Білгенге-маржан

4%-тік автокредит бойынша маңызды 10 сұрақ пен жауап

Қазақстанда жеңілдетілген автокредит бағдарламасы аясында мыңдаған адамнан өтінім қабылданды. Бүгінде кейбір банктер лимиттің орындалғанын мәлімдеп, құжат қабылдауды тоқтатты. Барлығы тағы ақша бөлінгенін күтіп отыр, деп хабарлайды «Zamana.kz» ақпараттық порталы «Sputnik.kz» сайтына сілтеме жасап.

Автосалондар болса, кезекке тұрған адамдарға хабарласып, көліктің жеткізілуіне қарай шот-фактураны беріп жатырмыз дейді. Сақтандыру жағынан халыққа қажетті өзгеріс енгізілген. Жеңілдетілген автокредит бағдарламасына қатысты 10 маңызды сұрақтың жауабы мынадай.

  1. Автокредит бағдарламасына бөлінген 100 миллиард теңге қанша адамға жетеді?

– Егер автокредитке рәсімделген көліктің орташа бағасы 7 миллион теңге болса, онда 100 миллиард теңге 10-14 мың адамға жетеді. Бірақ артынан олардың ай сайынғы төлемдері Қазақстан даму банкінің арнайы есепшотына түсіп тұрады. Ақша жиналғаннан кейін оны қайтадан автокредитке жібереді. Осылайша, үкімет 30 жылдың ішінде 100 миллиард теңгені айналдырып, 70 мыңнан астам адамға жеңілдетілген автокредит беруді көздеп отыр.

  1. Автокредиттің мөлшерлемесі, шынымен де, 4 процент пе?

– Жоқ, жылдық тиімді мөлшерлемесі 7 процентке дейін барады. Себебі көлікті автокредитке рәсімдегенде қосымша шығындар болады. Оған қоса, КАСКО сақтандыру полисін несиенін барлық мерзіміне алу қажет. Оның сомасы 1 миллион теңгеден асып кетеді. Осылайша, жылдық тиімді мөлшермеле жоғары болады. Бірақ 7,5 проценттен аспауы тиіс.

  1. КАСКО-ны бірден төлеу керек пе?

– Бас кезінде КАСКО-ның бірден төлеу міндеті болған. Жақында банктер бөліп төлеуге рұқсат берді. Осылайша, көлікті автокредитке рәсімдейтін адамдар КАСКО-ның ақшасын кредит алған мерзімге бөліп, жылына бір рет төлей алады.

  1. Автокредит бойынша құжаттар қалай тексеріледі?

– Банкке бару үшін алдымен автосалоннан шот-фактураны алу қажет. Ал шот-фактура көлік бар болып тұрғанда немесе зауыттан жөнелтілгенде беріледі. Осы құжатта көліктің бағасы және моделі көрсетіледі. Банк өз кезегінде өтінім берген адамның төлем қабілеттілігін тексереді. Одан кейін құжаттар бағдарлама операторы – «Өнеркәсіпті қолдау қоры» АҚ-сына жіберіледі. Қор мамандары көп уақытты алмайды. Құжаттардың сәйкестігін ғана қарайды. Сосын бірден автосалонға жібереді. Сол жерден көлікті мініп кетуге болады.

  1. Қандай көліктерге сұраныс жоғары?

– Ресми мәліметке сәйкес, автокредитке сатылатын көліктердің ішінде Chevrolet маркасы бірінші орында тұр. Одан кейін «Huyndai», «Jac», «Kia» және «Lada» тұр. Автосалон мамандары да Chevrolet-ке жоғары сұраныс бар екенін растап отыр. Мәселен, кезекке тұрған адамдардың басым бөлігі «Chevrolet Cobalt» пен «Chevrolet Nexia»-ны алғысы келеді. Сосын толық комплектациясы мен автомат болғанын қалайды. Бағасы – 5,9-6,5 миллион теңге. Осы көліктерді бірнеше ай күту керек. Себебі тапсырыс берген адам баршылық. Маусым айынан бастап барлық маркалар зауыттардан көптеп жеткізіледі деген жоспар бар.

  1. Көліктің бағасы 15 миллионнан асып тұрса, автокредит беріле ме?

– Жоқ, автокредитке рәсімделеген көліктің бағасы 15 миллионнан бір теңгеге де асып тұрса, құжаттар қабылданбайды. Себебі бағдарлама талабына сәйкес, кредиттің шекті сомасы – 15 миллион теңге. Соның ішінде 10 миллион теңге кредитке берілсе, 5 миллионды үстінен қосуға болады.

  1. Автосалонда қосымша құрал-жабдықтарды сатып алуға мәжбүрлесе, не істеу керек?

– Көлік алатын адамды қосымша құрал-жабдықтарды сатып алуға мәжбүрлеуге болмайды. Ондай әрекеттер заңмен қудаланады. Ірі көлемде айыппұл салынады және табыс ретінде түскен қаржы тәркіленеді. Автосалонда қосымша құрал-жабдықтарды алуға мәжбүрлесе, +7 (7172) 74-98-32, 74-98-36, 75-06-49 нөмірлеріне, сондай-ақ бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аймақтық департаменттеріне хабарласуға болады.

  1. Бағдарламаға қосымша қаржы бөліне ме?

– Бұған дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев автокредит бағдарламасына қосымша ақша бөлу мәселесі қаралып жатқанын айтқан. Бірақ вице-министр алдымен нақты сұраныстың көлемін анықтау қажеттігін жеткізді. Сосын 100 миллиард теңгенің револьверлік тәртіппен айнала беретін ескеру керек дейді. Осы ақша барлығына жетсе, қосымша қаржы бөлінбеуі де мүмкін.

  1. Жаңа бағдарлама бұрынғы автокредиттің жалғасы ма?

– Өнеркәсіпті дамыту қорының мамандары оны «жаңа бағдарлама» деп жүр. Себебі шарттары жағынан бұрынғы бағдарламаға ұқсаса да, кезегі бөлек жүргізіледі. Сосын талап бойынша жаңа бағдарламада алғашқы жарна жоқ. Ал ескі автокредитте, кем дегенде, 20 процентін салу қажет. Кредиттің сомасы да екітүрлі. Бірақ бұрынғы бағдарлама бойынша банк кезегінде тұрған адам жаңа бағдарламаға да қатыса алады.

  1. Автокредитке рәсімделген көліктің ай сайынғы төлемі қанша болады?

– Мәселен, 10 миллион теңге тұратын көлік үшін ай сайын 136 688 теңге, ал 7 жылда банкке 1 481 797 теңгені артығымен төлеуге тура келеді. Осылайша, кредитке алынған 10 миллионды 11 481 797 теңге көлемінде қайтару қажет. Оған қоса, КАСКО және басқа шығындар бар.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button