Білгенге-маржан

Құлмақ қосылған нан

Құлмақпен (хмель) ашытылып пісірілген нан жеп көргендеріңіз бар ма? Менің марқұм енем үнемі осыдан ашытқы жасап нан пісіретін.

Ол кісі құлмақты шырмауық деп атайтын, бәлкім шырматылып өсетіндіктен солай аталып кеткен болар. Нанның дәмі ерекше дәмді және жақсы көтерілетін. «Ашытқымен ашытылған қамырдан қышқыл дәм шығып тұрады. Ал мынау қамырды жақсы көтереді, ағзаға да пайдасы өте зор», –  деуші еді жарықтық.

Бүгін үйімнің ауласынан осы өсімдікті көріп, енем есіме түсіп кетіп, көңілімді бір босатып алдым. Сағыныштың көз жасы болар. Дереу ғаламтордан қарасам, енем марқұм текке айтпапты. Құлмақтан жасалған ашытқы адам ағзасына қажетті витаминдер мен минералдардан, микроэлементтерден тұрады екен. Оның құрамында адам ағзасына қажетті  Д және В1 ,В2, В5, В6  витаминдері, кальций, темір, магний, мырыш, марганец минералдары бар екенін білдім. Бұрынғылар бәрін білген екен ғой.

Енем марқұм құлмақты күзде жинап, кептіріп, бір дорбада сақтап қоятын. Одан ашытқы жасап нан, бауырсақ пісіріп отырушы еді. Бауырсақтары да ерекше домалақ, кәдімгі алманың көлеміндей әдемі болып пісетін. Екеуміз самаурынның шоққа қайнаған шайымен, енемнің өз қолымен дайындаған ыстық бауырсақ, ірімшік, құрт, сары майымен сораптап шай ішіп, әңгіме-дүкен құрған қайран кездер-ай десеңші…

Енді мен де ауламнан құлмақ жинап, кептіріп қойдым. Бұйыртса, қамыр илеп, келініме үйретемін. Енді мен де ене болдым ғой. Өмір алма-кезек деген…

Лаззат ТОҚМОЛДАЕВА.

«Facebook».

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button