Білгенге-маржан

Сүлеймен патша өлместің суын неге ішпеді?

Сүлеймен патша өлместің суын алдырып, ішкісі келеді. Ол күллі мақұлықты жинап:

– Мен өлместің суын алдырдым. Ақыл қосыңдар. Ішкен соң өкініп жүрмеймін бе? – деп сұрады. Барлық мақұлық:

– Сіз ішпегенде кім ішеді?! Сіздей әділ патша мәңгі жасаса жарасады, – деп жамырасты. Патша жан-жағына қараса, кеңеске Мәзере құмырсқа келмепті. Сауысқанды құмырсқаға жұмсады. Ол келмеді. Екінші ретте «алып кел» деп қашырды жұмсады. Тағы да келмеді. Үшінші жолы ит барғанда, бірге ілесіп келді. Сүлеймен құмырсқаға қаһарланып:

– Әмірімді неге үш еттің? – деді.

– Өлімді ойлап, ахиретке дайындық үстінде едім. Әміріңізді естімей қалдым, – деді.

– Сауысқан айтпады ма?

– Сауысқан Зәкәрияны залымдарға ұстап берген. Сол үшін оған сенбедім.

– Қашырды неге тыңдамадың?

– Ол Ыбырайымды отқа жаққанда, жау жағына өтіп кеткен. Оған да сенбедім. Ал ит – әлімсақтан Адамның досы, айнымас серігі. Оған сендім, – деді. Сүлеймен құмырсқаның тапқырлығына риза болды. Оған өлместің суын көрсетіп:

– Мынаған не айтасың? – деді.

– Тілімді алсаң, ішпе.

– Неге? Менің мәңгі жасайтынымды қызғанасың ба? Бәрі іш деп жатыр.

– Қызғаныштан Құдай сақтасын. Алланың бергенін сайтан қызғанады. Бірақ мынаны ескергейсің. Мәңгілік Құдайға жарасқан. Алламен таласу пендеге қол емес. » Адалдық – момын құлды Аллаға жалғайтын алтын көпір» деген. Жүрегі таза пендесі Алламен кездесуге ынтық болар. Әр дәуірдің өз халқы, өз патшасы болады. Заманы бөлек ұрпақпен әңгіме жараспас. Қатарыңнан қалған соң, қадірің қашады, – деді.

Сүлеймен судан бас тартып, ыдыстағы суды шашып жіберді. Өлместің суы шыршалар мен аршаларға шашырады. Олар осыдан бастап мәңгі жасыл ағашқа айналды…

(Қайрат Нұрлықасымұлының парақшасынан).

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button