Білгенге-маржан

Анадан балаға «жұғатын» жаман әдеттер

Өсек айту. Дастархан басында кеше қонақта немесе бүгін жұмыста болған, көршінің үйінде, көшеде, туған күнде, құдайыда көрген-білген жай мен болған оқиғаны жіпке тізіп баяндап, оны өз көзқарасына сай талқылауды кейбіреу әбестік санамайды. Қызды-қыздымен мұндай әңгіме кезінде біреудің кемістігі де «құрыққа іліне» кететіні белгілі. Осылай ата-ана өзгенің кемшілігін, байлығын, киген киімін, сөйлеген сөзін, жүріс-тұрысын бала көзінше талқылай отырып, оған бұлай «өсек айту» түк те әбес емес екенін іспен ұғындырады.

Қарым-қатынас. Дүкенде, кеңседе, қоғамдық көлікте, жұрт көзінше күлімсіреп, мәдениетті болып көрініп, тіп-тік жүріп, үйге жеткенде езуді жиып, еңсені түсіріп, маңдайды жиырып, қабақты түйіп, аһылап-үһілеп, жаңа ғана әдемі көрінген мәдениетті әрі ысырып тастау көп адамда кездесетін әдет. Мұндайды көріп өскен бала да ертең екіжүзді мәдениетке бейімделеді.

Жалған ақталу. Мойынға алған жауапкершілікті, уәдені уақытында орындай алмаған жағдайда «Кешір, түк те уақытым болмады», «Кеше қонақта болып едім», «Мазам қашып, ауырып…» деген сылтауды телефонмен айта салып, оңай құтылу да көпшілікке таныс жай. Мұны көріп өскен бала да өтірік айту мен уәдені орындамау, яғни тұрақсыздық, жауапкершіліктен жалтаруды бойына сіңіреді.

Агрессия. Қатты ашуланғанда қолдағы телефонды лақтырып жіберу, дауыс көтеріп, тіпті боқтап сөйлеу, жолдағы көлденең затты теуіп жіберу ересектерге жат нәрсе емес. Кейін олар бала жап-жас болып неге жұлынады деп таң қалуға тиіс емес, өйткені агрессияны тізгіндеу, ашуды сабырға жеңдіру деген нәрсені ата-анасынан көрген жоқ қой.

Біздерге үйреншікті көрінген бұл жайлар бала санасына әсер етіп, жадында жатталады. Ол мұны еркінен тыс бойына сіңіреді. Жоғарыдағы кейбір жайлардың екіжүзділік пен жасандылыққа ұқсайтынын байқадыңыз ба? Бала бойына осы жаман әдеттер сіңбесін десеңіз, алдымен өзіңізді тәрбиелеңіз. Өйткені жаман әдет жарға жығады, өзіңізді болмаса да, балаңызды өкінішке ұрындыруы мүмкін. Ойланыңыз.

Қазақта «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген сөз бар. Әсіресе жаман әдеттің тез жұғатынын бәріміз білеміз. Бірақ балаға көп әдеттің анадан және әкеден берілетінін байқамай қалып жатамыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз – өмір шындығы.

А. МҰХАММЕД.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button