Гаймориттен жусанның көмегімен жазылыпты

Мен құлақ, тамақ, мұрын дәрігері (ЛОР немесе оториноларинголог) немесе төменгі жақ-бет сүйектері хирург дәрігері (челюстно-лицевой хирург) емеспін. Десе де гайморит ауруын емдеу жайында азды-көпті тәжірибеммен бөлісіп көрейін.
90 жылдары ауылда жұмыс істеп жүрген кезімде дәрігерлік қабылдауыма бір апа келді. Ол кезде балалар дәрігері боп қана қабылдау жүргізетін кезім, сонда да тыңдап көрмек болып, қабылдадым. Гайморитпен 3-4 жылдан бері ауырады екен, емделу үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. «Осы сырқаттың кесірінен жұмыстан қалдым, ақыры мүгедектік алдым», – деп жылай береді. Бар білген ақыл-кеңесімді айтып, шығарып салдым да, ойға қалдым: әлгі кісі ауруханада бірнеше рет емделген, «прокол» да жасатқан, сол кездегі антибиотиктердің, физиотерапевтік емдердің бәрін алған кісіге қандай көмек бере аламын?
Содан Алматыдан оқу бітірген кездегі ала келген кітаптарымды ақтарып, біраз ізденіп, бір шешімге келдім. Бір аптадан соң апаны қабылдауыма қайта шақырып алдым. Алдымен ол кісіге:
– Мен тағайындаған емді және кеңестерімді толық қабылдайсыз. Келіспесеңіз емді бастамай-ақ қойыңыз немесе басқа дәрігерге қаралыңыз, ерік өзіңізде, – деп шарт қойдым.
Бірден келісті. Содан соң былай дедім: «Алдымен мал аяғы көп баспаған, қара жолдан алыс жердегі қырдан жусан шөбін теріп алып, оны сыпырғыш тәрізді буып, көлеңке әрі желденіп тұратын жерге іліп қоясыз. Одан соң ем басталғанша тістеріңізді емдетесіз, шірігені болса жұлдыртып тастайсыз.
Бір аптадан соң жусанның бір бумасын таза суға шайып алып, қақпағы жабылатын сырлы кәстрөлге ортасынан келтіре су құйып, он бес минут қайнатасыз. Қайнаған уақыты он бес минуттан аспау керек. Одан соң сол кәстрөлді қақпағы жабық күйінде үстел үстіне қойып, үлкен монша орамалын басыңызға қоса жауып, кәстрөлдің қақпағын ашып тұрып, әлгі судың буымен дем аласыз. Ыстық боп, тынысыңыз тарылып, шыдамай бара жатсаңыз жапқан орамалдың шетін ашып, демалуға болады. Ұзақтығы жиырма минуттан кем болмауы тиіс, шыдай алсаңыз отыз минутқа дейін отыруға болады.
Содан соң диванға немесе кереуетке етпетіңізден жатып, басыңызды кереует деңгейінен төмен салбыратып, аузыңызбен дем алып, мұрныңызбен дем шығарасыз. Еденге газет жайып немесе ыдыс қоюыңызға болады. Жылы көрпе жамылып, ыстықтасаңыз да шыдауға тырысыңыз. Осы емді он күн бойына жүргізесіз».
Жусан (полынь горькая) медицинада, кулинарияда және халық медицинасында кеңінен қолданылады. Менің ойымша, оның құрамындағы эфир майы мен гликозидтер гаймор қуысына жиналған, қоюланған іріңді-сілекейлі сұйықты жібітіп, кірпікшелі эпителиді қалпына келтіруі керек. Онымен қоса гаймор қуысынан шығар тесікті тазалап, мұрын қуысының иіс сезу секілді қызметтерін қалпына келтіруі қажет.
Ем басталған соң үш күннен кейін жүзі жадыраңқы апамыз келіп, алғысын жаудырып кетті. Айтуынша, алғашқы күні-ақ мұрнынан қанды-іріңді сұйық аққан, нәтижесінде тынысы ашылып, тыныш ұйықтап шыққан. Кейін ол кісі құлан-таза айығып, жұмысына кірісті.
Осыдан кейін көмек сұраған біраз адамдарға, оның ішінде өз ұлым да бар, осы әдісті қолдандым. (Қазіргі заманда үй жағдайында ингаляция жасайтын ингалятор және «Небулайзер» атты аппараттар да бар).
Марат ШУАҚБАЕВ.