Ауырмаңыз!

Бұзаубас та ем екен

Мен халық емінің шарапатын көрген жанның бірімін. Бұрын біреу айтса сенбес едім, қазір өз басымнан өткен соң жәндіктердің де денсаулықты түзеуде көмегі бар екенін айта жүретін болдым.

Бұл екі жыл бұрын болған оқиға. Қаңтардың ортасында күн ерекше суытып, қара суық қалың киінген адамды да бүрсеңдетіп тұрған кез. Сол күні аяқ астынан шұғыл шаруалар шығып қалып, жұмыста әдеттегіден бір сағат артық отыруыма тура келді.

Содан кештетіп үйге жетсем, суық азынап тұрған подъезде бүрсең қағып, балам бір жемпірмен дірдектеп тұр. Жаурағаны сондай, тісі тісіне тимей сақылдап, қолы мен беті көгеріп кетіпті. Әр сынып бөлмесіне көшіп жүрген сабақ арасында достары қызық көріп, курткасын тығып қойыпты. Қайтарда мұны ұмытып, бәрі үйлеріне асығады. Ал ұлым өз сыныбындағы ілгіштен сырт киімін таппай қалған. Қайда қойдым деп ойланып тұрғанда мұғалімдер де, сыныптастары да қайтып кетеді. Не істерін білмеген бала, амал жоқ, қара суықта үйге жемпірмен қайтады. Қолғабы, үйдің кілті куртканың қалтасында қалған. Әкесі бұл кезде өзге қалада іссапарда. Мен де тап сол күні жұмыста аялдап қалдым. Балам жұқа киіммен бір жарым сағаттай қара суықта қалып қойған.

Сақылдаған суық өкпесінен өткен баламды үйге кіргізе сала ыстық шай беріп, аяқтарын жылы суға салып жылытқан болдым. Мұғаліміне хабарласып, ата-аналарға байланысқа шығу арқылы куртканы досы басқа бір сыныптың шкафына жасырып қойғанын анықтадық. Түн ішінде барып, күзетшіге айтып жүріп курткасын алып келдім.

Осы суық баламды ақыры ауыртып тынды. Көктемге қарай қатты ауырып, өкпесіне су жиналғанын білдік. Айлап ауруханада жатып, уыстап дәрі ішіп, үздіксіз ем алғанмен, сүйекке жеткен суық бәрібір қайталана берді. Бірнеше рет баламның өкпесінен су алды. Бәрібір біраз уақыт өткенде тағы да су жиналып қала беретін. Желкілдеп өсіп келе жатқан балам шүберектей бозарып, әлсіреді де қалды. Уыты күшті дәрілер асқазанын, бауырын бүлдіріп жатты. (Мұндайда ойнаймын деп білместікпен баламды ауру еткен досына іштей ренжитінмін).

Бірде бұзаубастың өкпе ауруларына күшті көмегі бар дегенді естідім. Ғаламтордан ол туралы деректерді оқыдым, тіпті бұзаубастың өзін табу аса қиын болған жоқ. Менің де тәуекелге барудан басқа амалым қалмады. Бұзаубасты қуырып, балмен араластырып сататындар бар екен. Осыны қолдандық.

Екі ай үзбей ішкеннен кейін баламның жағдайы түзелді. Қазір, Аллаға шүкір, өкпесі таза, денсаулығы жақсы. Егер осы жағдай басымызға түспегенде, мен де бұзаубастың ем екенін білмей, тіпті ол туралы айтқандарға сенбес едім. Табиғатта ешнәрсе артық жаратылмаған ғой…

Мәдина ТОҒЫЗБАЕВА.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button