Ауырмаңыз!

Тырнақ кеміру ауру ма, әдет пе?

Таяуда зейнеткерлікке шыққанмен әлі де қызметтен қол үзбеген, арнайы шақырту бойынша жеке емханада жұмыс істеп жүрген педиатр танысымды жолықтырып қалдым. Тырнағын кеміруді әдет еткен 7 жастағы қыздың жағдайына алаңдаулы екенін айтты. «Екі саусағының тырнағын түбінен алып тастауға тура келді. Сонда да осы әдетін қояр емес. Бұл түрімен мүлде тырнақсыз қалады-ау» деді. Осы жаман әдет салдарынан саусағынан айырылған адамдар да бар екені есіме түсті. 

 Саусағын кесіп тастапты

Бірде тырнақ кеміруді әдет еткен бойжеткеннің өкініші жайлы оқыған едім. Рас, оқиға шет елде болған. Бірақ мұндай жағдай кез келген адамның басынан өтуі мүмкін екенін ескеру керек.

Жағдай былай болған – Кортни Уиторн есімді 20 жастағы студент қыз үнемі тырнағын кеміреді екен. Ақырындап саусақтары қарая бастайды. Студент қыз оны ешкімге көрсетпей, 4 жыл бойы жасырып жүрген. Ақыры қарайған жер ұлғайып, шыдатпай ауыра түседі. Дәрігерге тексерілгенде оның акральді-лентигиозді меланома дертіне шалдыққаны анықталған. Хирург қыздың қарайып кеткен саусағын кесіп тастапты. Бипосия оның тері қатерлі ісігіне шалдыққанын растаған. Өзінің диагнозын естігенде Кортни Уиторн тырнақ кеміретін әдеті үшін қатты өкініпті. Бірақ бәрі кеш еді.

Кортни Уиторн тырнақ кеміруді бастау оңай, ал тастау өте қиын екенін айтқан. Бұл әдет қызда оқушы кезінде басталған екен. Мектепте оны қатарластары келемеждеп, үлкендер жиі мазақтайтынын болыпты. Өзін қолайсыз, өзгеден төмен сезініп, бойын өкпе аралас ашу қысқанда ол айқайлап жылап жібермеу үшін тістеніп, тырнағын кеміретін болған. Кейін бұл әдетке айналып кеткен. Мұның соңы саусақтан айырып қана қоймай, денсаулығын бұзып, өміріне де қатер төндіргеніне ол қатты өкінеді.

Бұл жаман әдеттің құрбаны жалғыз емес. Шотландия тұрғыны үшін де тырнақ кеміру қайғылы оқиғамен аяқтала жаздаған. Саусағы ісіп кеткен ол дәрігер көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Ер адам шұғыл ауруханаға жатқызылған, оған паронихия диагнозы қойылған. Ол азаматта тырнақ астына түскен инфекция бүкіл денеге таралып, өлімге соқтыруы мүмкін еді. Сондықтан оған ота жасалып, тырнақ пластинасын алып тастауға тура келіпті.

Оның іріңдеп, тіпті шіри бастағанын саусағын дәрігер суретке түсіріп алыпты. «Бұл адам тырнақ кеміруді жақсы көреді» деп жазып қойып, суретті осындай әдеті бар балаларға көрсетеді екен.

Себебі сан түрлі

Енді тырнақ кеміру әдетінің себептеріне тоқталайық. Психологтар мұның бірнеше себебін бөліп айтады. Бірінші себепке баланың емшек сүтін толығынан тойынып еме алмауы жатады. Екіншіден, ананың әлпешті құшағынан тым ерте ажырап кетуі де бала санасына жағымсыз әсер етеді. Үшіншіден, туу кезіндегі түйткілдер мен жайсыз жүктілікті айтамыз. Төртінші себеп – ата-ана тарапынан жеткілікті мейірім-махаббаттың болмауы. Бесіншіден, отбасында сүттей ұйыған береке-бірліктің, бөпесін аялаған шуақты тірліктің жоқтығы да жаман әдетке үйір қылмақ. Ал алтыншы себеп – бала тырнақ кеміретін жаман әдетті басқа жеткіншектен немесе, тіпті, ересек адамнан көріп, жұқтырып алуы да мүмкін. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейген сөз текке айтылмаған.

Кейбір дерек көздері 10 жасқа дейінгі балалардың 7 пайызы, ересектердің 1,5-2 пайызы тырнағын тістелеуді әдетке айналдырғанын көрсетеді. Неге? Жауабын іздестіргендер қызықты мәліметтерге кез болған. Ашуға бейім, жүйкесі жұқа адамдар тырнағын тістеген сайын ойы бөлініп, ашуы тарқап, жаны тынышталады екен. Бір ауыз сөзбен айтқанда, тырнақ кеміру стрестен арылтатын көрінеді.

Медицина ғылымдарының докторы, ресейлік профессор Юрий Шевченко балалардағы тырнақ кеміруді туа бітті дерт деп санайды. «Әйел жүктілік кезеңінде отбасында ұрыс-керіс көп болған, жиі уайымдаған болса, бұл жайсыздықтар іштегі баланың жүйкесіне әсер етеді. Жүктілік кезеңіндегі қиындықтар, ауыр босану да осыған соқтыруы ықтимал. Ондай сәбилерде себепсіз ішкі толқу орын алады, бала оны тырнағын кемірумен басады. Ойын жинақтау, бір шешімге келу үшін де осы әдетке басатын мінез қалыптасады», – дейді профессор.

Қалай құтылуға болады?

Ата-анасы тым қатал, көп нәрседен шектейтін балаларда да осындай жағымсыз әсер қалыптасады екен. Қысқасы, кез келген психологиялық соққы баланы осындай жаман әдетке жетелеуі мүмкін.

Тырнақ кемірудің денсаулыққа зиян екені рас. Біз оны әдет дегенімізбен, медицинада бұл дерт онихофагия деп аталады. Онихофагия тері инфекциясын тудыруы мүмкін. Жарақаттанған теріде түрлі ауру өршитіні түсінікті. Таза емес қолдан ауыз арқылы ағзаға микроб, инфекция енуі де ықтимал. Бұл әдет тырнақ формасының өзгеруіне де себеп болады.

Ең жаманы, тырнақ кеміру баланың ойлау қабілетін төмендетеді. Зерттеулер адам маңызды қадам жасайтын кезде, бір шешім қабылдайтын кезде ішкі толқынды басу үшін тырнақ кеміре бастайтынын анықтаған. Осы кезде адамның бар ойы, есіл-дерті тырнақ кеміруге ауып кетеді де, тиісті шешім қабылдауға мүмкіндігі болмай қалады. Сөйтіп сәтсіздікке ұрынатын адам күйзеліске түседі.

Тырнақта кератин деп аталатын ақуыз бар. Жиі сілекейлеп, тістелей беруден ол азайып кетеді де, нәтижесінде тырнақ сынғыш, жұмсақ болып қалады. Бұл да тырнақ кемірудің зиянды жағы.

Кейде ересектер тырнақ адамның ішіне түскен соң да өсуін тоқтатпайды деп жатады. Ғалымдар бұл жағдайды да арнайы зерттеп көрген. Нақты дәлел жоқ, жай жел сөз екеніне көз жеткізіпті.

Ал енді баладағы бұл жаман әдетті қалай қойдырамыз? Тырнақ тістеудің жиіркенішті әдет, қауіпті жағдай екенін бала құлағына құя беру керек. Ал қолы аузына бара берген кезде ойыншықпен, кітаппен алдауға болады. Үнемі бақылап, тырнақ тістеуге мүмкіндік бермеген жөн. Бірақ қандай жағдайда да оған жекуге, ұрсуға болмайды. Мұндай жағдайда бала тырнағын оңаша сәтте, тығылып отырып, бұрынғысынан бетер жиі және асығыс кеміретін болады.

Бұл әдет ересектерде де бар. Оны сағыз шайнаумен алмастыруға болады. Ойды бөлу, кітап оқу, тырнақты бояу сияқты амалдармен өзін жеңе білгені жөн.

Толғанай САМАТҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button