Білгенге-маржан

Ұзақ өмір сүргіңіз келсе…

Адамның өмір жасының қалай болмағына тұқым қуалайтын ерекшеліктер ғана емес, оның өмір салтының да тікелей әсері болады. Яғни адам дұрыс күтініп, денсаулығына қамқорлықпен қараса, өз өмірін біршама ұзарта алады дейді ғалымдар.

Ол үшін адам саламатты өмір салтын ұстануы керек. Үнемі қимыл-қозғалыста болғаны дұрыс. Бұл тұрғыда оған негізінен жылдам жүру, жүгіру, жүзу сияқты қозғалыстар өте тиімді әсер етеді екен. Сонда жүрек пен тамырлардың жұмысы қалыпты деңгейде болады, адамды артық салмақ мазаламайды. Адам керіліп-созылдыратын қимылдарды да тұрақты жасап тұрғаны дұрыс.

Ал ағзаға салмақ салатын жаттығулар бұлшық етті қалыпта ұстауға қызмет етеді. Мұндай жаттығулармен тұрақты айналысқан адам жасы ұлғайған кезде де қуатын аса жоғалта қоймайды.

Сондай-ақ кекірік ата тойынбай, жеткілікті мөлшерде, дұрыс тамақтана білу аса маңызды. Қант пен тұзды көп қолданбаған жөн. Оның орнына, мүмкін болса, күндігіне жарты килодай көкөніс, жеміс-жидектер жеп тұрған дұрыс. Ағзаға ақуыздардың тек ет өнімдерінен ғана емес, өсімдіктекті өнімдерден, сүт өнімдерінен, сондай-ақ балық етінен де түсіп тұруын қадағалау керек. Бұлардың ара салмағы аздаған ауытқумен шамалас деңгейде болса, тіпті жақсы.

Ерінбей, уақыт бөліп, қан құрамындағы заттардың көлемін, жүрек соғысын, қан қысымының деңгейін тексеріп тұрған да пайдалы. Яғни қалыптан қандай да

бір ауытқу болса, оның себебін білу үшін дәрігерге көрініп, тиісті кеңес алып тұрған абзал.

Таза ауада серуендеуді әдетке айналдырған жақсы. Тұрғын-жайдың, жұмыс орнының денсаулыққа әсеріне де мән беру керек. Психологиялық ахуалды да қалыпта ұстауға тырысқан абзал.

Қысқасы, адам өз денсаулығына қамқорлықпен қарауы, оны бұлжымас әдетке айналдыруы керек. Сонда оның ұзақ жасауға мүмкіндігі арта түседі екен. Мамандар осындай кеңестер беріп отыр.

Н. ӘБДІ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button