Білгенге-маржан

Соғыста танк айдаған қазақ қыздары

Ұлы Жеңіске 77 жыл. Ал бұл Жеңіске үлес қосқан қазақ батырларының аз болмағаны белгілі. Өкінішке орай, олардың көбінің ерлігі, еңбегі ескерусіз, тіпті мүлде ұмыт қалдырылған сияқты. Бұлай деуімізге себеп көп.

Мысалы, кезінде Қарағанды қаласынан шығып тұрған «Советтік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 22-тамызда жарық көрген нөмірінде Топатай Жүнісов есімді қазақ солдатының №28054-0 дала почтасынан жіберген хаты жарияланған екен. Ол хат газетте «Танкіші қыздар» деген тақырыппен басылып шығыпты. Мақалада танк экипажының командирі, кіші сержант Жамал Байтасова, экипаж мүшелері Күлкен Тоқбергенова (оқтаушы), Күлжәмила Талқанбаева (механик-жүргізуші), Жәмила Бейсенбаева (байланысшы, атқыш) есімді қазақ қыздарының ерлік істері туралы айтылыпты. Сол кездері олар «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған екен.

Қазақ солдаты Т.Жүнісов Литваны жаудан азат ету шайқастары кезінде қазақ қыздарынан құралған бұл танк экипажымен кездесіп, тілдескенге ұқсайды. Ол батыр қыздардың басқаруындағы танктің жаудың бірнеше атыс нүктелерін, темір-бетоннан жасалған дзоттарын талқандап, көптеген жаяу әскерін жойып жібергені туралы жазыпты.

Өкінішке орай, қазақтың бұл батыр қыздары туралы бар дерек осы ғана. Осы қалпында ол профессор Ғ.Әбішевтің «Отан туы астында» деген атпен 1968 жылы жарық көрген монографиясында басылыпты. 1974 жылғы желтоқсан айында майдангер жазушы Қалмұқан Исабаев «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қайда екен, қайда, сол батыр қыздар?» деген мақала жариялапты. Ол осы төрт қазақ қызы туралы қандай да бір дерек білетіндер болса, оны толықтыру керегін айтып, мәселе көтерген екен. Бірақ басқадай ешбір хабар-ошар болмапты.

Бұл тақырыпқа қатысты тарих ғылымдарының докторы Зәуреш Сақтағанова да біраз ізденіп көргенге ұқсайды. «Ұлы Отан соғысы жылдарында танк әскерлерінде 50-ден аса қыздар қызмет еткен екен. Олардың арасынан біреуі Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Ал экипаж мүшелерінің толықтай қыздардан құралуы соғыс тарихында бұдан басқа болмаған. Мәскеуде өткен халықаралық «Жауынгер тағдыры» конференциясында мен Латвия мен Литвадан келген іздеушілерге осыны айтқанда олар: «Бұл нағыз бомба ғой!» – деп таңқала қызыққан еді. Мен олар туралы деректің соңғы ізі Литвадан шыққанын, олардың шамамен Литва жерінде қаза тапқаны туралы ғана дерек барын айттым. Оны кезінде жазушы Қалмұқан Исабаев та іздеген. Ешқандай деректері, туыстары да табылмады, өздері тұрмыс құрмаған жас қыздар болған сияқты. Олардың қандай жағдайда қаза тапқандары туралы ешкім де білмейді. Кезінде олар туралы Қарағандының «Советтік Қазақстан» газетінде қазақ жауынгерінің мақаласы жарияланған. Онда қазақ солдаты олардың немістердің атыс нүктелерін, дзоттарын қалай талқандағаны туралы жазады. Бұл – ойдан шығарылмаған, «біреу айтты» дейтіндей нәрсе емес, шайқас жүріп жатқан аумақтан жіберілген әскери дерек», – дейді ол кісі ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында.

Қысқасы, бұл батыр қыздар туралы деректің бары осы ғана екен. Адам тағдыры, басын қатерге тігіп соғыстың қайнаған ортасында жүрген төрт бірдей қазақ қызы туралы сақталған дерек осы ғана. Аты-жөндері, қазақ екендері белгілі, бірақ қайда туып-өсті, майданға қалай тап болды, қандай шайқастарға қатысты, қай жерде, қандай жағдайда қаза тапқан, қайда жерленген деген сияқты толып жатқан сұрақтардың жауабы жоқ. Оларды соғыстан соң ешкімнің іздеп, сұрамағаны, кейінгі іздеушілерге ешкімнен көрдім-білдім, естідім деген сияқты жауаптың келмегені де ойландырады. Ата-ана, бауырлары, қатар-құрбылары, дос-жаран, ауылдастары, тіпті жай ғана таныстары да болмағаны ма? Оларды майдандағы басқа қазақтардың, соғыстан аман оралғандардың да көрмегені ме?

Соғыстың бір сұмдығы да осында жатыр ғой. Майданда қаза тапқан қаншама аталарымыздың аты белгілі болғанымен артында «хабарсыз кетті» дегеннен басқа дерегі қалған жоқ. Танк экипажындағы қазақтың төрт батыр қызы да аласапыран шайқастардың бірінде сондай бір қатерге ұшырады ма екен?

Ал туған-туыс, дос-жаран… Оларды соғыстың алдындағы болған байларды тәркілеу, ұжымдастыру жылдары, одан кейінгі алапат ашаршылық, жаппай саяси қуғын-сүргін науқаны жалмаған жоқ па екен деген де ой келеді. Төрт бірдей адамның соғысқа дейінгі өмірінен де ешқандай дерек қалмапты. Әлде олар әкелері «халық жауы» атанып, өздерінің жаңа өкіметке адалдығын көрсету үшін соғысқа сұранып барды ма екен? Әлде тұл жетім қалып, балалар үйінде өскендер ме екен? Қазақ ашаршылықтан шыбындай қырылып жатқанда тас жетім болып қалған ондай балалар да ел ішінде аз болмаған ғой.

Сұрақ көп, жауап жоқ. Осыны ойлаудың өзі қорқынышты. Дегенмен үміт жоқ емес шығар. Бұрынғылар іздеуден ештеңе шығара алмаған болса, қазіргілердің мүмкіндігі көбірек қой. Интернет бар, әскери архивтер бар, елдер арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас бар. Іздеймін, табамын деушілер шығып жатса, мүмкін ол апаларымыз туралы нақты бір деректер шығып та қалар. Үміт үзілмесінші әйтеуір.

Р. ҚЫДЫР.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button