Басқа БАҚ-тар не дейді?

Мәңгүрт әйел тамам елді «Путинге айтамын» деп қорқытты

Елордада орыс сыныбын ашуды талап еткен мәңгүрт әйел жиналған тәмам жұртты, бастысы өз қазақтарын көрші елдің президенті Путинмен қорқытқысы келді.

Оқиға 29 сәуір күні Астана қаласындағы №93 орта мектепте орын алған. Қазақ тілді болып ашылғалы жатқан осы мектеп ғимаратына баса-көктеп келген өктемшіл бір топ ата оқу ордасын аралас білім мекеніне айналдыруды, орыс сыныптарын ашуды тепсініп тұрып талап етті. Сосын мектеп басшылығы осыған байланысты арнайы жиын өткізуге мәжбүр болды.

Жиынға Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, Аманжол Әлтай, Мақпал Мыса және Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі Серік Ерғали, ғалым, химия ғылымдарының PhD докторанты, Астана қаласында №90 мектеп-гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлы қатысты.

Басқосу барысында екі жақ біраз біраз уақыт қайшыласқанымен, ақырында бір байлам жасалды. Алайда, бәрінің соңында бір әйел жиынды толық видоеға түсіріп алғанын, оны енді Ресей президенті Владимир Путинге жіберетінін айтып, тамам жұртты қорқытқысы келген.

Танымал ұстаз, ұлтжанды азамат Аятжан Ахметжанұлы мұның жайын өзінің «Facebook» парақшасында былай деп баяндады:

«Бүгін бір мектепті қазақ етіп сақтап қалу үшін жиналыс болды. Мәжіліс депутаттары қатысты. Бұндайға ысылдық қой, заңдық тұрғыда біраз ата-аналарды орнына қойдық. Тіл жанашырлары біраз лекция оқыды. Қырғын дау болды. Әлім келгенше бала құқығы бұзылмайтынын заң бойынша түсіндіріп, басқа мектепке баратындарын айттым. Бұл мектеп таза қазақ боп қалады деп кесімді сөз айттым. (Бір ресми мен шешетіндей). Ең өкініштісі, орыс сыныбын талап етіп отырған кілең қазақ. Сол қазақтың бірі жиналыстан шыққасын, есік алдында тұрып: «Бүгінгі сөйлеген сөздердің бәрін түсіріп алдым. Толық видео жасадым. Ресейге, тіке Путинге жіберем» деді (қазақ әйел). Депутаттарымыздың көзін бақырайтып қойып, Путинмен қорқытты. «Баратын жеріңе бар» дедім күйіп кетіп… Басқа не дейін…».

«Масқара! Мен оны айтқан кезде мұғалімдер бөлмесінде жұртпен сөйлесіп тұрған едім, кейін есіттім. Сұмдық қой! Құл ғой нағыз, қожайынын Путин санаған! Міне, біздің биліктің 30 жылда бір ұлтты екі тілге – екіге бөлген қастандығы!» – деді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мұны естіген кезде.

Өз кезегінде «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі, белгілі қаламгер Серік Ерғали желіге былай деп жазды:

«Тіл мәселесі майданға айналып барады… Жасыратыны жоқ. Бүгін ғана жаңа ашылғалы отырған 93-мектептің тағдыры көкпарға түсті. Оншақты қазақ келіншегі келіп, өздерінің құқықтарын алға салып, орыс сыныбын ашуды талап етті. Бұл жайтты алдын ала естіген зиялы қауым, бір топ мәжілісмен және қалалық шенділер, тіл жанашырлары бірігіп, іріткіге қарсы тұруға тура келді. Әлгі оншақты келіншек қазақша жақсы түсінеді, жартысы сөйлейді, бірақ балаларын орыс сыныбына беруге барын салды. Ортасында бір жігіт бар. Байқағаным және бір келіншектің айтуынша, күйеуі офицер екен, соған қарағанда, барлығы да қазақ әскерінің қызметшілері секілді.  Кезекпе-кезек сөйлеп арындарын басқандай болдық. Әсіресе, Аятжан Ахметжанұлының сөзі нақты әрі шешімге толы болды: заң бойынша радиусы 2 шақырымға дейінгі маңайдағы кез келген мектеп таңдай берулеріне болады екен. Сотта бұл жағынан жеңе алмайсыңдар деп Аятжан маңдайға ұрғандай етіп айтты. Ал бұлар жаңадан салынған «Браво» тұрғын үй кешенінің жанындағы 1200 орындық мектепті иеленгісі келеді. Үй ішінен үй тіккісі келеді. Төрт келіншектің есімдері – кәдімгі Жәмилә, Самал, Әйгерім, Шолпан! Рулары – уақ, қыпшақ, арғын, біреуі руын білмейді – ресейлікпін дейді. Бұлар – біздің соңғы 30 жылдық тәуелсіздік дәуірінің ұрпағы. Бұларды кінәлауға бола ма?! Меніңше, жоқ. Оларға бір сұрақ қойып, үш аргумент айтуларын сұрадым: Неліктен баласын орысша оқытпақ? Бүгінгі бұл оқиға, Парламентте майшаммен қарауға тұратын мәселе барын аңғартты!»

Осы күні Аятжан Ахметжанұлы әлеуметтік желіде: «Қазақ мектептерінің сапасы орыс мектептерінен әлдеқайда жоғары, орыс мектептеріне сапалы кадр түгілі, кадр табу мүмкін емес деген секілді ресми дәлелді ақпараттарым ұлт араздығын тудырады екен-міс… Міне, біздің қазақтарымыз», – деген пайымын да қалдырды.

«Rast.kz».

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button