Білгенге-маржан

Ара асырайтын адам

Бал жемейтін адам жоқ. Дегенмен қазақ арасында омарта ұстап, ара бағатын адам некен-саяқ. Тіпті жоқтың қасы деуге де болады.

Жақында біз шымкенттік Ділдәбек Мірәлиев (суретте) есімді ара бағатын кісімен әңгімелесіп, ара шаруашылығының қызығы мен қиындығы жөнінде сұраған едік. Аралардың арасында да қайнаған тіршілік, адамдардағы сияқты олардың да өз өмір сүру салты барын естіп, таң-тамаша болдық. Сосын ол туралы жазуды жөн көрдік.

Ділдәбек ағай Түлкібас ауданы, Мақталы ауылында туып-өсіпті. Бала кезінен ауылында ара бағатын орыстар өте көп болған екен. Солардың тыныс-тіршілігін сырттай бақылап, қызыққасын өзі де ара бағып көруді ойға алыпты. Ол кісінің мамандығы инженер-механик, бірақ өмір бойы энергетика саласында жұмыс істеген.

Дәрілеп тұрмаса қырылып қалады

«Ара бақпас бұрын екі жылдай ол туралы жазылған кітаптардың бәрін оқып, зерттеп біліп алдым. Кітаптарға қарап ұясын, ара қонатын рамкілерді жасап қойдым. Бірақ тәуекел етіп, ара алып, кәсіп бастап кетуге жүрексініп жүрдім. Қанша дегенмен бұрын-соңды айналысып көрмегесін қорқақтайсың ғой.

Сөйтіп жүрген күндердің бірінде жұмыс бабымен Түлкібастағы құс фабрикасына жұмысқа бардым. Сол жерде тау бөктерінде омарта ұстайтын орыс кісілер бар екен. Сол кісілер мені көмекке шақырып, біраз уақыт көмектестім. Оған өзім қуанбасам ренжігенім жоқ. Себебі олардың тіршілігін жақыннан бақылауға мүмкіндік алдым.

Тірлігім біткесін омарташы орыстар маған араның бір ұясын тегін берді. Екіншісін өзім сатып алып, баға бастадым. Сөйтіп келер жылы жұмыс бабымен тағы да сол жерге барып, су қоймасында жұмыс істедім. Ол кезде өзіме сабақ берген орыс ағайым бар еді. Сол кісі ара бағып жүр екен. Оған да көмегім керек болып, ақысына үш ұя ара берді.

Менің ара баққаным ол кісіге қызық көрініп, қазақтар мұндай іспен айналыспайды ғой, сен қайдан білесің деп таңдана сұрағаны бар. Ағайымның 75 ұясы бар екен. Сол жылы қарай тұр деп маған тастап кетті. Мен ол кісінің аралары мен өз араларымды қосып бағып жүріп, ұямды 22-ге көбейтіп, оны бес жылдай бақтым.

Кейін Совет үкіметі тараған кезде мен де бұл кәсібімді тастап кетіп, 2011 жылдары қайтадан бастадым. Себебі бір-екі інішегім қызығып, көмектесуімді өтінді. Оларға көмектесіп жүріп, өзім де қайта бастап, ұя санын елуге жеткізген едім. Алайда былтыр денсаулығым болмай қалып, араларым қырылып қалды. Оларды да уақтылы қарап, дәрілеп тұрмаса өліп қалады. Сол елу ұя арадан бес ұя аман қалған екен. Қазір соларды қайта көбейтіп жатырмын».

Бал араларының да орта ресейлік, карпаттық, украиндық, кавказдық, итальяндық деген сияқты түрлері болады екен. Ділдәбек Мірәлиевтің бағып отырғаны жергілікті жерге үйренген карпаттық ара. Ең жақсысы – жергілікті ара дейді ол кісі.

Аралардың да патшасы мен жұмысшысы бар

«Ара бағу да өз алдына бір қызық жұмыс. Менің оған қызығатыным сондай, ертелі-кеш омартаның алдында отырып, тамашалап отырамын. Алғашқы кезде шағып алады деп қорқақтаушы едік, қазір оған да етіміз үйреніп кетті. Есесіне, қыста ауырмаймыз.

Айта берсек, аралардың тіршілігі қызық енді. Мысалы, аналық араны сол ұяның патшасы десек те болады. Оның бар жұмысы ішіп-жеу, сосын – туу. Барлық аралар соған жағдай жасайды. Өзге араларға қарағанда дене тұрқы үлкендеу, денесі ұзындау болады. Ол әшейін жерде жатып, көбейе бермейді. Ұрықтанатын кезде ұясынан шығып, таза жерге ұшып кетеді. Сосын оның артынан еркек ара ұшып барады. Процесс аяқталғасын еркек ара өліп қалады. Әр ұяда жұмыс істемейтін, бірақ аралардың үш күндік личинкасынан қаласа жұмысшы, қаласа барлаушы, қаласа аналық етіп жасап шығаратын еркек аралар болады. Олар да тек ішіп-жеп жатады. Өздері көп болмайды. Ұядан-ұяға ұшып-қона береді. Еркек ара басқа ұяға да кіре алады. Бірақ аналық араларды өзге ұяларға кіргізбейді.

Барлаушы аралар болады. Аты айтып тұрғандай олардың жұмысы – барлау, біз оны партизандар дейміз. Олар қай жерде азықтанатын жер, гүлдеген ағаш, ұяға таситын азық бар, соны іздейді. Егер тапса ұяластарына жеткізеді. Сосын жұмысшы аралар сол жаққа барып, тапқанын ұяға тасиды. Ұяны тазалап, енді қанаттанған араларға ұшуды үйрететін де жұмысшы аралар болады. Бұлардың бәрі ұрғашы аралар. Тек олар аналығы жетілмей қалғандықтан көбейтуге жарамайды.

Бір ұяда ара санын көбейтетін бір ғана аналық ара болады. Ұяның патшасы сол. Ол қартайып, не ауырып, тууға жарамай қалса, еркек ара оны шағып өлтіріп, личинкалардың ішінен жаңа аналығын өсіріп шығарады. Қысқа қарай балды жеп тауысып қояды деп жатыпішер, масыл, еркек араларды ұядан шығарып жібереді. Күзетші аралар да болады. Олар ұяға бөтен бірде-бір ара кіргізбей күзетеді.

Қызығы сол, аралар да адамдар секілді тұз іздейді. Оларға да тұз керек. Сол үшін біз араға беретін суға аздап тұз араластырып береміз. Ал дария, өзен-көлі бар, сулы жерлерде жайылатын аралар тұз іздемейді. Оларға табиғи су көздеріндегі тұздың өзі жеткілікті.

Олар да енші алады

Егер ұясы үлкен болса бір ұяда 100 мыңнан 500 мыңға дейін, одан кішілеу ұяларда 300 мыңдай ара болады. Енді осы ұялардағы аралар көбейіп кетсе, адамдар секілді еншілерін бөліп алып шығып кетеді. Оны біз «рой» дейміз. Олар өз араларынан патша-анасын, еркегін, барлаушы, жұмысшы, күзетшілерін сайлап, еншісін алып ұядан бөлінеді. Омарташы осы сәтті жіберіп алмай, ұясы мен рамкілерін әзірлеп, келесі ұяға көшіріп отырмаса, олар тау бөктеріндегі жартастар арасына, ағаштардың қуысына барып ұя салып алады. Сондықтан ара бағатын адам мұндайды қалт жібермей қарап отыруы керек. Сосын ұя лас болса да тастап, таза ұяға көшіп кетеді. Себебі ара тазалықты қатты сүйетін жәндік».

Соңғы жылдары ғалымдар аралардың жойылып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Олар егер ара жойылса, жер бетіндегі тіршілік те тоқтайтынын айтады. Кейіпкеріміз де былтыр денсаулығы болмай қалған кезде араларының қырылып қалғанын айтты. Сонда олар неден қырылады? Осыны сұрағанымызда Д. Мірәлиев былай деді:

«Қазіргі кезде бау-бақшаны, егіндіктерді дәрілеген кезде омарташыларға ескертпейтін болған. Аралар өте сезімтал жәндіктер. Мысалы, жоғары вольтті ток тартылған линиялар бар жерге аралар жайылмайды да, ол жердің айналасынан ұшпайды да. Себебі олар зиянды заттың әсерін тез байқайды, ағзалары өте нәзік. Қырылуының бір себебі – химиялық дәрілер. Бау-бақша, егіндікті дәрілеген кезде уланып қалады.

Сосын аралардың да кенесі болады. Варроатоз деп атайды оны. Тура желкесіне отырып алып, қанын сорады. Оның алдын алу үшін уақтылы дәрілеп отыру керек. «Щавелевая кислота», «муравьиная кислота», «депин» деген арнайы дәрілері бар. Алғашқы екеуінің зияны кемірек. Ал «депин» араға да, адамға да зиянды. Сондықтан онымен күзде балдың бәрін жинап болғасын барып дәрілеу керек.

Шетелдерде араға зияны тимейтіндей дәрілерді ойлап тауып жатыр. Кейде дұрыс дәрілемесең аралар уланып қырылып қалуы да мүмкін. Осы химиялық дәріні қолданбас үшін қазіргі кезде термокамера деген шыққан. Соған  барлық араны салып, елу градусқа дейінгі ыстықта ұстап, сетканың ішінде айналдырып отырады. Сонда араның үстіне жабысқан барлық кене қырылып, ара таза шығады. Араға да, адамға да зиянсыз ең тиімді тәсіл осы.

Сосын аралардың қасқыры деп атаймыз, дене тұрқы арадан үлкендеу қызыл ара болады, солар бал арасының екі-үшеуін әкетіп қалып, ұясына жинап тастайды. Сосын кіп-кішкентай, сап-сары ұзынша аралар да бал арасының қас жауы. Құрқылтай да араны қатты жейді. Одан кейінгі жауы – өздеріңіз білетіндей аю. Олар тіпті ұясын бұзып тастап жейді. Енді ол ашық далада, тау бөктері мен орманды алқаптарда болмаса бізде жоқ.

Көктемде жеміс ағаштары, көкөніс, жер-әлемдегі өсімдік  атаулының бәрі гүлдегенде соларды будандастырып, тозаңдандыратын осы аралар. Егер бау-бақшаңыз гүлдегенде жақын жерде омарташы ара бағып отырса, қуана беріңіз, сол жылы егініңіз бітік шығады. Қазір Ресейде, Украинада, өзіміздің елде де қыстан шыққан аралар қырылып қалып жатыр. Неге олай болып жатқанын білмей отырмын.

Араның балы да, уы да ем

Ал енді емдік қасиетіне келер болсақ, балы да, араның шаққан уы да пайда, прополисі көптеген ауруларға ем, адамның иммунитетін көтереді. Арамен емдеуді ғылымда апитерапия деп атайды. Араны шақтырып та емдейді. Тек шақтырған соң инесін алып тастау керек. Егер алмаса ол жер қышып, іріңдеп, жара болып кетеді.

Араның ұясына су қойып қойса, судың емдік қасиеті күшейеді. Сосын арасы бар омартаның үстіне тақтай қойып, жатуға да болады. Сонда араның энергетикалық полясы науқасқа жақсы әсер етеді. Мұны Қатон-қарағай жақта қолданып жатыр. «Трутневый ячейка» деген бар, соның жеті немесе тоғыз күндігін еттартқыштан өткізіп ішсе, иммунитетті өте жақсы көтереді және өкпе ауруларына жақсы ем. Сосын «маточное молочко» дегені бар. Оның да емдік қасиеті өте күшті және ағзаға 99 пайыз сіңеді. Ең бастысы, әрине, араның балы пайдалы. Қатон-қарағайдың, таудың, сосын осы біздің оңтүстік өңірінің балы жоғары сапалы болып саналады. Тау бөктеріне жайылған ара балының бір қасығын жесеңіз басыңызды айналдырып жібереді».

Бал ара баққан бармағын жалайды

Ара шаруашылығы берекелі кәсіп екенін, егер онымен шындап айналысса, жап-жақсы табыс түсіруге болатыны жайлы білдік. Бір ұядан отыз килоға дейін бал жинап алуға болады екен. Оны литрге айналдырсаңыз жиырма литр болады. Енді өзіңіз есептеп көріңіз, базарда таза балдың килосы 2 500–3 000 теңге аралығында сатылады.

Осы жайлы сұрағанымызда ара бағатын ағай: «Әрине, бал ара баққан бармағын жалайды. Егер араны ары-бері тасымалдап жүріп жаяр болса, жылына екі-үш рет бал жинап алуға болады. Бір орында тұрған ара балды көп жинамайды. Біз сол ары-бері тасып жаймағандықтан балды жылына бір-ақ рет жинаймыз. Ара азығын 5-7 километр жерге дейін ұшып іздейтіндіктен үйде отырып бағамыз», – деп жауап берді.

Егер ара бағуға қызығатын адамдар болса, оны сататындар көп екен. Ділдәбек ағай араның бір ұясын 30 000-40 000 теңгеге сатып алуға болатынын айтты. Егер омартасын жеке, араны жекелеп алам десеңіз, омартаны 10 000-15 000 теңгеге, ал пакеттегі араны 16 000 теңгеге сатып алуға болады екен. Бір пакеттің ішінде төрт-бес рамка ара болады дейді.

Араның тыныс-тіршілігі жайлы білгеніміз осы болды. Түсінгенге ара екеш ара өмірінің де адамға ғибрат боларлық тұсы көп екен.

Г. ӘШІРБЕКОВА. 

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button