Білгенге-маржан

Айрықша қасиеттері бар ағаш

Тал егіп те табыс табуға болады екен. Бұл туралы Ернар Сыпабек есімді азамат әлеуметтік желіде егжей-тегжейлі түсіндіреді. Өзін агрокомпания директорымын деп таныстырған ол павловния ағашы және оның пайдасы  туралы айтады.

Жалпы, «Павловния» атауы әу баста ежелгі Ресей императоры Павел І-нің қызы Аннаның («Анна Павловна») құрметіне қойылыпты. Әлемде мұның «Адам ағашы», «Мұнай мұнарасы» деген екінші атауы да бар екен. Бұл ағаш Қытай, Корея, Лаос, Тайвань, Вьетнам жерлерінде көбірек өседі. Сондай-ақ Париждегі Эйфель мұнарасының маңы, Португалияның кей саябақтары да осы  ағашпен толығыпты. Ал Қы­тай мемлекеті 32 миллион гектар жерге павловния егіп тастаған деседі. Бізде де Сарыағаш, Жетісай өңірлерінде мұны егіп, бірнеше жылдан бері кәсіпке айналдырған жандар бар көрінеді.

«Ютуб» желісінде Ернар мырза аталған ағаштың артықшылықтарын былай деп тізбелейді:

«Мен Қазақстанды әлемдегі ауыл шаруашылығы державасына айналдыратын бір бизнес-идеямен таныстырғым келіп отыр. Бұл туралы мен жақында ғана естіп-білдім және сәл тереңірек зерттей келе  ағаштың керемет өнім екенін түсіндім.

Мен павловния туралы айтқым келіп отыр. Мұның артықшылықтары неде? Біріншіден, бұл өте жылдам өседі. Ол бір жылда 5-6 метрге, 3-4 жылда 15-20 метрге дейін жетеді. Бойы өсіп болған соң жайылады. Павловния әлемдегі ең жылдам өсетін бес ағаштың тізіміне кіреді.

Екіншіден, оның жапырақтары басқа ағаштармен салыстырғанда көмірқышқыл газын 10-20 есе көп жұтады және оттегіні 10-20 есе көп шығарады. Яғни павловния егу арқылы Қазақстанды әлемдегі экологиялық тұрғыдан ең таза мемлекетке айналдыруға болады. Экология тазарған соң халықтың денсау­лығы да сөзсіз жақсарады.

Үшіншіден, аталған ағаш гүлдеген кезде өте керемет жұпар иіс шығарады және өте әдемі гүлдейді. Бұл ағаш сонысымен де ерек­ше­ленеді. Павловния әлемдегі ең әдемі гүлдейтін 20 ағаштың тізіміне кіреді екен.

Павловнияның төртінші ерекшелігі, ол тіп-тік өседі және бұл өз кезегінде аз жерге көп ағаш отырғызуға мүм­кіндік береді. Ағаштың диаметрі 20-30 сантиметрге дейін жуан болады және соған қарамастан ол бас­қа ағаштармен салыстырғанда 30 пайызға дейін жеңіл болады. Оның жеңіл болуы пайдалану тиімділігін арттырады, яғни тасығанда, көлікке артқанда әлдеқайда оңайырақ болады.

Бесінші  ерекшелігі, ол көлік жанармайлары үшін таптырмас биоотын, табиғи жанармай шикізатына айнала алады. Екі килограмм павловния ағашы 1 литр дизель жанармайын  өндіруге жетеді. Бұл деген сөз, егер біз павловния ағашын Қазақстан бойынша егіп тастайтын болсақ, Қазақстанда мұнайдың баламасы пайда болады және бұл табиғи, таза өндіріс болып табылады.

Павловния ағашының жапырақтары да ерекше, өте үлкен болады. Химиялық құрамы 20 пайызға дейін таза ақуыздан тұрады. Сондықтан да оның жапырақтарын малға берсе, мал өте жылдам семіреді.

Сондй-ақ павловния ағашының тамыры да керемет пайдалы. Тамыры терең кеткен кезде топырақ эро­зиясының алдын алады және то­пы­рақты өте қажетті азотпен қанықтырады.

Міне, бұлар – павловния ағашының жеті артықшылығы. Жалпы, павловния зиянкестерге төзімді және жылдам қалпына келеді. Өсіп тұрған жерінен шауып тастаса, орнына жа­ңасы тез өсіп шығады. Қайта отырғызудың қажеті жоқ», – дейді ол.

Сөз арасында Ернар Сыпабек павловнияны қалай бизнес көзіне айналдыруға болатынына тоқталады.

«Ағашта негізінен үш өнім бар. Ол – діңі, жапырағы, гүлі. Оның ағашын жиһаз индустриясында, құрылыс саласында, энергетика саласында, қағаз өндірісінде пайдалануға болады. Кеме, спорттық жабдықтар, ойыншықтар, музыкалық аспаптар жасауда да керемет шикізат көзі болып табылады. Ал жапырағын мал азығы ретінде пайдаланады.

Сондай-ақ кәсіпкерлер мемлекетпен келісім-шарт жасасып, павловнияның экологияны тазартып тұрғаны үшін грант алуға болады. Сол секілді саябақ жасап, оған адамдарды ақылы түрде кіргізу арқылы да табыс табуға мүмкіндік бар.

Бал арасын өсіретіндер гүл іздейді. Павловнияның гүлі омарта шаруашылығы үшін  пайдалы. Оны бір гектар жерге отырғызып, жанына омарташыларды орналастырса, олар бал өндіреді, ал сіз сол үшін өз үлесіңізді алып отырасыз.

Павловния шикізат көзі болғандықтан, жоғарыда айтып өткен салалардағы әрбір компания сіздің клиентіңіз бола алады. Яғни ол квазимемлекеттік компаниялар, жеке секторлар, ірі ЖШС-тері болуы мүм­кін, бір сөзбен айтқанда нарық өте үл­кен.

Қазақстанның жер көлемінің орасан зор екендігін, ағаштың аса қат­ты құнарлы топырақты талап етпейтінін ескерсек, еліміздің осылайша  агродержаваға айналуға мүмкіндігі бар. Тек павловнияны қалай егуді және өсіруді үйреніп алу керек», – дейді Ернар.

Ары қарай ол цифрлар тілімен сөйлеп, бір жылда шамамен қанша табыс табуға болатынын түсіндіреді.

«Мәселен, 1 гектар жерден 400 текше метр павловния ағашын алуға болады. Ал әлемдік нарықта бұл ағаштың 1 текше метрі 200-800 доллар аралығында бағаланады. 200 доллармен есептегеннің өзінде шамамен 80 мың доллар табыс табуға болады. Оны теңгемен есептегенде 34 миллионға жуықтайды екен.

Әрбір қазақ үйіне павловния ағашын отырғызу керек, бос жат­қан жерлерді тиімді пайдалану қажет. Жұдырықтай жұмылып, көктемде тал егуді бастап кетейік», – дейді ол.

…Сондай-ақ, павловния  400 градус ыстықта ғана жанады екен. Жапон халқы өрт бола қалған жағдайда жиһаздарын сақтап қалу үшін оны осы ағаштан жасайтын көрінеді. Соған қарағанда бұл ағаштың кереметі көп секілді.

М. ЫБЫРАЙ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button