Білгенге-маржан

Соғыста танкист болған қазақ қызы Отырардан шыққан ба?

«Замананың» 22-наурыз күні жарық көрген нөмірінде «Соғыста танк айдаған қазақ қыздары» деген тақырыпта мақала жариялаған едік. Онда айтылған жайларға қатысты редакциямызға бір оқырман хабарласты. Ол бізге бір ерекше жай жөнінде айтты.

«Сол төрт танкист қыздардың бірі – Жәмила Бейсенбаева деген апамыз Отырар ауданындағы Ақтөбе ауылының қызы болған екен. Қазір оның туған ағасының балалары бар. Бекжан деген жігіт, менің кластасым. Әкесі Кәлен деген кісіні көзіміз көрген, Жәмила Бейсенбаева осы кісінің әпкесі не қарындасы болып келеді. Бірде осы тақырыпты ортаға салып, талқылағанбыз», – деді ол кісі. Сөйтіп біздің өтінішіміз бойынша шәуілдірлік өлкетанушы, бірнеше кітаптардың авторы Бекжан Бейсенбайдың байланыс телефонын тауып берді.

Осы орайда алдымен жоғарыда аталған мақала мазмұнын қысқаша қайталай кеткен дұрыс болар. Ол мынадай: 1944-жылдың тамыз айында «Советтік Қарағанды» газетінде майданда жүрген Топатай Жүнісов деген жауынгердің бір танк экипажында қызмет ететін Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Күлжәмила Талқанбаева және Жәмила Бейсенбаева есімді төрт қазақ қызы туралы жазған хаты жарияланған екен. Осында Ж.Бейсенбаеваның есімі байланысшы әрі атқыш ретінде аталады. Әлгі хатта бұл қазақ қыздарының соғыстағы ерлік істері жөнінде нақтылап айтылған. Бары осы ғана, олар туралы сол кездері де, соғыстан кейінгі жылдары да бұдан басқа ешқандай дерек болмапты. Литва

жерін жаудан азат ету кезінде қаза тапқан деген болжам ғана бар. Олардың Қазақстанның қай өңірлерінен болғаны, жалпы өмірбаяны туралы басқа мәліметтер жоқ, іздеуге әрекет жасағандар да оны толықтыратын деректер таппаған.

Енді, міне, сол батыр апаларымыздың біреуі туралы деректің ұшы шығып тұрған сияқты. Сондықтан біз отырарлық Бекжан Бейсенбаймен хабарласып, ол кісіге бірнеше сұрақтар қойдық.

«Әкем Кәлен Бейсенбаевтың Жәмила есімді жалғыз қарындасы болған екен, – дейді ол кісі. – Яғни апамыз Жәмила Бейсенбаеваның аты-жөні сол танк айдаған қыздардың «байланысшы, атқыш» деп көрсетілген бірінікімен сәйкес келіп тұр. Әкем қарындасын майданға кетіп оралмады, одан бірер хаттан басқа хабар-ошар болмады деп айтып отыратын.

Әкемнің білімі екі кластық қана. Сол кездердегі ауыр жағдайларға байланысты оқи алмаған. Өзі денсаулығы жарамайтындығына орай соғысқа да алынбаған, бірақ жұмысшылар армиясында болған кісі еді. Ақтөбе жақтағы мұнай өндіретін жерлерде жұмыс істеп, елге соғыс аяқталғасын екі-үш жылдан кейін оралған екен.

Ал атамыз Бейсенбай кезінде бақуат тұратын, саудамен айналысқан кісі болыпты. Ол кездері Шілікте үлкен базар болады екен. Атамыз сол базар мен Ташкенттің арасында саудасын жүргізген, елге белгілі адам болған. Ол кісінің Ташкентте тамыр-таныстары аз болмағанға ұқсайды. Бірақ атамыз 1920-жылдардағы қиын кезеңде алдымен әйелі, сосын өзі өмірден өтіпті. Сөйтіп оның екі баласы – Кәлен мен Жәмила тас жетім болып қалған. Атамыздың алған екінші әйелі де болған екен, ол да көп ұзамай дүние салыпты. Одан бала болмаған. Ал жетім қалған менің әкем мен қарындасы ағайындарының қолында тәрбиеленіпті. 1930-жылдардағы ашаршылық кезінде олар туыстарынан көз жазып қалған.

Әкем өмірде көп қиындық көрген жан еді, денсаулығы жоқ болған соң ба, әңгімені көп айта бермейтін. Екі кластық қана білімі болғасын жазуды да ежіктеп оқитын. Қарындасы туралы айтқанын алғаш рет 1980-жылдары естіген болуым керек. Онда да көп емес. Осыған жастықпен аса мән де бермеген екенбіз, есте қала да бермейді ғой.

«Қарағандыға барып, оқуға түскені, сол жақтың бір жігітімен тұрмыс құрғаны туралы хат келген. Ол өте бір қиын кездер еді, құда болып араласпақ түгілі артынан іздеп баруға да жағдай болмады. Кейін одан күйеуінің соғыста опат болғаны жөнінде айтып: «Артынан бала да қалған жоқ. Енді қарақан басым не істеймін, мен де майданға сұранып кетіп барамын» деген хат келген. Сосын майданнан да бір мәрте хат келді. Сол бірер хаттың өзі де кейін өзіміз баспен қайғы болып жүргенде жоғалып кетті. Жәмиланың өзінен содан бері бір хабар болмады. Соғыста қаза тапты-ау, тірі болса, осы уақытқа дейін бір хабарын берер еді, мені іздеп тауып алар еді ғой», – деп армандап отыратын еді көкем.

Менің әкемнен естігенімнің бары осы ғана. Өкініштісі, қарындасынан келген хаттардың толық мазмұны ол кісінің есінде қалмапты. Біз де тықақтап сұрай қоймаппыз.

Мен олар туралы жазылған мақаланы оқыдым, «Ютубтан» көрдім. Онда айтылған танктің байланысшы, атқышы Жәмила Бейсенбаеваны әкемнің сол қарындасы, біздің апамыз-ау деп топшылап отырмын. Ол алдымен Ташкентте оқыған болуы да мүмкін, өйткені Бейсенбай атамыздың Ташкентте араласқан жолдастары көп болған екен. Ал енді қарындасының кезінде Қарағандыда оқығаны, сол жақта тұрмыс құрғаны туралы әкем айтып берген. Әлгі танк экипажы құрамында соғысқан сол Жәмила Бейсенбаева ма, мен білмеймін. Бірақ сол-ау деудің қисыны келіп тұр. Анығын білсем, ол туралы роман жазар едім. Бірақ бар білетінім осы аз деректер ғана».

Бекжан Кәленұлы бізге осылай деді. Әрине, анық көзі жетпегеннен кейін ол кісі соғыста танк экипажында болған Жәмила Бейсенбаева нақ менің апам деп те айта алмай отыр. Бекеңді де түсінуге болады. Алайда осында айтылған Бейсенбайдың Кәлен және Жәмила есімді балаларының бастан өткергеніне зер салсақ, соғысқа кетіп, майданнан оралмаған Жәмила Бейсенбаеваның соғыс кезінде Қарағандыда тұрғанын қаперге алар болсақ ше? Онда майдандағы төрт қазақ қызынан құралған экипаж мүшесі – байланысшы, атқыш Жәмила Бейсенбаеваның отырарлық қаламгер азамат Бекжан Бейсенбайдың туыс апасы болып шығуы да әбден мүмкін сияқты.

Осылай бір деректердің ұшы шығып, іздене берсек, майданда танк айдаған батыр апаларымыз, Ұлы Жеңіске үлес қосқан қазақтың төрт батыр қызы туралы толық мәліметтер шығып қалуы да ғажап емес-ау деп ойлаймыз. Лайым солай болғай! Ел басына күн туғанда жауден елді қорғаған ерлердің есімі елдің есінде мәңгілікке сақталуы керек қой.

Р. ҚЫДЫР.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button