Басқа БАҚ-тар не дейді?

Сәлім байбатша

Кешегі аптада Өзбекстан кезекті үлкен саяси науқанды – Президент сайлауын өткізіп алды. Осы орайда жұрттың бұл елге назары ауып тұрғаны рас.

Зәулім үйін жұрт «Ақ үй» деп атайды

Бүгінде Өзбекстан туралы әрқайсысының өзіндік салмағы, тартымы бар түрлі әңгімелер айтылып та, жазылып та жатыр. Соның бірі – сонау кеңестік кезеңдерде-ақ «Сәлім байбатша» деген аты шыққан Сәлімбай Абдувалиев туралы түсірілген бейнежазба қазір «Ютуб» арнасында көп қаралып жатыр. Таяуда журналист Н.Жылқышыбай Ташкентке арнайы барып, бүгінде жасы 70-тен асып отырған бұл адам туралы бейнебаян түсіріпті. «Жылқышыбаймен уақыт көрсетеді» айдарымен жарияланған осы сұхбатты көре отырып, онда айтылатын жайлар жөнінде оқырманға қысқаша әңгімелеп беруді ұйғардық.

…С.Абдувалиевтың үйіне сол күні Әзірбайжаннан, Грузиядан, Армениядан, Уругвайдан қонақтар келіп отыр екен. Үй иесі қазақ журналисін де құрметтеп күтіп алып, сол адамдардың ортасына отырғызыпты.

Ал Сәлім байдың үйі ғажайып салтанатымен еріксіз назар аударады. Шеті көрінбейтін кең аулада тұрған аумағы ерекше үлкен үй бейне бір ортағасырлық шығыс сәулет өнерінің туындысы іспеттес. Сырты аппақ мәрмәрмен апталған, көз тартар ерекше оюлармен өрнектелген. «Патша сарайындай» дейтіндей үйдің сыртқы көрінісі әйгілі «Тәж-Махалдың» түсіне ұқсап, аппақ болып көз тартады.

Бұл үйдің ішкі бөлмелерінің әсемдігі өз алдына бір бөлек әңгіме. Осы бөлмелердің бірі тіпті жануарлар дүниесіне арналған мұражай-мүйіске ұқсап тұр. Онда табиғатта кездесетін көптеген жануарлардың, аң-құстардың тұлыптары, мұқият тазартылып, арнайы тәсілмен қатырылып қойылған. Шебер жасалғаны сонша, бір қараған адамға олар тірі сияқты болып та көрінеді. Әрқайсысы өзінің тіршілік ететін ортасы

нда жүргендей етіп орнатылған. Солардың қатарында арқар, қар барысы бар, араб шейхтары жылда келіп, аулап кететін дуадақ та осында тұр.

Бұл көріністерді Жылқышыбай бейнетаспаға алдырып, үй қожайынына тиісті сұрақтарын қойып та жатыр. Сәлім байбатшаның айтуынша, бұлардың біразы оған достарының, сыйластарының тарту еткен дүниелері көрінеді.

Сәлім бай кітапты да сірестіріп жинап тастапты. Бір бөлмедегі жиһаз сөрелерінде мұқабасы жарқыраған небір классикалық туындылар тізіліп тұр. «Мұның бәрін оқып шығуға бір адамның ғұмыры кететін шығар», – дейді өзгеше әсерге бөленген журналист.

Бұдан кейін ол: «Мына бөлме бүгін ашылған екен», – деп тағы да бір бөлмені көрсетеді. Бұл бөлме де бейне бір мұражай іспеттес, ішінде қолөнер туындылары, арнайы сөре, үстелдерде қылыш, садақ, жебе сияқты көркем жасалған қару-жарақтар тұр.

Сәлім байбатша Ташкенттегі патша сарайындай осы үйде тұрады. Әлемнің әр аумағынан күн құрғатпай келіп жататын қонақтары байдың жұрт «Ақ үй» деп атап кеткен осы кең сарайында болып, естен кетпес әсерге бөленеді екен.

Әңгіме арасында Сәлім бай өзінің мұндай үй салдыру себебін өзге елдерді аралап, көргеннен кейін туған ойлардың жемісі деп түсіндірді. «Италиядан, Англиядан, Франциядан, басқа да елдерден бай үйлерді көргенде біз кімнен кембіз деп ұялатынмын. Олар да артық-кемі жоқ, өзіміз сияқты адамдар. Азиаттардың да осындай салтанатты ғимараттар салдыру қолынан келетінін жұртқа көрсеткім келді», – дейді ол. Сәлім бай сол кездері Дания, Норвегия, Швеция сияқты табиғи ресурстары аз елдердің экономикалық ахуалының жоғарылығына қызығып, біздің ел сондай жағдайға қайтсе жетеді деп те толғанған екен.

Жеке саяжай аумағы – 70 гектар

Бұдан кейін Сәлім байдың қонақтары оның саяжайын барып көріпті. «Мына тұрған жер – жеке саяжай. 70 гектар жердегі құрылыс жұмыстары 18 жылдан бері бітпей келеді екен. Жұмсалып жатқан қаражатта қисап жоқ. Қызметкерлер ертерек аман-есен бітіріп тапсырсақ екен деп жүр», – дейді журналист.

Бұл алып саяжай көзге түрлі ағаштар мен гүлдер көмкерген жанға жайлы орман іші сияқты болып көрінеді. Әр тұсында құрылысшылар жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Саяжай қожайыны бұл жерді өзінің 1975-жылы иеленгенін айтады. Ол кезде бұл жерде үй де, қоршау да болмаған екен, мұндағы нысандар кейін бой көтеріпті. Содан бері ондағы құрылыс жұмыстары үздіксіз жалғасып келеді екен. «Мына жерде түріктің хаммамы, орыстың моншасы, бассейн болады екен», – дейді журналист келешекте олар пайда болатын тұстарды аңғартып.

Меншік иесі қонақтарын ертіп сондағы ғимараттардың біріне кіреді. Олар әсем етіп жасалған тепкішектер арқылы жоғарғы қабатқа қарай көтеріледі. Саяжай аумағы сол жерден де бейнежазбаға алынған. Жан-жақтың бәрі жасыл желекке малынған әсем тоғай сияқты, көз жетер жерден таулар көрініп тұр. Ғимарат бұғатынан ежелгі Рим императорларының аты жазылған жазулар көрінеді, бөлме ішіндегі санитарлық жүйеден алтын жалатылған қол жуғыш пен унитаз көзге шалынады. Осындай жабдықтардың бірқатары қызыл түсті фарфордан да жасалыпты. Бөлме төбесі де ақ мәрмәрден кереметтей етіп безендіріліпті.

Осы тұста журналист үй қожайынының АҚШ-тан келген қонағы – Аркадий Аронов деген азаматты сөзге тартады. «Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әр келген сайын таңқалам. Осындағы ғимараттардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар, олар бірін-бірі еш қайталамайды», – дейді ол. Бүгінде жасы 60-ты алқымдаған бұл азаматтың түбі бұқаралық екен, ол өзінің Сәлім байдың көз алдында, оның қамқорлығын көріп өскенін айтады. Ол кісіні «үлкен ағамыз» деп атайды.

Саяжайдағы асхананың да аумағы қомақты екен. Онда бірнеше адам жұмыс істейтін сияқты. Осындағы шеф-повар журналистің қойған сауалдарына орай Сәлім-әканың тауық, қой еттерін сүйіп жейтінін айтады. Байбатша жылқының қазы-қарта, жал-жаясын да жақсы көретін сияқты, аспаз журналистің сұрауына орай оларды да көрсетіп жатыр.

Өміріне қауіп төнген кездер де болыпты

Сәті түсіп тұрғанда Сәлім байбатшадан жұрттың оны неге бұлай деп атайтынын сұраған артықтық етпейді. Біреулер ол кісінің ұлты қырғыз дейді, енді біреулер оны қазақ деп те жүр, орайы кеп тұрғасын оны да біліп алудың әбестігі жоқ. Журналистің осыған байланысты қойған сұрағына орай Сәлім бай былай дейді: «Жан-дүнием бай, адамдарға көмектесемін, демеушілік жасаймын. Адал еңбек еткенмін, кезінде зауытта, колхозда жұмыс істегенмін».

Яғни ол кісі жетім-жесірлерге қарасып, мешіттерге көмектесіп, көптеген іс-шараларға демеушілік жасап тұратын көрінеді. Ол көптеген азаматтардың оқуға түсіп, жұмысқа тұруына көмектесіпті. Айтуынша, осыдан бірдеңе шығады-ау, қолынан іс келеді-ау деген жасты көрсе, оның өмірден орнын табуына жәрдемдесіп, демеп жібереді екен. Біреулерге көлік әперген кездері де болыпты. Сол жасаған жақсылықтарының қарымтасы жақсылықпен қайтып отыратынға ұқсайды. «Кезінде мен оларға жәрдемдестім, қазір олар маған көмектесіп жатыр», – дейді Сәлім бай.

Журналистің: «Шотыңызда қанша миллиард қаржы бар?» – деген сұрағына ол кісі: «Егер тапсаң, соның 10 пайызы маған, басқасын сен ала ғой», – деп әзілдей, жұмбақтау түрде жауап берді. Байлық туралы ұстанымын: «Жақсы бай алдымен халықты тойындырады, өзі содан кейін барып ішіп-жейді», – деген сөзбен білдірді. «Басшылар, депутаттар алдымен елге қызмет етуі керек», – дейді ол.

Сәлім байбатша Өзбекстанның Ферғана өңірінде, Маргилан жақта туып-өсіпті. Ол өзін таза өзбекпін деп айтты. 20 жасында Хатомтай (Атымтай) деген аты шыққанына қарағанда, ол жас кезінен-ақ мәрттігімен танылған болса керек. Айтуынша, ол кісінің ата-бабалары бай, ақсүйек адамдар болған екен. Олар патшалық кезеңде де, большевиктер билігі тұсында да билік басындағылардан қуғын көргенге ұқсайды. Екі атасы құрбашы болыпты. Ал әкесі төрт ағайынды болған екен, төртеуі де Ұлы Отан соғысына қатысыпты, содан екеуі аман оралыпты. Әкесі кезінде колхоз төрағасы болып қызмет істепті, ол кісінің қазақ арасында достары, сыйластары да аз болмаған сияқты.

Сәлім байбатша 12-13 жасынан бері Қазақстанның барлық дерлік аумақтарын аралап көрген екен, соның ішінде ол Оңтүстіктің күнгейі мен теріскейіндегі көп жерлерде болғанын айтады. Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі әр ел өз басымен әуре болып жатқан кездерде біраз адамдар ол кісіге бірігіп бизнес жасайық деген ұсыныспен шыққанға ұқсайды. Бірақ Өзбекстанның тұңғыш Президенті И.Каримов ол кезде бизнесті онша ұната қоймапты, сондықтан ол жақтың жұрты бұл салаға сәл кейінірек бой ұрған көрінеді.

Сұхбат кезіндегі сөздерден ұққанымыз – Сәлім байбатша біраз адамды Қазақстанға жіберіп, оларға қолдау көрсетіп, істерін қадағалап отырған сияқты. Алғашында 50 миллион, екінші мәрте 250 миллион доллар қаржы берілгенін айтады. Қазақстанда әйгілі «Трактабель» компаниясы құрылған, бизнеске Шодиев, Ибрагимов, Машкевичтер араласқан жылдары оның адамдарымен бірлескен жұмыстар жүргізіліпті. Осы кездері Сәлім байбатшаның өзі де Қазақстанның, Ресейдегі Орал бойының Челябинскіге дейінгі кенішті өңірлерін аралап көріпті.

Ол кісі алюминий бизнесіне байланысты сол кездегі Ресей магнаттары – ағайынды Черныйлардың, бішкектік Руслан деген азаматтың есімдерін құрметпен атады. Әңгіме кезінде Тимур Құлыбаев, Болат Өтемұратов, Дәулет Тұрлыханов, Кеңес Рақышев сияқты қазақ азаматтарының есімдері де аталды.

Журналист сөз арасында Сәлім байбатшадан Өзбекстанның бұрынғы Президенті Ислам Каримов жөнінде де сұрады. Ол И.Каримовты мінезі ауыр, бірақ өте сауатты, ақылды адам еді деп сипаттады, оның тәуелсіз Өзбекстанды аяғынан тұрғызуда көп еңбек сіңіргенін айтты. «Ол көптеген жақсы кадрларды тапты, оларға сенім білдірді. Мен ол кісі туралы тек жақсы сөздер ғана айта аламын», – деді. И.Каримовтың кезінде Сәлім бай мемлекеттік қызметте істеп, спорт саласын қадағалапты. Ол қазіргі иелігіндегі саяжай жерін де Каримовтың кезінде алғанын айта кетті.

Өзіне қойылған сұраққа орай Сәлім бай қазіргі Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев туралы да жақсы лебіздер білдірді, онымен кейінгі 30 жылдан бері қарым-қатынаста екенін айтты, Әзірбайжан-Түркия ынтымақтастығына қатысты ойларын да жеткізді. Бір айта кетерлігі, ол кісі «Тұран одағын» құру деген идеяны онша қолдай қоймайтын сияқты. Бауырлас елдер олай бірікпей-ақ ынтымақтастығын дамыта берсе болады, біреулердің тізесі батып бара жатса біз бір-бірімізге бәрібір де қолдау білдіре аламыз дегендей пікір білдірді.

Жұртшылық арасында аты шыққан Сәлім байбатшаның кезінде жаулары да аз болмаған сияқты. Ол кісіні милицияның ұстап, қамаған кездері де болыпты. «Мені түрмеге отырғызғылары келді, бірақ оларынан ештеңе шықпады. Бес мемлекеттік түрмеде отырдым, бірақ 60-70 сағаттан артық отырған емеспін. Себебі маған айып таға алмайды, менің қорқатын ештеңем жоқ,  мен өзіме-өзім адвокатпын», – деді өзіне қойылған сұраққа орай Сәлім бай.

Кезінде Сәлім байбатшаны өлтіргісі келгендер де болыпты. Осыған орай ол өзінің өлімнен емес, абыройсыздықтан ғана қорқатынын айтады. Сондай-ақ қойылған сұраққа байланысты ол өзінің адам бойындағы ақыл-парасатты бәрінен биік санайтынын білдірді.

Н. ӘБДІ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button