Білгенге-маржан

Кептірілген өрік бүйрек пен жүрекке ем

Қызым жасына толмай тұрғанда іші қатып қала беретін. Әртүрлі дәрілер беріп әбден қиналдық. Дүниеде кішкентай балалардың іші қатып қалғаннан қиын ауру жоқ екен. Баламен бірге өзіміз де қиналушы едік.

Жаз шығып, өрік піскен кезде тосап, нәрсу, шырын қайнатып, қызыма ішкізе бастадық.  Кішкентай қызым өріктің шырынын ішкен күні қиналмайды. Сосын қысқа да арнап қайнатып, банкіге жауып, қалғанын кептіріп алдық. Қыс бойы қызыма өрік шырыны мен нәрсу ішкізгеннің арқасы болар, іші бұрынғыдай қатпады.

Көктем шыға банкіге жапқан шырынымыз таусылып, кептірілген өрікті жуып, ыдысқа салып, үстінен қайнаған су құйып, науат саламыз. Өрік суықтық болса, науат ыстықтық болып екеуі теңесіп тұрады дейтін апам. Қызым алғашында кептірілген өріктен жасалған сусынды ішкісі келмей жүрді. Кішкентай ғой. Алдап-сулап ішкіземіз. Өзіміз ішіп көрсетеміз, өрігін жейміз. Бізге еріп, ол да жеп-ішеді.

Алдында дюфалак, тағы басқа ішті жүргізетін дәрілер беріп, «свечилер» салатынбыз. Кейін осы өрікке үйренгесін дәрілерді пайдаланбайтын болдық. Алты-жеті ай өріктің шырынын, кептірілген өріктен нәрсу дайындап ішкізіп жүріп, қызым ауруынан түбегейлі айығып кетті. Қазір іші мүлдем қатпайтын болды.

Жақында бүйрегім ауырып, дәрігерге қаралдым. Дәрігер дәрі қабылдағаннан гөрі кептірілген өрікті қайнаған суға салып ішкенім дұрыс екенін айтты. Ол несеп айдап, бүйректің жұмысын жақсартады екен. Ішті жүргізіп, қан айналымын реттейді екен. Жүрекке де пайдалы екен. Дәрігерден мұны естіп алғасын кептірілген өрікті күнде кешкісін банкіге салып, үстінен қайнаған су құйып қоятын болдым. Ертесіне бәріміз ішіп жүреміз. Есесіне, балаларымыздың да, өзіміздің де ішіміз қатпайды. Бүйрегім де мазаламайтын болды.

Жалпы, ауырып ем іздегеннен, ауырмайтын жол іздеп, қолда бар өнімдерді неге осылайша пайдаланбасқа? Химиялық жолмен әзірленген дәрілер бір жерімізді емдегенмен, екінші жерімізге зақым тигізіп жатады. Ал табиғи өнімдердің ағзаға ешқандай кері әсері жоқ.

Қ. ЖАРМАҒАМБЕТОВА.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button