Білгенге-маржан

Әлемде қанша алтын бар?

Қытайдың Хубэй провинциясында өзгеше жай орын алғаны жөнінде жазылып жатыр. Осында болған бір үйлену тойында қалыңдық күйеу жігіттің сыйға тартқан алтын бұйымдарын көтере алмай қиналып қалыпты.

62 алтын бұйым еңсесін басыпты

Яғни күйеу жігіттің өзінің сүйіктісіне тарту еткен алтын бұйымдарының жалпы салмағы 60 килограмм болған екен. Екі ірі білезік пен 60 алтын бұйымдардың салмағы осынша болып шыққан.

Қытайлықтардың, әсіресе бұл ұлт әйелдерінің шағын денелі болып келетіні белгілі. Осындай нәзік қыз бой-басына тағынған алтын бұйымдардың салмағын көтере алмай, «сынып» кете жаздапты. Оның жүріп-тұруына күйеу жігіт көмектесумен болған.

…Жалпы, алтын бұйымға құмарлығы жөнінен әлемде Үндістан тұрғындары бірінші орын алады екен. Оларда әсіресе әйелдер алтын әшекей бұйымдарды көп тағынады. Сондықтан кей адамның бойынан бірнеше кило салмақ тартатын алтын заттарды көру бұл елде үйреншікті құбылыс деседі.

13 кило әшекей тағып жүреді

Ал бойында үнемі ауыр салмақты алтындар тағынып жүретін бір атақты бай бүгінде Вьетнамда тұратын көрінеді. Тран Нгок Пхук есімді бұл азаматтың тағынып жүретін алтын бұйымдарының салмағы 13 кило тартады екен. Өзін қауіпсіз сезіну үшін бұл адам жанына үнемі 5 оққағар ертіп жүреді деседі.

Пхуктің екі үлкен алтын білезігі, әрқайсысы жарты кило салмақ тартатын төрт жүзігі, бес килолық кулон бекітілген алтын алқасы және киім ішінен тағынатын алтын белдігі бар екен. Олардың жалпы сомасы 150 мың долларды құрайтын көрінеді.

Бұл азамат футболды өте жақсы көреді екен, сондықтан ол өзі тұратын Хошимин қаласында өтетін командалар кездесуінің бірде-бірін құр жібермейді. Есесіне бұл оның оққағарлары үшін жатқан уайым. Олар Пхукті қас қақпай қадағалаумен болады екен, оның жанына адам жуытпауға тырысады. Сондықтан «алтын-адамды» өзгелер біршама қашықтан тамашалауға мәжбүр.

Былтыр 3478 тоннасы өндіріліпті

Алтынның сирек кездесетін металл екені белгілі. Оны өндіруге көп күш-қуат жұмсалады. Сондықтан да жылына әлем бойынша өндірілетін алтынның жалпы сомасы бірнеше жүз мың тоннадан аспайды.

Мысалы, бұл саладағы әлемдік көшбасшы Қытайдың өзі былтырғы жылы 368 тонна алтын өндіріпті. Бұл бағалы металдың 200 тоннасын өндірген Ресей әлем бойынша 2-орынға шыққан. Алғашқы «ондыққа» кірген Өзбекстан ол жылы 101 тонна алтын өндіріп, 9-орынды иеленіпті. Ал Қазақстан 78 тонна бағалы металл өндіріп, 16-орынды иеленген. (Біздің ел барланған алтын қоры бойынша әлемде 10-орында тұр екен). Жалпы, 2020-жылы дүние жүзі бойынша 3478 тонна алтын өндіріліпті.

72 килолық бөлшегі табылған

Табиғатта «тума алтын» деген кездеседі, ол – бүтіндей күйі жер қыртысынан табылатын алтын бөлшегі. Осындай тума алтынның ең ірісі 1869-жылы Австралиядан табылған екен. Ағайынды ағылшын жігіттері 5 сантиметр ғана тереңдіктен салмағы 72 кило тартатын сом алтын қазып алыпты. Оның ұзындығы 63,5 сантиметрді, ені 31 сантиметрді құраған екен.

«Алтын безгегі» деген де болған

Жалпы, алтын туралы қызықты әңгімені көптеп айта беруге болады. Мысалы, кезінде Америка құрлығында жұрттың бәрі жаппай алтын іздеп кеткен «Алтын безгегі» деп аталған кездер болған. Солардың бірі туралы Австрияның классик-жазушысы Стефан Цвейгтің «Адамзаттың жұлдызды сәттері» атты кітабында жазылады.

Кезінде банкте істеп, алаяқтық жасағаны үшін басына жазалану қаупі төнген бір неміс азаматы Америкаға қашып кеткен екен. Ол өзінің пысықтығының арқасында жаңа құрлықтан жер иеленіп, шаруашылықпен айналысып, байып кетіпті.

Міне, осы азамат бір күні өзінің меншігіндегі зауытқа барғанда қол астында істейтін жұмысшылардың бірде-біреуін таппай қалады. Сөйтсе кешегі күні біреулер жер қазып жатып алтын тауып алған екен. Соны естіген жұрттың бәрі жер қазып, алтын іздеуге кірісіп кеткен. Бір-бір қапшық арқалап жер қазған олар алтынға қарық болып қалыпты. Яғни әлгі байдың иелігіндегі жерден мол алтын шыққан екен. Сонымен тегін алтынға ұмтылған жұрт жұмысты жайына қалдырып, үрім-бұтағымен жер қопаруға кірісіп кеткен.

Бұл оқиға АҚШ тарихына «Алтын безгегі» деген атпен енген. Калифорнияның жерін түртіп қалсаң алтын шығады дегенді естіген жұрт ол жаққа әлемнің түкпір-түкпірінен ағылумен болған. Ал алтын шыққан жердің иесі алтын қазғандармен алысып, соттасып жүріп олардан ештеңе өндіре алмапты. Өштескен жұрт оның екі баласын өлтіріп кетіпті, ал әйелі қайғыдан өлген. Ақыры соңында оның өзі де ақылынан алжасып кеткен екен.

…Алтын деген металдың осындай да құдіреті бар. Көнекөз кісілер оның «көшпелі алтын» деген түрі болатынын да айтады. Түнде, кездейсоқ, тылсым көріністе байқалған оны көрген адам бақытты болады деседі…

Т. ТҰРАН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button