім-жітімнің 52 пайызын осы жүрек-қан тамыры аурулары құрайды екен. Еуропада жыл сайын осы ауру салдарынан шамамен 3 миллион адам қайтыс болса, Ресейде 1 миллион адам, ал Қазақстанда 80 мың кісі осы аурудан көз жұмады.

Жүрек-қан тамыры ауруларына әкеліп соқтыратын басты себептер қандай? Ол адамдардың өз денсаулығына көңіл бөлмеуі, сонымен қатар жағымсыз экологияның салдары да жетерлік. Олай болса, жүрек ауруларына себеп болатын бірнеше жайға тоқталып өтейік.

Семіздік. 80% жағдайда адам ағзасына жеген тамағы арқылы әсер етеді. Артық салмақ немесе семіздік деңгейін анықтау үшін «дене массасының индексін» анықтау қажет. Егер сізде артық салмақ бар болса, онда ойлануға тура келеді. Эндокринолог-дәрігерге көрініп, кеңестерін орындап, диета ұстап, қажет болса, емделу керек.

Қант диабеті. Бұл қанда қант (глюкоза) мөлшерінің көбейіп кетуінен пайда болатын дерт. Ауру 40-тан асқан, тамақты шектен тыс көп ішіп, толыса бастаған адамдарға тән. Қант диабеті – көмірсутек, май, ақуыздың зат алмасуының созылмалы бұзылуы, қанға көп мөлшерде қант түйіршегінің бөлінуі басталады. Диабет инсулиннің асқазан асты безінен жеткілікті мөлшерде бөлінбеуі салдарынан басталады. Инсулинсіз ағза қант түйіршегін өңдей алмайды, салдарынан қанның құрамында қант мөлшері артады.

Стресс. Оның денсаулыққа кері әсері көп. Көңіл-күйдің толқуы, мазасыздану адамның жүйке жүйесі арқылы беріледі. Жағымсыз эмоциялар вегетативтік жүйені қоздырады, ішкі органдарға, эндокриндік бездердің қызметіне әсер етеді,  ағзадағы гормондардың тепе-теңдігі бұзылып, жүрек соғысының, ырғағының бұзылуына, қан қысымының көтерілуіне, бұлшық еттердің, қан тамырларының тартылуына соқтырады.

Темекі шегу. Темекі – заңды түрде қолдануға болатын есірткі түрі. Темекі  жапырағында танин, желім, шайыр, крахмал және алколоидер бар өсімдік. Оның түтінінде 30-дан астам улы заттар бар: никотин, көмір қышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар және басқа да денсаулыққа зиян заттар өте көп. Олар тамырды қатайтып, атеросклероз туындатады, қол, аяқ тамырларының бекітілуіне себеп. Ми тамырларын қатайтып, салдануға себепші болады. Жүрек миокардысының инфарктіне (жүрек ұстамасы) жол ашады. Есте сақтау қабілетін азайтады. Көңілсіздікке душар етеді. Ұйқыны азайтады. Теріге әжім түсіреді.

Тұқым қуалаушылық. Жүрек-қан тамырлары ауруларында тұқым қуалаушылық факторының да бар екені дәлелденген. Егер ата-аналарында 60 жасқа дейін осындай ауру анықталса, олардың ұрпақтарында да осы ауруға бейімділік болады. Зерттеу нәтижелері де жүректің ишемиялық ауруы анықталған науқастардың ұрпақтарында ерте жастан қоронарлық қан тамырларының қатаюы байқалатынын анықтаған.

Холестерин. Бұл қанның құрамында болатын стериндер. Олар тек азық-түліктерде ғана емес, өзіміздің ағзамызда да болады. Сіз мүлде холестерин жемеген күнде де, ол ағзаңызда синтезделеді. Әрине, майлы, қуырылған тағамдар көп жеген сайын холестерин мөлшері көбейеді.

Гиподинамия. Бұл қимыл-қозғалыстың аздығы деген сөз. Ол ағзадағы зат алмасудың баяулауына себеп, нәтижесінде семіздік пайда болып, қан айналымы бұзылады. Гиподинамия XXІ ғасырдың ауруы. Бүгінгі техникалық прогресс адамдардың аз қозғалысына себеп болып отырғанын көріп жүрміз. Ал ғалымдар көп қимыл-қозғалыс жасаған адамдар жүрек-қан тамыр ауруларымен аз ауыратынын дәлелдеген.

Адамның жасы мен жынысы. Жүрек ауруларына адамның жасы да әсер етеді. Статистикалық көрсеткіштер ер адамдар әйел адамдарға қарағанда ерте және жиі ауыратынын көрсетеді..

Артериалды гипертония (қан қысымының жоғарылауы). Қан қысымын диета сақтау мен гипотензивті препараттар қабылдау арқылы төмендетуге болады.

«Дәрігер ауру адамды емдейді, ал аурудың алдын-алу – әрбір адамның өз қолында» деп айтылады. Рас сөз. Жүректі жүдетпеңіздер!

Д. ӨМІРБЕК.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button