Басқа БАҚ-тар не дейді?

Отардағы сарбаз өлімі: «Өлген сарбазды Айжамал деп мазақ қылатын»

Өткен айдың соңында Отардағы әскери бөлімде адам қолынан қаза тапқан сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне күдікті ретінде атыраулық Айболат Аманжолов қамауға алынды. Алайда туыстары жігіттің кінәлі екеніне сенбейді. Олар көптеген күмәнді сұрақтарына жауап таба алмай отыр.

22 cәуірде Алматы облысы Отар ауылында орналасқан Гвардейск гарнизоны әскери госпиталіне 18 жастағы маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай түседі. Жас жігіт ауруханада есін жимай қайтыс болды. Ол әскерге бірнеше күн бұрын ғана шақырылған.

Қорғаныс министрлігі алдымен сарбаздың ботқаға түйіліп, қайтыс болғанын хабарлап, тіпті мүрдеде ешқандай зорлық-зомбылық іздері жоқ екенін айтты. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев істі хан-жақты тергеуге тапсырма бергеннен кейін ғана Бас Әскери прокуратура атыраулық сарбазды қамауға алды. Алайда оның қамауға алынуы көпшіліктің күмәнін туғызды.

Қамауға алынған сарбаз — отбасындағы жеті баланың тұңғышы Айболат Аманжолов. Ол да қаза тапқан Әлібекпен әскерге бір уақытта шақырылған. Айболаттың анасы Айнұр Төлемісованың айтуынша, екеуі дос болып, жақын араласқан.

«Балам әскерге баруды армандады. 13 сәуірде әскерге кетті. Алғашқы күндері біздерге қоңырау шалып, бәрі жақсы екенін айтып, тамақтары ұнағанын айтып жүрді. Қызым 22 сәуір күні түнде Отарда бір сарбаздың қайтыс болғанын айтты. Мән бермедім. Бірақ келесі күні ұлымның әскери бөлімі екенін біліп, бірден облыстық қорғаныс департаментіне тағы бір анамен бардым. Екеумізді кіргізбеді, кейін өзіміз кіріп алдық. Әскери бөлім бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары Серік Нұралинге адамға хабарласып, балаларымыздың жағдайы жақсы екенін білдік», — дейді Айнұр Төлемісова.

Үйге келгеннен кейін Айболат анасына қоңырау шалып: «Анашым, бір бала өліп қалды. Менен көріп жатыр. Тез келіңдерші! Адвокат керек!» – деп жылап қоңырау шалған.

Облыстық қорғаныс департаментінің басшылығы ештеңе білмейтіндей кейіп танытыпты. Жеті баланың анасына ешқандай ақпарат бермей, шығарып салған. 23 сәуірде сарбаздың ата-анасы Алматыға ұшады. Әскери бөлімнің тәрбие жөніндегі орынбасары Серік Нұралин пәтермен қамтамасыз ететінін айтқан, алайда Отарға жеткен кезде ешқандай да пәтер де, ас та болмаған. Әскери бөлімге жеткен ата-ананы екі сағат кіргізбей тұрған.

«Күн суық болды. Отбасымызбен тоңып күтіп тұрдық. Баламызды бірнеше әскери форма киген адам әкеліп, кездестірді. Оның айтуынша, екі — атыраулық, екі — ақтаулық өзара дос болған. Ғимараттан шыққан кезде балам қолын оның иығына салып келе жатқан. Екеуі бір-бірінен ант қабылдауға кім келетінін сұраған. Бар болғаны осы. Петропавлдық Николай Курочкин деген сарбаз ұлыммен қайтыс болған Әлібектің төбелескенін айтып отыр. Бірақ басқа 40-тан астам сарбаз ешқандай да төбелес болмағанын айтқан. Тіпті сержанттары да төбелес болмады деп отыр», — дейді Айнұр.

Айнұрдың айтуынша, Президент тапсырма бергеннен кейін, әскери тергеу басқармасы сегіз сарбазды бір түн бойына тамақ бермей ұстап, тіпті Айболаттың ата-анасын балағаттаған. Әскери тергеуші Мақсат Әбенов басқа сарбаздарға егерде Әлібекті Айболат соққанын айтсаңдар, бір жыл бойына өз қамқорлықтарына алатындарын, форма кимей, демалып жүруге жағдай жасайтындарын айтып, уәде берген. Алайда сарбаздар келіспеген.

«Әлібек сапта тұрған кезде құлаған. Балам жылап, оның қолынан ұстап отырса, қалғандары алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Кейін олар құлаған сарбазды медициналық бөлімге апарған. Тергеуге ең соңғы петропавлдық Николай Курочкин кіріп, содан шықпаған. Ол ұлымның Әлібекті ұрғанын айтып отыр. Оны қалай көндіргенін білмейміз. Айболат өзі кішкентай денелі бала ғой, адам ұра алмайды. Соққысы да жоқ», — дейді анасы.

Анасы әскери бөлімнің алдында тұрған кезде, бір сарбаз келіп, Әлібекті күн сайын Әлішер Жаурабаев деген сержант «Айжамал» деп мазақ қылғанын айтқан. Ол қайтыс болатын түні сержант сарбазды бөлек алып кеткен.

Айболат Аманжолов қазір қамауда отыр. Ата-анасы адвокат жалдап, істің әділ шешілуін сұрады. Күмәнді сұрақтардан кейін ұлдарының жазықсыз екендеріне сеніп Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады.

«Президент мырза! Ұлымызды қамауға алып, мойнына адам өлімін іліп отыр. Ол адам түгілі, жануарды да өлтіре алмайтын бала. Әскери тергеу басқармасы нағыз кінәлілерді жасырып, қылмысты ұлымның мойнына іліп отыр. Істі өз бақылауыңызға алып, жазықсыз қамалып отырған баламызды босатуыңызды сұраймын», — дейді Айнұр Төлемісова.

Бас әскери прокуратура бұл іске байланысты тергеу басталғанын ғана хабарлады. Әлеуметтік желі қолданушылары да тергеудің әділ өтетініне сенбей, Айболат Аманжоловты босатуды талап етіп жатыр.

«Еxk.kz».

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button