Білгенге-маржан

Картоп туралы қызықты деректер

Бүгінде ел імізде картоп қымбаттап, оның төңірегінде әңгіме көбейіп тұр. Осыған орай бұл дақыл Қазақстанға қай кезде, қайдан келген деген сұрақ төңірегінде деректер қарастырып көрген едік.

Қазақстанға қалай келген?

Картоптың отаны Оңтүстік Америка екен. Аталған материктің тұрғындары, яғни үндістер оны осыдан 8 мың жыл бұрын қолдан өсіріп, азыққа тұтына бастаған деп айтылады. Оны еуропалықтардан алғаш болып Американы ашқан испандар көрген екен, «Кәрі құрлыққа» алғаш болып әкелгендер де солар болыпты. Ал Солтүстік Америкаға картоп Еуропа елдері арқылы жеткен.

Картопты еуропалықтар алғашқы кезде қорқып, жемей жүріпті. Оған екі ғасырдай уақыт тимеген. Кейін пісіріп жеп көріп, оны жаппай өсіре бастаған. Күй талғамайтын дақыл қандай жерге егіп көрсе де өнім беретін болғасын экономикалық жағынан пайдалы екеніне көзі жеткендер оны молынан өсіре бастайды. Мысалы, Пруссияның королі ІІ Фридрих оны шаруаларға зорлап еккіздірген. Ол өз әскерін арзан әрі ұзақ сақталатын картоппен азықтандырып біраз жеңістерге жеткен, жерлер басып алған. Картоп өсіруді белсенді түрде насихаттап, еккізгені үшін оны жұрт «Картоп королі» деп атап кетіпті.

Біздің елге картоп, әрине, орыстар арқылы келген. Тұңғыш рет оны Ресейге ХVII ғасырда  І Петр патша әкелген екен. Дегенмен алғашқы кезде оны ешкім де жемеген. Шаруалар оған «Сайтанның алмасы» деген ат қойыпты. Ешкімнің де оны егуге құлқы болмаған. Сондықтан да ІІ Екатерина патшайым 1765-жылы картопты астық дақыл ретінде егіп, өнім алу жөнінде арнайы Жарлық шығарған. Ол кездері шаруалар орыс байларының басыбайлы құлы болған, сондықтан олар картоп егуге міндеттелген. Бірақ діндар орыстардың көбі «Шайтанның алмасын» өсіруге қарсы болыпты, тіпті кей кездері бұған байланысты халық бас көтеріп, олар тарихқа «Картоп бүлігі» деген атпен енген. Картоп егуден бас тартқан шаруаларды аяусыз соққыға жығып, аса бағынбағандарын аяқ-қолын кісендеп, жер аударған.

Осындай еріксіз мәжбүрлеу арқылы егілген картопты пісіріп жеп көрген жұрт оған біртіндеп бауыр басыпты. Бірте-бірте ол халықтың сүйікті асына айналған. Өсірілуі қиынға түспейтін әрі өнімді мол беретін болғандықтан енді оны егуге мәжбүрлеудің тіпті де қажеті болмай қалған. Оны әсіресе Украина мен Белоруссияның шаруалары молынан егетін болыпты.

Ресей Қазақстанды отарлаған соң елімізге өзінің ішкі аумақтарынан шаруаларды көптеп әкеліп қоныстандырғаны белгілі. Қазаққа картоп сол кезден таныла бастады десек, адаспайтын сияқтымыз.

Өзіндік рекордтары бар

Сөйтіп Оңтүстік Америкадан шыққан картоп екі-үш ғасырдың аясында бүкіл дүние жүзіне таралған. Ол қазір Антарктидадан басқа құрлықтардың бәрінде де өсіріледі. Содан бері картоптың 50 мыңдай сорты пайда болған. Картопты АҚШ астронавтары тіпті ғарыш кемесінде де өсірген. Қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің халықаралық ғарыш станциясында өсіріп көргені туралы да деректер бар.

Бүгінде картоп өсіруден әлемде алдыңғы орында Қытай тұр. Онда жылына 89 миллион тоннаға жуық картоп өсіріледі. 2016 жылы Қытай тіпті 100 миллион тонна өнім алып та рекорд жасаған екен.

Екінші орынды Үндістан иемденіп тұр. Бұл елде картоптан жылына 46 миллион тоннаға жуық өнім алынады. Ал үшінші орын солтүстіктегі көршіміз Ресейге тиесілі, онда жылына 31 миллион тоннадай картоп өндіріледі екен. Бұл көрсеткіш бойынша алғашқы «ондыққа» сонымен қатар Украина (23 миллион тоннадай), АҚШ (20 миллион), Германия (10 миллион), Бангладеш (9 миллион), Франция (7 миллион), Нидерланды (7 миллион шамасы) және Польша (6 миллион 500 мың тоннадай) кіреді.

Ал Қазақстан картоп тұтыну жөнінен әлемде алғашқы «ондықтың» қатарына кіреді екен. Мысалы, БҰҰ осыдан бірер жыл бұрын жасаған қорытындысында осылай деп тұжырымдаған екен. Халықаралық ұйым жариялаған рейтингте картопты адам басына шаққанда тұтыну көрсеткіші бойынша Қазақстан 9-шы орында аталады. Бұл рейтингке сенсек, әрбір қазақстандық жылына 103 кило картоп жейді екен. 10-шы орын алған польшалықтардың әрбірі жылына 102 кило картоп тұтынатыны жөнінде айтылады.

Ал картоп жеу бойынша бізден озып тұрғандардың көрсеткіші мынадай: 1. Белоруссия. Бұл елде әр адамға шаққанда жылына 180 кило картоп желінеді екен. 2. Қырғызстанда адам басына шаққанда жылына әр тұрғын 148 кило картоп тұтынады. 3.Украиндардың әрқайсысына шаққанда жылына желінетін картоп 136 килодан тиесілі. 4/5. Польша мен Ресейде адам басына есептегенде тұтынылатын картоп 130 килодан келеді. 6/7/8. Руандалықтарға, Литва мен Латвия тұрғындарына шағып есептегенде әр адамға жылына тиісінше 125, 116 және 114 килодан келеді екен.

Картоп туралы қызықтар көп. Бұл дақылдың кей «өкілдері» Гиннестің рекордтар кітабынан да ойып тұрып орын алған. Мысалы, Англияның Питер Глейзбрук деген фермері салмағы 4 килоға жуық картоп өсіріп, оны 2010 жылғы бір көрмеге алып шыққан екен. Ол сол жылы Гиннестің рекордтар кітабына енгізіліпті. Яғни картоптың 1 данасы ғана осынша салмақ тартқан. Ал Сауд Арабиясының Халил Семхат деген шаруасы салмағы 11 кило 200 грамдық картоп өсіріп жұртты таңқалдырған. Бір дана картоп құмды жерде осынша алып болып өсіпті.

Ал бір түптен ең көп алынған картоп түйірлері Белоруссияда тіркелген екен. Бобруйск қаласында оның бір түбінен 26 түйір картоп алынған. Олардың салмағы 3 кило 150 грамм тартыпты.

Картоп жеуден де халықаралық жарыстар болып тұрады екен. Осындай жарыстардың бірінде Пэт Бертолетти деген канадалық азамат 10 минутта 6 кило қуырылған картоп жеп, әлемдік рекорд жасаған. Ал Линда Томсен есімді неміс әйел 10 минутта 11 килодай картоп аршып рекорд жасапты.

Картопқа бірқатар елдерде ескерткіш орнатылған. Мысалы, Белоруссияда оның ескерткіші және арнайы мұражайы бар. Бұл елде картопты «бульба» деп атайды, оны көп тұтынады. Сондықтан да оларды орыстар өздерінше «бульбаштар» деп кемсітеді.

Жалпы алғанда, әлемде картоп миллиондаған тонналап өсіріледі, тұтынылады, оған деген құрмет ерекше. Сондықтан да БҰҰ 2008 жылды «Картоп жылы» деп бекітіп, әлемдік деңгейде атап өтті. Бұл дақыл адамдардың тұтыну көрсеткіші жағынан бидай, күріш және жүгеріден кейінгі төртінші орынды алады. Жарияланған кей есептерге қарағанда, Жер шарынан бір жылда алынатын картоп өнімдерін төрт жолақты жолға төсеп шығар болса, оның ұзындығы экватор сызығын 6 мәрте айналып шығардай көлемге жетеді деседі. Жер шарындағы 8 миллиардқа жуық адамның әрқайсысы күніне 1 дана картоп тұтынар болса, мұның өзі де жылына ғаламат үлкен көрсеткіш болып шығар еді.

Пайдасы қандай, зияны қандай?

Ал енді картоптың пайдасы қандай, зияны қандай? Оның ең басты пайдасы, әрине, ол – кімге де болса қолжетімді азық, бағасы аса қымбат емес, өсіру, сақтау, тасымалдау жоспарлы жолға қойылса, оның жетіспеушілігі болмайды. Сонау бір замандарда ол Аляскада мыңдаған адамдарды қауіпті цинга ауруынан құтқарып қалыпты. Сол кезде оның құны алтыннан да қымбаттаған екен. Ал цинга дертіне ем болатыны – оның құрамында С витамині мол. Онда крахмал, көмірсутектер, жасұнық бар.

Картоп ағзадағы құрысуды жоятын, зәр қуатын қасиетке ие екен. Оның құрамында амин қышқылдары мен витаминдер мол, әсіресе адам ағзасы үшін қажетті С, В, РР витаминдері көп. Онда калий, кальций, мыс, фосфор, натрий, темір, магний жеткілікті. Ол ағзаны домбығудан арылтады, асқазан қышқылының зиянды әсерін бейтараптандырады, асқазан қыжылын басады, бауырға, бүйрекке, жүйке жүйесіне оңды әсер етеді, стрестің зиянды әсерін жояды. Әрине, мұның бәрі де картопты қажетті мөлшерден көп тұтынбаса ғана. Ал шамадан көп жей берсе, ол, мысалы, семіздіктен, қант диабетінен зардап шегетіндерге зиян.

Картопты лажы болса қуырып жемеген жөн. Оны суға, буға пісірген дұрыс. Қабығымен пісіріп жеген пайдалырақ. Қабығымен пісірілген картоп ағзаны жаман холестериннен, тамырларды атеросклероз қақтарынан арылтады. Дегенмен картоп қабығына мән бере қарау керек. Себебі кей сыртқы әсерлерден, әсіресе күн астында көп жатып қалса, оның қабығында соланин деген улы зат мөлшері көбейеді, мұндайда ол жасылданып тұрады. Ондай қабықты аршып тастау керек. Сондай-ақ соланин өнген картоптың «көздерінде» де болады, сондықтан ондай картопты азыққа пайдаланарда өнген тұсын тазартып кесіп алып тастаған абзал.

…Көп елге етене таныс картоптың ықшамдап айтқанда осындай қызықты тарихы мен сырлары бар екен. Ол бүгінде дүние жүзінің 130-ға тарта мемлекетінде өсіріледі, әлемде оның дәмін татып көрмеген адам жоқ. Ал картопты тұтынудан біз, қазақстандықтар жер бетінде алғашқы орындардың бірінде тұр екенбіз. Ендеше өсіргенде де, сақтағанда да, тасымалдағанда да аса күй талғамайтын мұндай дақылды басқа жақтан сатып алғаннан гөрі өзімізде жеткілікті көлемде өсірген де дұрыс шығар.

Б. РЫСҚҰЛ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button