Білгенге-маржан

Баспанадан айырылып қалғыңыз келмесе…

Бүгінде баспанасын кепілге қойып банктен қомақты көлемде несие алғандарға қиын болып тұр. Несие қайтарымын өтей алмаса, оларға үйден айырылып қалу қаупі төнеді.

Міне, осындай жайсыздыққа ұрынып қалмас үшін несие алушы нені білгені дұрыс? Осы сұрақты біз адвокат Мәулен Спанқұловқа (суретте) қойған едік.

«Ең бастысы, несие алушы сол несиенің үстеме пайыздары жөнінде және олардың қалай есептелетінін біліп алуы керек, – дейді ол. – Сонда оған банкке қайтарылатын соманың мөлшері белгілі болады. Яғни келісім-шартты егжей-тегжейлі оқып, оның талаптарын түсініп алған жөн, оған содан кейін барып қол қоюға болады.

Ал егер қандай да бір жағдаймен несие өтемін төлей алмай қалғанда бұл жөнінде банкті хабардар етіп, өзара келісімге келген жөн. Ескерткеніне қарамай, несие қайтарымын төлемей жүрген адамға немесе оның туыстарына банктің өзі жиі хабарласып, несиені төлеу керегін еске салады. Бұған құлақ аспаған адамның банктегі шоттарына, мүлкіне, автокөлігіне «тоқтам» салынады. Кейін банк несие қарызын қайтармай жүрген адамды сотқа береді, сот қарызды өндіру туралы

шешім шығарады, іс сот орындаушыға өтеді. Сот орындаушысы борышкердің мүліктерін «арестке» қояды. Арада белгілі бір уақыт өткен соң оның мүлікті аукционға қойып, сатып жіберуге құқы бар. Мұндай аукцион онлайн-режимде жүргізіледі. Одан түскен қаржы борышкердің банк алдындағы берешегін жаппай, қарыз болып қалатын кездері де бар. Сондықтан «аресттегі» мүлікті бағалаған кезде оған борышкердің өзінің қатысқаны, лажы болса, мүлікке бағаны өзі қойғаны дұрыс. Сосын ол банкке арыз жазып, одан өз мүлкін өзі сатуға мүмкіндік беретін құжат алуы керек. Сол кезде аукцион тоқтатылады да, үй иесі оны өзі бағалаған сомада сатуға мүмкіндік алады».

…Заң адамы осылай дейді. Мұны несие аларда банкке кепілге жылжымайтын мүлік қойған әрбір адамның біле жүргені жөн болмақ. Несиені алып, өтемін төлер кезде уақыт созып жүре беруге болмайды. Өйткені банктің бірер ескерткен соң борышкерді сотқа беруге құқы бар. Соттың соңы арнайы шешім шығарылып, мүлікке «тоқтам» қойылуына, кейін оның аукционда сатылуына апарады. Мәселе осыған барып тірелмесі үшін банкке жағдайды дер кезінде айтып, төлем мерзімін создыруға, төленетін сома мөлшерін қайта қаратуға, тағы да басқа келісімдер жасауға болады. Ал қарызын уақытында төлемей, қашып жүре берген адамның ісі ақырында өзінің баспанасынан айырылуға апарып соғады. Банк, сот, сот орындаушылары өздеріне тиесілі заңды қадамдарды жасап, бұл жөнінде тиісті құжаттар түзіліп қойғаннан кейін уақытты кері жүргізе алмайсыз.

Кепілге қойылған мүліктің аукционда сатылуының да өзіндік тәртіп, ережелері бар. Яғни адвокат айтқандай, мүліктің банк алдындағы қарызды өтей алмайтын сомаға сатылып кету қаупі жоқ емес. Заң борышкерге іс соңы аукционға тірелген жағдайда да сатылуы тиіс мүлікті өзі бағалап, өзі сатуына мүмкіндік береді екен. Ал соған да қарамастан қашып жүре беретін болсаңыз, онда соңғы мүмкіндіктен кеш қаласыз. Бәрі де заң жүзінде рәсімделіп, мүлік басқаның меншігінде кете баруы әбден мүмкін.

Мұны біз кейінгі кездері банктен несие алған кей адамдардың кепілге қойған мүлкінен айырылып қалу оқиғалары жиілегенін естігендіктен жазып отырмыз. Қандай жағдайда да жұрттың өз құқығын біліп жүргені жақсы.

Р. ҚАЛТАЙ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button