Ауырмаңыз!

Ұйқысыздыққа душар ететін дерт

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы компьютерлік ойындарға тәуелділікті ресми түрде ауру деп таныды. Сөйтіп оны 10 жыл бойы дамып келе жатқан аурулар тізіміне қосты.

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурулардың классификациясын жаңартты. Дамып келе жатқан ауру түрлерінің халықаралық классификациясына ICD-11 шартты коды ретінде компьютерлік ойындарға тәуелділік те қосылды. Мамандар бұл ауру салдарынан адамда мінез-құлық бұзылысы орын алады, оқу үлгерімі төмендейді, ашуланшақтық пен агрессия байқалады дейді.

2019 жылы алғаш рет жасөспірімдерді бейне ойындарға тәуелділіктен арылту үшін ауруханаға жатқызып емдеу жағдайы тіркелген болатын. Бұрын мұндай жағдайлар тек ересек тәуелді «ойыншылар» арасында орын алған еді. Енді бұл жағдай жасөспірімдер арасында жаппай белең алып барады.

Мамандар компьютерлік ойындарды шамадан тыс көп ойнау тәуелділік тудырып қана қоймайды, сонымен қатар баланың денсаулығына кері әсер етеді деп дабыл қағады. Көру қабілетінің нашарлауы, омыртқаның қисаюы, ұйқысыздық осы әдеттің кері салдары.

Бейне ойындарға тәуелділікті ауру ретінде тану жұмысы бірнеше жыл бұрын басталған. Бірақ әлі күнге дейін оны диагностикалау мен емдеудің жалпы қабылданған жүйесі жоқ.

Жарас ҚАСЫМ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button